«Artsport» бағдарламасы арқылы 57 млн теңге жымқырған: БҚО-да спорт комитетінің экс-директоры ұсталды

Жарияланды (жаңартылды )
«Artsport» бағдарламасы
«Artsport» бағдарламасы арқылы қаражат жымқыру фактілері анықталды / Фото: kursiv.media

Батыс Қазақстанның Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК директоры қамауға алынды. Бұл жайлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК бұрынғы директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде», – делінген баспасөз хабарламасында.

Дирекция басшысы 2021-2022 жылдары жалпы сомасы 57 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған деп күдіктеледі. Күдікті бұл қаражатты «Artsport» бағдарламасы бойынша жан басына қаржыландыру шарты шеңберінде балаларды оқыту бойынша көрсетілетін қызметтерге бөлген. Бар қаржат өзі қадағалайтын «Ақжайық ФК» ЖШС-не жіберілген. Еgov.kz порталындағы анықтамада бұл компанияның құрылтайшысы ретінде Гүлдария Кауиева көрсетілген.

Агенттіктің хабарлауынша, сот санкциясымен шенеунік қамауға алынған. Қазіргі уақытта қалған адамдардың қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп, жымқырудың қосымша эпизодтары анықталып жатыр.

Спорт саласына қатысты тағы қандай оқиғалар тіркелген?

Жазда Қаржылық мониторингі агенттігінің дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға бөлінген мемлекет қаржысының ұрланғанын хабарлады. Агенттік бюджет қаржысын ұрлаудың алдын алу бойынша жұмыс жүргізген. Нәтижесінде 2023 жылдың 6 айында 269,3 млн теңге залалы бар 21 істі анықтаған.

Ал 2023 жылдың 11 шілдесі күні Астана қаласы әкімдігінің «Спорттың олимпиадалық түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы» КММ-нің лауазымды тұлғалары бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тарады.

Ақша жымқыру 2020-2023 жылдар аралығында шетелде де, республика ішінде де оқу-жаттығулар мен жарыстарға бөлінген іс-сапар шығындарын асыра көрсету арқылы жүзеге асырылған. Іс жүзінде жұмсалған ақшадан айырма түріндегі қаражатты КММ басшылығы алып отырған. Заңсыз әрекеттерден мемлекетке келтірілген шығын көлемі 70 млн теңгені құраған. КММ басшысы оқу-жаттығуды қаржыландыруға оң шешім шығарғаны үшін жаттықтырушыдан 4 млн теңге көлемінде пара алған.

Өткен жылдың мамыр айында Алматы қаласы Медеу ауданының № 2 соты Алматы қаласы Спорт басқармасының бұрынғы басшысы Рүстем Байсейітов пен басқарманың өзге де қызметкерлеріне қатысты үкім шығарды. Олар ақша жымқырды және аса ірі көлемде өзгенің мүлкін иемденді деген айыппен кінәлі деп танылды. Сотталғандардан мемлекет кірісіне 330 млн теңге сомасында материалдық залал өндірілген.

Тергеу мәліметтерінде Спорт басқармасының басшысы қаржы-экономикалық және жоғары жетістіктер спорты бөлімінің басшыларымен алдын ала сөз байласқаны айтылады. Олар солайша лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, қызметтерді қымбатқа сатып алған. Сондай-ақ іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға ақы төлеген.

Сондай-ақ оқыңыз