Ұлттық буржуазия: депутат негізгі экономикалық табыс көздерінің олигархтардың қолында шоғырлануына қарсылық білдіріп сауал жолдады

Жарияланды
ұлттық буржуазия
Депутат ұлттық буржуазия қалыптастыру үшін олигархтарға лобби жасауды тоқтату керек деп санайды / Фото: kursiv.media

Депутат Ерлан Саиров Қазақстанның негізгі экономикалық көрсеткіштері 10 компанияның маңына шоғырландырылғанын айтып, бизнес саласында ұлттық буржуазия қалыптастыруды ұсынды.

«Кәсіпкерлік таңдаулы азаматтардың еншісі болмауы керек. Яғни ұлттық бизнес – жеке дара адамдардың қолында емес, жаппай халықтың игілінде болуға тиіс. Адал әрі әділетті – ұлттық буржуазияны қалыптастыратын уақыт жетті. Бұл мемлекеттік саясатқа айналуы тиіс!»,  – деді депутат.

Оны жүзеге асыру үшін депутат елдің экономикалық белсенділігін арттырып, халықтың бизнеске, кәсіпке деген қызығушылығын күшейтуі керек деп санайды. Ол елдегі бизнес көздері монополияланғанын айтты.

«Бізде әлі күнге дейін бизнесте, жер байлығын игеруде де монополия бар екені анық. Оған еліміздің негізгі экономикалық көрсеткіштері 10 компанияның еншісінде екені дәлел, ал ірі салық төлейтіндердің саны одан да аз», – деді Саиров.

Депутат еліміздегі 300 мыңға жуық жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген 2 миллионнан астам азаматты ірі бизнес кеңістігіне тарту қажет деп санайды. Ол үшін Қазақстан азаматтарының экономикалық белсенділігін арттырып, бизнесті жаңа ашқан тұлғаларға арзандатылған несие, жер игеруге жеңілдік, өндірістік технологияларға қолжетімді жүйе қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен бірге «Ескі Қазақстан» тұсындағы монполиялау саясатының қазіргі зардабын да тілге тиек етті.

«Ескі Қазақстан тұсында, ат төбеліндей топ еліміздің шикізат, қаржы саласына эксплуатация жасап, мемлекеттің жол, темір жолы, коммуникация саласындағы ірі мемлекеттік тендерлерге жөн-жосықсыз ие болып отырған. Қазақстан азаматтары олигархтардың кесірінен «мүмкіндіктер теңсіздігіне» ұшырап отыр. Осы үрдісті тоқтату керек. Мұндай құбылыс еліміздің экономикалық тыныс-тіршілігіне үлес қосып, кәсіпкерліктпен айналысқысы келетін мыңдаған қарапайым азаматтарға өз потенциалын көрсетуге мүмкіндік бермейді. Назарбаевтың тұсында қара нарық пен көлеңкелі схемалар арқылы олигарх болғандардың орнына, халық мүддесін ұмытпайтын «ұлттық бурзуазияны» қалыптастыратын уақыт жетті», – дейді Саиров.

Депутат сөз соңында мынадай ұсыныстар айтты:

  • Өткен жүйеден мұра болып қалған олигархтардың экономикалық мүддесін қорғауды тыю және оларға лобби жасаушы топтарға тоқтау салу;
  • Ірі тендерлердің әділетті, ашық, жаңа буын бизнесмендердің потенциалын арттыруға бағыттау;
  • Халықта жаппай бизнес дағды қалыптастыру үшін мемлекет  саясатын бұру, аудандық, облыстық деңгейде  тегін бизнес дағды үйрету курстарын ашып, бизнес ашатын азаматтарға мемлекеттік арзандатылған кредит, жер беру мәселелерін шешу жолдарын ұсынды.

Еске сала кетсек, осыған дейін Ерлан Саиров ескі Қазақстан «мүшесі» Әлия Назарбаеваны сот алдында жауап беруге шақырған болатын. Конституция алдында барлық азаматтардың тең екенін алға тартқан ол, экс-президент қызының «ӨКМ операторындағы» қаражатты жымқыруға расымен қатысы бар болса, заң алдында жауап беруі міндетті деп санайды. Бұл мәселеге Бас прокуратураның назарын аудару мақсатында сауал да жолдаған.

«Конституциялық принцип бойынша заң алдында Қазақстанның барлық азаматтары тең. Сондықтан да сотта куәгерлер осы азамат, яғни Әлия Назарбаева қаржының барлығын алды деп айтып жатса, онда Әлия Назарбаева келіп, сот алдында, тергеу алдында міндетті түрде жауап беріп, өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуі қажет. Менің ойымша, бұл ешқандай бір артық айтылған сөз емес. Бұл – заң. Осы заңды Қазақстанның барлық азаматтары орындауы қажет деп есептеймін. Ол – малшының баласы болсын, мұғалімнің баласы болсын, әкім-шораның баласы болсын, бұрынғы мемлекет басшысының баласы болсын заң алдында барлығымыз теңбіз! Міне, біз осы принципті ұстануымыз керек»,- дейді Саиров. 

Сондай-ақ оқыңыз