Жаңалықтар

«Ұлттық қор – балаларға»: Ұлттық банк балалардың шотына түскен қаржы қайда инвестициялатынын түсіндірді

Балаларға түскен қаржы қайда инвестицияланады? Фото: shutterstock.com

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 6,9 млн баланың есепшотына 100,5 доллардан жалпы сомасы $695 млн түскені белгілі. Бұл қаржы Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында. Ұлттық банк kursiv.media сауалына берген жауабында бұл қаржының қайда инвестицияланатынын түсіндірді.

Қаражат бағдарламаға қатысушылар 18 жасқа толғаннан кейін ғана төленеді. Ал бұл кезге дейін қаражат «балалардың жеке шотында» емес, жалпы Ұлттық қордың құрылымында инвестицияланады.

Ал төленген сәттен қаражатты «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жұмсауға болады және инвестицияланбайды.

Ұлттық қордың негізгі функциясы жинақтау және тұрақтандыру екені белгілі. Осы функцияға сәйкес, қор тұрақтандыру және жинақ портфельдерінен тұрады.

«Тұрақтандыру портфелінің активтері негізінен дамыған елдердің ақша нарығындағы құралдарға инвестицияланған. Ал жинақ портфелінің активтері теңдестірілген стратегиялық аллокацияға сәйкес инвестицияланады және топтар, нарықтар мен валюталар бойынша әртараптандырылады, дамыған елдердің компанияларының акцияларынан, алтын және балама құралдар портфелінен, корпоративтік облигациялардан тұрады», – делінген жауапта.

Халықаралық тәжірибеде активтерді инвестициялау кезінде әртүрлі индекстер (эталондар) жиі қолданылады. Олар – белгілі бір сын-қатер мен кірістілік талаптарына сай келетін қаржы құралдарының жиынтығы.

Ұлттық қордың жинақ портфелі активтерінің құрылымы:

Актив топтары2023 жылдың аяғындағы нақты бөлінісі
Акциялар33%
Дамыған елдердің облигациялары29%
Дамушы елдердің облигациялары20%
Корпоративтік облигациялар10%
Алтын5%
Балама құралдар3%
Барлығы100%

Дамыған елдердің мемлекеттік облигациялары портфелінің эталондық портфелі –композиттік индекс. Ол дамыған елдердің өтімділігі жоғары мемлекеттік облигацияларының кең индексіне кіретін бағалы қағаздардан тұрады. (АҚШ – 62,5%, еуроаймақ елдері – 12,5%, Ұлыбритания – 10%, Жапония – 5%, Австралия – 5% және Канада – 5%).

Дамушы елдердің мемлекеттік облигациялары портфелінің эталондық портфелі – ВВ (Standard&Poor ‘s)/ Ва2 (Moody’ s) минималды немесе одан жоғары несие рейтингі бар дамушы нарықтар облигацияларының кең индексіне кіретін бағалы қағаздардан тұратын индекс, онда экспортындағы мұнай үлесі 80%-дан асатын елдердің облигациялары алынып тасталады.

Корпоративтік облигациялар портфелінің эталондық портфелі – ВВ (Standard&Poor ‘s)/Ва2 (Moody’ s) және одан жоғары несие рейтингі бар корпоративтік облигациялардың 12 мың шығарылымынан тұратын индекс.

Акциялар портфелінің эталондық портфелі – әлемнің дамыған елдерінің компанияларының акцияларынан тұратын MSCI индексі. Оған 22 дамыған елдің қор биржаларында тіркелген 1,5 мыңға жуық акция кіреді.

Алтын портфелінің активтері Қазақстанда құйма түрінде, елден тыс жерде ашылған құйма мен металл шоттарындағы сыртқы алтын түрінде инвестициялануы мүмкін.

Табыстылығы қандай?

Нысаналы талапты есептеу барысында кейінгі 18 жылдағы орташа жылдық табыстылық ескеріледі. 2024 жылы 18 жыл ішіндегі (2005 жылдан 2022 жылға дейін) кірістілік орта есеппен 2,60% құраған.

2025 жылдың басында бұл қаражатқа Ұлттық қордың 2006 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңдегі орташа жылдық табыстылығын негізге ала отырып есептеген табыс, сондай-ақ бағдарламаның екінші жылғы қаражаты қосылатын болады. Дәл осы есептеу алгоритмі алдағы жылдары да қолданылады.

Ұлттық қордың активтерін басқару туралы ақпарат ҚР Қаржы министрлігінің сайтында бар. Сонымен қатар ҚР Ұлттық Банкінің ресми интернет ресурсындағы ҚР ҰБ-ның жыл сайынғы жылдық есебінде беріледі.

Төленетін қаржы инвестициялық кірістің түсуіне байланысты жыл сайын артып отырады.