Трейдиң-2024: биыл қандай сауда стратегиясын пайдаланған жөн?

Жарияланды (жаңартылды )
Трейдиң: Биыл қандай сауда стратегиясын пайдаланған жөн?/kursiv.media

Сауда барысын басқарып отыру үшін трейдерге белгілі бір ережелер бекіту керек. Сол арқылы ол трейдиңді нәтижелі жүргізе алады. Өзіне ыңғайлы стратегияны ұстана алса, нарық құбылғанына қарай не істеу қажетін трейдер жақсы біліп отырады. Бұл салаға енді қадам басқан кезде қате жіберген сайын оның өтемі қалтаңызға салмақ салады. Әрине, тәжірибелі трейдерлердің өзі қате жібереді. Дегенмен стратегия болғаны жақсырақ. Назарыңызға 2024 жылы өтімді болатын стратегияларды ұсынамыз.

Стратегияның қандай маңызы бар?

Трейдиңде «сауда стратегиясы» деген түсінік бар. Яғни белгілі бір алгоритмдерден тұратын ережелер тізбегі. Оның ішінде тәуекел-менеджменті, нарыққа кіру жолдары, позицияны сақтап қалу әдістері, нарықтағы ахуалды бақылап отыру сынды біршама ньюанс бар. Сол арқылы нарыққа анализ жасап қана қоймай, дұрыс шешімдер қабылдауға мүмкіндік туады. Қор нарығындағы да, криптовалюта нарығындағы да трейдиң стратегиялары ұқсас келеді. Бірақ айырмашылықтары да бар.

  • Криптовалюта нарығы дәстүрлі нарыққа қарағанда құбылып тұрады. Көзді ашып жұмғанша токендер құны тез өзгеріп кетуі мүмкін. Дереу арада қаражатты көбейтіп алу мүмкіндігі жоғарырақ. Дегенмен мұнда тәуекел де көп. 
  • Қор нарығы мемлекеттің бақылауында болатындықтан, заңға бағынады. Ал криптовалютада реттеу әзірге жоқ. Әлдебір бақылау не реттеудің болғаны нарықтың тұрақты болуына жол ашады. Десе де трейдерге бұдан келіп-кетері аз. 
  • Криптовалюта нарығы тәулік бойы ашық. Ал дәстүрлі биржа жұмыс күндері, жұмыс уақытында ғана істейді. Екеуінде де әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты өзгерістер болып тұрады.
  • Қор нарығындағы құнды қағаздар, қаржылық көрсеткіштер туралы ақпаратты интернеттен оңай-ақ тауып алуға болады. Ал криптовалюталар жайлы дерек онша ашық деуге келмейді.

Сауда стратегиясын қалай таңдаған дұрыс?

  • Басты мақсатыңыз қандай? Алдымен осыны анықтап алыңыз. Трейдиң арқылы не нәрсеге қол жеткізгіңіз келеді? Кейбірі аз уақыт ішінде көп ақша табуды көздейді. Енді бірі ұзақ мерзімді перспективада қарастырады. Алдымен осы тұрғыда мақсатыңыз қандай екенін нақтылап алып, сосын барып стратегия таңдайсыз. Айталық, жылдам сауда қылып, бір күнде бірнеше келісім жасап отырғыңыз келсе, онда скальпиң мақсаты үшін қысқа мерзімді сауда стратегияларын пайдаланған жөн.  
  • Қаншалықты тәуекелге бел буа аласыз? Алдымен таңдап отырған стратегияңыздың тәуекелдерін қарап шығыңыз. Мысалы скальпиң өте қатты құбылатын активтермен байланысты болған соң, тәуекелдерді дұрыс басқара алуды талап етеді. Ал ұзақ мерзімді, трендке қарай сауда жасайтын болсаңыз, онда тәуекел ондай жоғары емес.
  • Аналитика жасай аласыз ба? Тәжірибеңіз бар ма? Стратегиялардың біразында техникалық анализ жасай алу қабілеті маңызды. Сондай-ақ графиктерді қолданып, индикаторлар мен паттерндерді түсіне алуыңыз керек.  Енді бір стратегиялар экономикалық және қаржы деректерін зерттеуді талап етеді. Өзіңіз қайсысын жақсырақ білесіз — соны таңдаңыз. «Әлін білмеген — әлек» демекші, онша түсінбейтін болсаңыз, қателікті көп жіберуіңіз мүмкін.
  • Нарықтағы ахуалды бақылап отырасыз ба? Бұл да – аса маңызды. Өйткені мұнда болып жатқан оқиғалар стратегияның нәтижесіне қатты әсер етуі мүмкін. Кей алгортимдер тек белгілі бір нарық түріне арналған болады. Сіз таңдаған стратегияда қалай — соны біліп алыңыз. Қазіргі нарық шарттарын қарап шығып, сосын барып стратегия таңдаған абзал.

Криптовалюта нарығындағы үздік стратегиялар

Алдымен нарықтың ұдайы құбылып тұратынын ескертеміз. Сондықтан 100 пайыз сеніммен айту қиын. Дегенмен назарыңызға криптовалюта нарығындағы саудада ең танымал әрі жемісті болған бес механизмді атап өткіміз келіп отыр. Көңіліңіз қалаған стратегия түрін таңдағанда сынақ жасап көруді ұмытпаңыз. Реал шотты бірден қолданбаңыз. 

  1. Support And Resistance Trading — қолдау және қарсыласуға негізделген сауда. Криптовалюта бағасы белгілі бір деңгейге жеткен кезде қарсылыққа тап болып, басқа деңгейге келгенде қолдауға ие болады деген идеяға негізделеді. Позицияға кіріп-шығатын кезде трейдерлер шешім қабылдау үшін осы деңгейлерді пайдаланады.
  2. Candlestick Patterns Trading — майшам паттерндеріне негізделген сауда. Мұндағы майшам — актив бағасының белгілі бір кезеңде қалай құбылатынын көрсететін кесте. Айталық, нақты бір уақыт кезеңінің ашылған кезі мен жабылғанында бағаның қандай болғанын көрсетеді. Болмаса, құнының шарықтаған және өте қатты түскен кезін бейнелейді. Кестелерді майшамға ұқсайтын болғасын осылай атап кеткен. Криптовалюта нарығында осы майшам анализі өте танымал. Трейдерлер әртүрлі майшам үлгілерін іздеп жүреді. Мәселен «балға», «ағып бара жатқан жұлдыз» және т.б. Олар трендтің ауысатынын не солай қалатынын білдіреді.
  3. Arbitrage — арбитраж. Бұл стратегияда бір криптовалюта әртүрлі биржа мен сауда алаңдарында сатып алынып, сатылып жатады. Бағадағы айырмашылықтан ұтып, еш тәуекелсіз пайдаға кенелуге мүмкіндік береді. 
  4. Pair Trading — жұптық трейдиң. Бір уақытта бір криптовалютаны сатып алып, басқасын сатып жіберетін стратегия. Жұп ретінде тарихи корреляциясы мықты тиындар таңдап алынады. Трейдерлер шартты жұп активтері арасындағы айырма өсіп не қысқарған кезде пайда тауып қалуға тырысады.
  5. Algorithmic Trading — алгоритмдерді қолданатын сауда. Мұнда нарықта автомат операциялар жүргізу үшін компьютерлік бағдарламалар мен алгоритмдер пайдаланылады. Мысалы боттарды қолданады. Ондай бағдарламалардың көмегімен деректерге анализ жасап, сауда мүмкіндіктерін іздеп, алдын-ала бекітіп қойған ережелер бойынша келісімдер жасасуға болады.  

Қор нарығындағы танымал стратегиялар

  1. Trend Following — трендтерге ілесу. Бір бағытта (жоғары не төмен) тұрақты трендті сақтап тұрған акциялар сол бағытта жалғаса береді деген идеяға негізделеді. Бағаның қай бағытта жылжығына қарай трейдерлер трендті ұстануға тырысады.
  2. Overbought / Oversold — артық сатып алу және артық сату. Бағасы айтарылқтай өскен не керісінше қатты түсіп кеткен акциялар алдағы уақытта құны өзгеруі мүмкін деген болжамға сүйеніп жасалатын стратегия. Оны анықтау үшін трейдерлер түрлі техникалық индикаторларды қолданады. Бастысы — салыстырмалы күш индексі (Relative Strength Index, қысқартылғанда — RSI). Акцияның артық сатып алынды деп RSI 80-нен жоғары болса айтады. Ал артық сатылғанында бұл көрсеткіш 30-дан төмен болады. 
  3. Moving Average Crossover — жылжымалы орташа мәндер қиылысы. Стратегия екі жылжымалы әр түрлі кезеңдердің қиылысына негізделген. Жылжымалы орташа мәндер деп графиктегі қисық сызықтарды айтады. Олар таңдалған кезеңдегі орташа мәнді көрсетеді. Мысалы 10 күндік жылжымалы мәнді есептеу үшін 10 күндегі баға сомасын алып, оны онға бөлу керек. Жылжымалы орташа мәндер қиылысы стратегиясының мәні мынада: қысқа мерзімді жылжымалы (айталық, 50 күндік) ұзақ мерзімді жылжымалыны (шамамен, 200 күндік деп алайық) төменнен жоғарыға қиып өткен кезде сатып алып қалатын уақыт келді деген белгі саналады. Бұл тәсілді тренд бағытының қалай өзгеретінін анықтау үшін қолданады. Орташа жылжымалылардың 10, 20, 50, 100 және 200 күндік деген түрлері болады. 
  4. News-based Trading — жаңалықтарға негізделген сауда. Бұл енді бұрыннан келе жатқан тәсілдердің бірі. Акция бағасына әсер етуі үшін жаңалықтар мен оқиаларды пайдаланады. Трейдерлер акцияларды сатып аларда не сатарда компания, индустрия не экономика туралы хабарларды шолып шығады. Болып жатқан оқиғаларға нарықтың беретін жауабына қарай табысты сауда жасауға болады. Мынадай мысал түрінде түсіндірейік: бір компания әлі банкорт болған жоқ, бірақ соның аз-ақ алдында тұр. Басшылық қол астындағы қызметкерлерін қысқартып, активтерін сатып жатыр. Бұл дегеніміз компанияның акциялары құлдырайтынын білдіреді. 
  5. Pair Trading — жұптық трейдиң. Бір-бірімен байланысты екі қаржы құралын бір уақытта сатып алып, сатып жіберу. Мұндағы құрал әдетте акциялар не өзге де активтер болады. Бұл стратегияның мақсаты — осы құралдар арасындағы салыстырмалы күштен немесе әлсіздіктен пайда табу. Танымал мысал ретінде мұнай бағасы және мұнай өндіруші компаниялардың акцияларын айта аламыз.

Трейдер нені білу керек

Әр трейдердің өзі ұстанатын сауда стратегиясы болуы керек. Интуицияға сүйеніп мол табысқа кенелем деп ойлайтындар аз емес. Әсіресе, енді бастаған дилетанттар бір-екі рет жолы бола қалса, әрмен қарай да солай бола береді деп ойлап қалып жатады. Үнемі олай бола бермейді. Дұрысы — нарыққа ену, түсіну. Тәуекелдерді дұрыс бағалауды, лимиттерді есептеуді, нәтижеге жұмыс істеуге үйренген жөн. 

Сондай-ақ оқыңыз