Қазақстанда зергерлік бұйымдар өндірісі төмендегенімен, бағасы қымбаттады

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
зергерлік бұйымдар
Зергерлік бұйымдар қымбаттады. Фото: kursiv.media

Қаңтар айында жылдық мәнде зергерлік бұйымдар мен сағаттар құны 4,3% қымбаттады. Оның ішінде алтын неке жүзігінің бағасы бір жылда 2,9% өссе, қол сағаттың құны 10,1% қосқан. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының хабарламасында жазылған.

Есесіне бағалы зергерлік бұйымдар өндірісі азайған. 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында зергерлік бұйымдарды өндіру көлемі 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8% төмендеген. Осылайша былтырғы 12 айда қазақстандық компаниялар 1,2 млрд теңгенің зергерлік және соған ұқсас бұйымын өндірген. Ал 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда 1,4 млрд теңгеге болатын өнім шығарылған.

Алтын сында бағалы металл бағасы әлемдік нарықта да қымбат. Сарапшылар күзге қарай 1 унция алтын $2200 жетеді деген болжам жасайды.

Басқа салалардың көрсеткіші қандай?

2024 жылғы қаңтарда 3 746,7 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Соның ішінде кен өндіру саласында жалпы құны 1 847,4 млрд теңгеге тең өнім шығарылса, (49,3%), өңдеу саласы өнімінің құны 1 564,4 млрд теңгеге (41,3%) тең.

Өндіріс өсімі:

  • тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда – 0,2%,
  • өңдеу өнеркәсібінде – 6,9%,
  • электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауда – 2,5%,
  • сумен жабдықтау; су бұру; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою қызметінде 4,8% деңгейінде байқалған.

Өткен айда тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазудағы өнеркәсіп өндірісінің индексі 100,2% құраған. Оған металл кендерін және өзге де пайдалы қазбаларды (103,3%) өндіру көлемінің артуы себеп.

Ал өңдеу өнеркәсібінде 2024 жылғы қаңтарда 2023 жылғы қаңтармен салыстырғанда индекс 106,9% құраған. Өсім химия өнеркәсібі – 39,9%, металлургия – 12,2%, машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіруде – 18,1%, машина жасауда 17,7% байқалған.

Өңірлер арасында ең үлкен өсім Шығыс Қазақстан облысында тіркелген: 25,3% (мыс концентраттары, тазартылған алтын шығарылады). Одан кейін Ақтөбе облысы келеді: 18,6% өсімді мыс-мырыш және хром рудалары, хром оксидтері мен хром тұздарын өндірісі қамтамасыз еткен. Ал Ақмола облысында бұл көрсеткіш 11,3 пайызды құраған. Оған алтын кендері, доре қорытпасындағы алтын, комбайн шығару ықпал еткен. Жалпы еліміздің 11 өңірінде өнім өсімі байқалды.

Есесіне Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облысы, Алматы және Шымкент қалаларында өндірістің төмендеуі байқалған.

Соның ішінде Жамбыл облысында өндіріс қатты азайғаны байқалады:- 9,9% Атап айтқанда қант, тыңайтқыш, портландцемент, доре қорытпасындағы алтын өндірісі төмендеген. Ал Алматы облысының көрсеткіші – – 7,7%. Бұл облыста сыра, алкогольсіз сусындар және темекі өндірісі қысқарған. Ал Алматыда шоколад, алкогольсіз сусындар, дайын бетон шығару қысқарып, өндірісі көлемін 5,1% төмендеген.

Сондай-ақ оқыңыз