$370 миллион тартылды: Air Astanа IPO қорытындысын жариялады

Жарияланды
Шығарушы редактор
Air Astanа IPO қорытындысын жариялады. Фото: kursiv.media

Air Astanа әуе компаниясы KASЕ мен AIX биржасындағы негізгі сауда басталған соң, IPO қорытындысын шығарды. Жария орналастыру барысында сұраныс қазақстандық және халықаралық инвесторлардың арқасында ұсыныстан асып түскен.

«Эйр Астана» тобы – акциялары бір мезгілде үш биржада (LSE, KASЕ мен AIХ) орналастырған алғашқы қазақстандық компания.

Жария орналастыру шеңберінде 3 сатушы тарап: «Самұрық-Қазына» АҚ, BAE Systems PLC және компанияның өзі 370 млн доллар қаржы тартқан. Жеке инвесторлардан түскен өтінімдердің 97,8 %-ы қанағаттандырылды. IPO барысында компания құны шамамен 847 миллион долларды құрады.

«Топтың IPO-ға қатысу үшін берілген өтінімдер саны қазақстандық инвесторлар, бөлшек және институционалдық, сондай-ақ халықаралық инвесторлар қауымдастығының қолдауының арқасында ұсыныстан асып түсті», – делінген хабарламада.

Ұсыныстың 58%-ы қазақстандық нарықта, 42%-ы халықаралық нарықта орналастырылған. Қазақстан нарығындағы жалпы сұраныс $483 млн асқан. Жеке инвесторлар жалпы сомасы 216 млн долларға 60 мыңға жуық өтінім беріп, сұраныстың шамамен 53%-ы қанағаттандырылған.

Ал қазақстандық институционалдық инвесторлар (БЖЗҚ-ны қоса алғанда) жалпы сұраныстың шамамен 38%-ын қамтамасыз еткен. Халықаралық инвесторлардың сұранысы орналастырылған акциялардың шамамен 25%-на тең болды.

1 жаһандық депозитарлық қолхаттың бағасы – 9,5 долларды, ал 1 қарапайым акция үшін 1 073,83 теңгені құрады.

Әділ бөлуді қамтамасыз ету үшін жеке инвесторлардың 30 мың АҚШ доллары сомасындағы өтінімдері толық қанағаттандырылған. Ал қалған сұраныс көлемі (30 мың АҚШ долларынан астам) ішінара қанағаттандырылды (қалған акциялар мен ЖДҚ инвесторлар арасында берілген өтінімдегі сұраныс көлеміне барабар бөлінген).

«Жергілікті және халықаралық институционалдық инвесторлар, сондай-ақ бөлшек инвесторлар тарапынан үлкен сұраныс болды. Бұл авиакомпанияның және жалпы Қазақстан экономикасының жоғары инвестициялық тартымдылығын, сондай-ақ «Эйр Астана» даму әлеуетіне жергілікті және халықаралық нарықтардың сенімін білдіреді», – деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов.

IPO-дан кейін «Самұрық-Қазына» АҚ-ның компаниядағы үлесі 51%-дан 41%-ға дейін азайды. Ал BAE Systems PLC-тікі 49%-дан 15,3%-ға дейін төмендеген.

«Эйр Астана» тобы – нарық үлесі бойынша Орталық Азияның Кавказ өңіріндегі ірі авиакомпания тобы. Компания 2001 жылы құрылып, акционерлер 17 миллион инвестиция салған, оның ішінде мемлекет те бар. Сол уақыттан бері «Эйр Астана» акционерлерге $156 млн дивиденд және салық түрінде $711 млн төлеген.

Air Astana компаниясының қаңтар-қыркүйек айларындағы жалпы түсімі мен өзге де кірісі $900,6 млн құраған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 20,5%-ға артық. Былтыр 9 айдағы кіріс $747,2 млн болған.  

Сондай-ақ оқыңыз