4 жылда 500 мыңнан астам әйел жынысы бойынша кемсітуге қарсы арыз жазған: Еңбекмин есеп берді

Жарияланды
4 жылда 500 мыңнан астам әйел жынысы бойынша кемсітуге қарсы арыз жазған: Еңбекмин есеп берді / shutterstock

Қазақстанда 2020-2023 жыл аралығында 513 499 әйел жынысы бойынша кемсітілгені туралы сот органдарына арыз жазған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіні орындауы туралы баяндама жобасындағы «Әйел мен ер адам» теңдігі туралы бөлімде жазылған.

«Жынысы бойынша кемсітілген жағдайларда азаматтар өздерінің бұзылған немесе даулы құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін сот органдарына жүгінуге, адам құқықтары жөніндегі ұлттық мекемелерге, прокуратура органдарына және басқаларға шағым беруге құқылы. ҚР Бас прокуратурасы деректері бойынша 2020 – 2023 жылдары соттарға әйелдерден 513 499 талап – арыз келіп түсті (2020ж. – 134 898; 2021ж. – 150 682; 2022ж. – 154 967; 2023ж. 6 ай – 72 952)», – делінген баяндамада.

Алайда шағымдардың нақты қандай мақсатта жазылып, олар бойынша сот органдары қандай шешім шығарғаны туралы ақпарат жоқ.

Әйелдердің қызметі

Баяндамаға сүйенсек, Қазақстан әйелдері негізінен денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету – 72,5%, білім беру – 73,0%, тұру және тамақтану қызметтерін көрсету – 64,9%, қаржылық және сақтандыру қызметі – 59,8%, көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу – 56,4%, өнер, ойын-сауық және демалыс – 54,4%, ауыл шаруашылығы – 40,9% салаларында жұмыс істейді. 

Саясат

Ал басшылық қызметке келсек, 2022 жылғы деректер бойынша  мемлекеттік сектордағы әйел басшылардың өкілдігі 30 %-дан асқан. Ал корпоративтік сектордағы әйел басшылардың үлесі 43,4 %-ды құраған. Парламенттегі әйелдердің үлесі депутаттардың жалпы санының 19,6%-ын құрайды. Жергілікті мәслихаттарда әйелдердің үлесі депутаттардың жалпы санының 21,02%-ын құрайды (3415-тен 786). 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қызметшілер арасындағы әйелдердің үлесі 55,4% (83963-тен 46546). Басшы әйелдердің үлесі 39,2% болды (23649-дан 9261). Үкімет басшыларының бірі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болып әйел тағайындалды. 19 министрлікте 3 әйел министр бар. Олар – Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Мәдениет және ақпарат министрлері. Сондай-ақ 7 – вице-министр, 3 – аппарат басшысы бар. ҚР Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін 14 мемлекеттік органда 9 әйел басшылық позицияда. Конституциялық соттың төрағасы, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы әйел адам.

Ғылымы

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері арасында қыздар мен жас әйелдер 55,3%-ды құрайды. Жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамның 66%-ы әйелдерден тұрады. Қазақстандағы әйел-профессорлардың үлесі 41%, доценттердің үлесі – 59%. Әйелдер философия докторларының (PhD) жалпы санының 60 %-ын құрайды.

Теңдік

«Қазақстан әрбір қызметкердің әділ сыйақы мен жалақыны қоса алғанда, әділ және қолайлы еңбек жағдайларына құқығын таниды. ҚР Конституциясымен әркімнің еңбек бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар деп жарияланды»,,–делінген құжатта.

Алайда құжаттың ішінде Қазақстанда 2021 жылы Еңбек туралы заңға өзгертулер енгізіліп, әйелдердің 213 кәсіп түріне жұмыс істеуіне жол берілмейтіні көрсетілген.

2022 жылы жаһандық гендерлік теңсіздік индексі ықтимал 100%-дың 68%-ын құраған. Былтыр Қазақстан гендерлік алшақтық деңгейі бойынша әлем елдерінің рейтингінде 145 елдің ішінен 65-орынға ие болды.

Сондай-ақ оқыңыз