Жаңалықтар

ҚТЖ мен Әлия Назарбаеваға тиесілі компания арасындағы келісімшарт жойылды

ҚТЖ мен Әлия Назарбаева арасындағы келісімнің күші жойылды/kursiv.media

Ұлттық компания Әлия Назарбаеваға тиесілі Instant Payments компаниясымен жасаған келісімшартын бұзды. Экс-президенттің қызы теміржол билетін сату құқығынан айырылды. Бұл туралы ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов айтты.

«2023 жылғы 1 желтоқсаннан компаниямен жасалған келісімшарт бұзылды. Қазір «Мобильді портал» ЖШС жұмыс істеп жатыр. Компания конкурстық негізде таңдалды. Қазір электронды билет сату қызметін көрсетуде», – деді Әнуар Ахметжанов Сенатта өткен брифингте.

Әнуар Ахметжановтың  айтуынша, ҚТЖ «Мобильді портал» ЖШС-ға сатылған әр билет үшін 29 теңге төлейді.

Журналистердің: «Бұл кімнің компаниясы?», – деген сауалына ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары: «Бұл – жекеменшік компания. Иесі туралы ақпаратты реестр арқылы тексеруге болады. Бұл жерде сіз меңзеп тұрғандай, атышулы есімдер жоқ», – деп жауап берді.

Басқарма төрағасының орынбасары бұрынғы механизм өзгермегенін атап өтті. Ол ҚТЖ сатылымға шығарған билеттерді жекеменшік компания онлайн немесе касса арқылы сататынын түсіндірді.

«Теміржол билеттерін ҚТЖ кассалары немесе компанияның сайтынан сатып алуға да болады», – деп нақтылады Әнуар Ахметжанов.

2023 жылдың соңында Көлік министрі Марат Қарабаев Әлия Назарбаеваға қатысты мәлімдеме жасады. Ол теміржол билетін сататын компания құрылтайшыларының құрамында экс-президенттің кенже қызы жоқ екенін мәлімдеді.

«Электронды билет сатып алуға келсек, келісімшар тараптардың көңілінен шықпаса, кез келген уақытта бұзуға болады. Бірақ ақыр соңында қызмет алушылар зардап шегеді. Сондықтан бұл жүйені қолдауды бәсекелестік негізге көшіру мәселесі талқыланды. Басқа тұлғаларға беру үшін конкурс жарияланды. ҚТЖ төрағасы конкурстық рәсім аяқталғанын және құрылтайшылардың құрамы өзгеретінін айтты. Сіз атап өткен адамның бұл компанияның құрылтайшысы емес екенін растаймын», – дегенді айтқан еді Марат Қарабаев.

Кезінде ҚТЖ Instant Payments ЖШС аутсорсингтік компаниясына  теміржол билетін  сатуға рұқсат берді. Сонымен қатар фискалдық компьютерлік жүйеге қызмет көрсету құқығын берді.

«2014 жылғы 16 мамырда ҚТЖ директорлар кеңесінің шешімімен «Жолаушылар тасымалы» АҚ үшін 2014-2023 жылдарға жол жүру құжаттарын сатуды ұйымдастыру тиімділігін арттыруға арналған өндірістік бағдарлама бекітілді», – делінген ҚТЖ таратқан хабарламада.

Келісімшарт 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін комиссия сомасын өзгерту құқығынсыз жасалған еді.

«Келісім талабына сәйкес, ҚТЖ бекітілген тариф бойынша әрбір билет үшін Instant Payments ЖШС-ға төлем төлейді. Келісімшарт жасалғаннан бері мөлшерлеме өзгерген жоқ және келісімшартта көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін өзгермейді. Instant Payments ЖШС агенттік сату арнасын кеңейтуге  үшінші тұлғаларды тартуға құқылы. ҚТЖ-да контрагенттің үшінші тұлғалармен қызметі туралы ақпарат жоқ», – деп түсіндірген ҚТЖ.

Instant Payments ЖШС қандай іспен айналысты?

Әлия Назарбаеваның Instant Payments компаниясы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Қазақтелеком» АҚ-ға делдалдық қызмет көрсету үшін құрылды. Компания теміржол билеттерін онлайн сату сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ-ның төлем қабылдау жүйесіне қызмет көрсетумен айналысты.

Әлия Назарбаеваның компаниясы сатылған әр билеттен 44,8 теңге алып отырды. Кейін комиссия құнын 67 теңгеге дейін көтеруге оқталып, артынан бұл ойынан бас тартты.

Е-Gov порталының анықтамасында «Мобильный портал» ЖШС-ның 2014 жылғы 4 желтоқсанда алғаш рет ресми тіркеуден өткені жазылған. Компания 2023 жылғы 22 ақпанда қайта тіркелген. Ресми деректе электронды билет сату қызметін атқарып отырған серіктестіктің алғашқы жетекшісі Абдурахманова Роза Бахтовна деп нақтыланған. Құрылтайшы (қатысушылар, азаматтар – бастамашылар) деген бағанда Әлмұхамбетова Шолпан Көкенқызы көрсетілген. Компанияның заңды мекенжайы Алматы қаласы Бостандық ауданы, Айманов көшесі 224 үй деп нақтыланған. Ал Instant Payments ЖШС  алғаш рет 2011 жылғы 21 маусымда тіркелген. Соңғы рет 2024 жылғы 5 қаңтарда қайта тіркеуден өткен.

Қазір БИН бойынша іздегенде «Motor Pay» деген ЖШС-ның аты шығады. Компанияның жалғыз құрылтайшысы әрі директоры Диас Мәдіғожин деп көрсетіледі. ЖШС-нің заңды мекенжайы Алматы қаласы Бостандық ауданы, Ақтөбе шағын ауданы, Назқоңыр көшесі 28 деп жазылған. Бұрын осы компанияның құрылтайшыларының құрамында Әлия Назарбаева болған.

Еске сала кетсек, рейдерлік және Әлия Назарбаевамен серіктестікке қатысты «Қазақстан темір жолы» басшысы не дейді деп жазған болатынбыз.

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын рейдерлік жолмен тартып алу мәселесі мен ҚТЖ-ның Әлия Назарбаеваға тиесілі компаниямен серіктестігіне қатысты пікір білдірді.

Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте журналистер ҚТЖ басшысынан Көлік және коммуникация академиясына қатысты Гүлзана Серікованың президентке үндеуі туралы сұрады.

«Акдемия басшысы осыған дейін президентке үндеу жолдап, онда сіздің және сіздің қызметкерлеріңіздің өзіне қысым көрсетіп жатқаны туралы айтты. Ол сізді рейдерлік жолмен өз бизнесін ьартып алды деп айтаптады. Акдемияны қызыңызға бергелі жатқаныңызды айтты. Бұл оқиғаны бүкіл ел естіді. Бірақ не сіз, не сіздің қызыңыз үндеуге қатысты пікір білдірмедіңіздер, не теріс темедіңіздер»,- деді журналист.

Сауранбаев рейдерлік жолмен тартып алмағанын, барлығы сотпен шешіліп жатқанын мәлімдеді.

«Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы – транспорт инженерлерін дайындайтын орын. Бұл жер теміржолшылар үшін альма-матер саналады. 2018 жылы академия жекешелендірілді. Жекеге берілмей тұрып, сатып алушыларға шарттар қойылған болатын. Оған сәйкес, академияны иеліктен шығаруға, қайта тіркеуге, кепілге қоюға шектеулер қойылды. Бұл шектеулердің тең жартысын сатып алушы бұзған. Ал акционердердің назарды басқа арнаға бұру үшін осындай тәсілдерді пайдалануы бұл оқиғаның заңдық тұрғыда тиімсіздігін көрсетеді. Біз бүгінде Жаңа әділетті Қазақстан құрып жатырмыз. Біз сотқа жүгініп, барлығын сот шеңберінде шешуге тырысамыз. Біз барлық сотта жеңдік. Қазігі уақытта екінші сот жүріп жатыр. Ол сот академияның қазіргі акционерлерінің алаяқтық әрекеттеріне қатысты жүргізіліп жатыр»,- деді.