Теңіз кен орнын кеңейту жобасы мерзімінде аяқталуға тиіс

Жарияланды (жаңартылды )
Теңіз кен орнын кеңейту қажет/Фото:kursiv.media

Теңіз кен орны сағалық қысымды басқару және кен орнын кеңейту жобасын мерзімінде аяқтау қажет. Үкімет басшысы Олжас Бектенов осылай айтты.

Тапсырма 2024 жылдың бірінші жартыжылдығы мен 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында орындалуы тиіс.

«Үкімет Қарашығанақ кен орнын игеруге де мән беріп отыр. Мұнай мен конденсат өндіруді жылына кем дегенде 11 млн тонна деңгейінде ұстап тұру қажет», – деді Олжас Бектенов. Бұл премьер-министр Chevron компаниясы Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесспен кездескенде айтылды.

Кездесуде жаңа өндіріс нысандарын іске қосу, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамту үлесін ұлғайту мәселелері талқылады.

«Үкімет инвесторларға инвестициялық жобаларды дамыту үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және қажетті қолдау көрсетеді. Өз кезегінде біз серіктестерімізден жергілікті әлеуетті барынша пайдалануды, технология трансфертін, шикізатты терең өңдеуді көздейтін бірлескен жоспарларды дер кезінде іске асыру бойынша белсенді іс-қимыл күтеміз», – деді премьер-министр.

Жергілікті қамтуға басымдық беру қажет

Олжас Бектенов жергілікті қамту мәселесіне ерекше назар аударды.

«Операторлардың қажеттілігі үшін өнім шығаруға мүдделі жергілікті өндірушілермен тығыз қарым-қатынас қажет. Елде қажетті тауарлар немесе жабдықтар өндірілмесе, онда алдағы 2-3 жылда қажетті өндірісті Қазақстан аумағында локализациялау жөнінде нақты жоспар көргіміз келеді. Осы бағыттағы жұмысты қайта қарауды өтінемін», – деді үкімет басшысы Chevron компаниясының өкіліне.

Премьер-министр Қарашығанақта қуаты жылына 4 млрд текше метрді қамтитын газ өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру туралы тұжырымдамалық шешім кен орнын дамыту ісінде маңызды қадам екенін айтты.

Өз кезегінде Дерек Магнесс Chevron компаниясы Қазақстанмен барлық мүдделі бағыт бойынша ынтымақтастықты нығайтуға әзір екенін жеткізді.

2023 жылы Теңіз кен орнын кеңейту жобасы тағы да кешіктірілетіні белгілі болды. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2024 жылдың соңына дейін шегерілді.

Өндіріс көлемі ұлғаяды

Қазақстан жобаның жүзеге тезірек асырылғанына мүдделі. Себебі Теңіз кен орнының кеңеюі өндіріс көлемін тәулігіне 260 мың баррельге немесе шамамен 40%-ға ұлғайтады.

2021 жылы Энергетика министрлігі мен Chevron компаниясы арасында Қазақстанда $248,5 млн көлемінде Тікелей инвестициялар қорын құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл қаражатқа компания «Теңізшевройл» келешек кеңейту жобасын іске асыру, Қарашығанақ жобасын кеңейту және Каспий құбыр консорциумының қуатын арттыру сынды перспективасы жоғары жобаларды жүзеге асыруды жоспарлады.

Chevron – Теңіз (50%), Қарашығанақ (18%) және Каспий құбыр консорциумы (15%) жобаларында активтері бар Қазақстандағы аса ірі шетелдік инвестор.

Бұған дейін Теңіз кен орнын кеңейту кейінге шегерілген сайын жоба құны қымбаттай түсетіні туралы дабыл қағылды.

Естеріңізге салайық, бастапқыда жоба құны 12 млрд долларды құрады. Кейін бұл көрсеткіш 37 млрд долларға жетті. Үкімет 2023 жылғы сәуірде кеңейту жобасының құны шамамен 47 млрд доллар деп бағаланғанын жариялады.

Сондай-ақ оқыңыз