ҚТЖ экспортталатын шикізат өнімдерін тасымалдау тарифін көтереді

Жарияланды
ҚТЖ
ҚТЖ дайын өнімдерге тарифтерді көтермейді / Фото: kursiv.media

ҚТЖ экспортталатын шикізаттық тауарларды тасымалдау тарифін көтереді. Бұл жайлы Сенатта өткен жиында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.

Сенатта депутаттар ҚТЖ Қазақстан ұлттық тасымаулдаушысының трансұлттық магистральға айналу жоспарын сұрады. Сенаторлар ел бойынша теміржол торабы дұрыс дамымағанын, теміржол торабының ескіргенін, локомотивтің жылжымалы құрамының тозғанын айтты. Сонымен бірге жалпы саланың автоматтандырылу деңгейі өте төмен екенін, магистральді жол желілеріндегі қозғалыс бағытын жоспарлау және қадағалау дұрыс жүргізілмеу мәселесін де қозғады.

«Бізге Ұлттық экспедиторлар қауымдастығы өкілдерінен көп шағым келіп түсті. Олар экспорт пен транзитке қатысты негізгі және қосымша тасымалдау жөніндегі жоспар бекітілмегенін айтты. Айтуларынша, компанияның өз экспедиторларына жоспар жеңіл әрі кедергісіз бекітіледі. Бұл бәсекелестік туралы шарттарға қарама-қайшы емес пе?», – деп сұрады депутат Зәкіржан Кузиев.

Министр өз кезегінде Қазақстан теміржолының қуаты жүк тасымалдауға жетпей жатқанын айтты. Мұны Қарабаев соңғы кездері жүк ағынының артуымен байланыстырды.

«Бұрында ҚТЖ-ның өзінің қуаттылығы жететін. Ал қазір оның қуаты жетпейді. Себебі жылдан-жылға тасымалданатын жүк көлемі де, жүк айналымы да өсіп жатыр. Мәселен, былтыр тасымалданған жүк көлемі рекордтық 297 млн тоннаға жетті. Жүк айналымы да 7 пайызға артып отыр. Бұрын қуаттылығы жетіп тұрған уақытта тасымалданатын жүктердің 20 пайызы негізгі жоспар бойынша келісілетін. Қалған 80 пайызы айдың соңында қосымша жоспармен келісілетін. Қазір біздің қуат жетпей жатқандықтан, келісілетін негізгі жоспар көлемін керісінше ауыстырдық. Яғни сол тәртіппен айдың басында негізгі 80 пайыз жүк жоспары келісіледі. Міне сол себепті кейбір жүктер келісім ала алмай жатады. Бұл орайда ішкі және отандық өндірушілердің жүк тасымалына басымдық берілетінін атап өткім келеді», – деді министр.

Сонымен бірге депутаттар тарифтер жайлы сұрады. Қарабаев тарифтердің көтерілетінін жеткізді. Айтуынша тасымалданатын жүктердің 88 пайызы өзін-өзі ақтамайды. Сондықтан ҚТЖ-ның тарифтері дифференцияланатынын айтты.

«Бізде тасымалданған жүктердің басым бөлігі өзін-өзін ақтамайды. ҚТЖ бүгінгі күні 300 миллиард теңгеге жүк тасымалдауды субсидиялап отыр. Сондықтан да тарифтік жүйеге ары қарай дифференциация жасалады. Оған сәйкес отандық өнім экспортқа шығатын болса және дайын өнім болса оның бағасы өспейді. Ал шикізаттық өнім болса, оның тасымалдану бағасы қымбаттайды. Мұндағы мақсатымыз – шикізаттық өнімдерді ел ішінде терең өңдеуге ынталандыру. Бұған қатысты ережелер бекітілді. Енді әр тауар бойынша жеке-жеке жұмыс істейтін боламыз», – деді.

Инфрақұрылым операторы қашан құрылады?

Депутат Евгений Больгерт 2022 жылы трансапорттық-логистикалық дамудың тұжырымдамасы әзірленгенін, оған сәйкес инфрақұрылымның ұлттық операторын құру жоспарланғанын еске салды. Бұл компания теміржол инфрақұрылымын салу, дамыту сынды стратегиялық жоспарларды жүзеге асыруға тиіс болған. Депутат тұжырымдамада көрсетілген транзиттік мүмкіндіктерінің артуына жол ашатын ұлттық компанияның қашан құрылатынын сұрады.

«Тұжырымдаманың қабылданғанына көп болмады. Бірақ ҚТЖ-ны реформалау бұдан ертеректе, 2000 жылдары басталған. Бірақ содан бері инфрақұрылым ұлттық операторы құрылған жоқ. Үнемі шегеріліп келеді. Мұның себебі не? Жалпы оператор құрыла ма?», – деп сұрады.

Марат Қарабаев ұлттық компанияның екі кезең бойынша құрылатынын жеткізді. Алғашқыда оператор «Қазақстан теміржолы» құрамында болады.

«Болашақта ҚТЖ құрамынан оператор құрып, содан кейін оны заңды тұлға ретінде бөлек шығаруды жоспарлап отырмыз. Алғашқыда оның кіріс-шығысын бақылаймыз. Барлығын бағамдап алған соң, бұл компанияны жеке институт ретінде бөліп шығарамыз. Бұл екі кезең бойынша жүзеге асады. Бірінші компания ҚТЖ ішінде құрылады. Ал екінші кезеңге оның жұмысы бағдарланған соң барып кірісеміз»,– деді министр.

Еске сала кетсек, Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның ұзақ мерзімді рейтингін Baa3-тен Baa2-ге дейін көтерді. Moody’s ҚТЖ-ның жүк айналымы 2022 жылы 5,1%-ға және 2023 жылдың тоғыз айында 7,5%-ға өскенін атып өткен. Ал 2023-2024 жылдары ол негізінен транзиттік және экспорттық операциялар есебінен жылына 7,0%-9,0%-ға өсуі ықтимал.

«Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев 2023 жылы ҚТЖ түсімі 2 трлн теңгеге жетеді деп мәлімдеген.

«2023 жылы ҚТЖ кірісі шамамен 2 трлн теңге болады деп күтілуде. 2020 жылдан бастап компания тұрақты түрде оң қаржылық нәтижеге ие. 2023 жылдың 10 айында 139 млрд теңге мөлшерінде таза пайда алынды. Соңғы үш жылда Компания өндірістік персоналдың жалақысын көтеруге 241 млрд теңге бөлді. Тек ағымдағы жылдың өзінде өндірістік қызметкерлер жалақысы екі рет көтерілді: қаңтар және наурыз айларында – 5% және 15%-ға өсті»,– деді ҚТЖ басшысы.

Нұрлан Сауранбаев компания кірісінің артуына жүк тасымалының артуы себеп болғанын айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз