АҚШ-тағы әлсіз макростатистика инвесторлардың негізгі мөлшерлеме төмендейді деген үмітін оятты

Жарияланды
Шығарушы редактор
АҚШ-тағы
АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлеме төмендеуі мүмкін бе? Фото: shutterstock

Бейсенбі күні АҚШ-тағы негізгі қор индекстері 0,3-0,9%-ға көтерілді. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының шолуында оған АҚШ экономикасына қатысты әлсіз макростатистика әсер еткені жазылған.

Dow Jones индексі 0,91%, S&P 500 – 0,58%, Nasdaq – 0,3% өсті. Технологиялық секторды қоспағанда, S&P индексіндегі 11 сектордың 10-ы жасыл түсте жабылған.

Қаңтар айында АҚШ-тағы өнеркәсіп өндірісі желтоқсанмен салыстырғанда 0,1%-ға төмендеген. Болжам бойынша, 0,3%-ға өседі деп күтілген еді. Бөлшек сауда көлемі де 0,8%-ға төмендеп, кейінгі 12 айдағы ең үлкен құлдырауды байқатты.

Инвесторлар бұл деректерді жақын арада елдегі пайыздық мөлшерлеме төмендей бастайды деген белгі ретінде қабылдағандай. Инвесторлар оптимизмін америкалық компаниялардың күшті қаржы нәтижесі де қолдауы мүмкін. Олардың 80%-дан астамы кірісінің болжамнан асып түскенін хабарлады.

Энергетика секторындағы компаниялар көш бастап тұр: ExxonMobil (+2,9%) және Wells Fargo (+7,3%).

Third Point компаниядағы үлесін сатқан соң, Alphabet акциялары 2,1%-ға төмендеген. Көңілсіз болжам салдарынан Cisco акциялары 2,4%-ға, Deere & Co акциялары 5,2%-ға арзандады.

Бейсенбіде Еуропа қор нарықтары да жоғары жабылды. Оған корпоративтік сектордың оң табысы және ЕОБ президенті Кристин Лагардтың пікірі әсер етті. DAX пен Stoxx 600 индексі сәйкесінше 0,6% және 0,7% қымбаттады.

Commerzbank акциялары 2023 жылы рекордтық пайданың арқасында 5,5% өскен, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 55% жоғары. Автоөндірушілер де жақсы өсім байқатты: Mercedes пен BMW үлестері 2%-ға жуық өсті.

Airbus акциялары күшті корпоративтік нәтиже мен арнайы дивиденд төлейтінін жарияланғанына қарамастан, 1% төмендеді. Hermes, LVMH және Kering акциялары шамамен 2% қосты.

Ақпанның басында АҚШ қаржы нарығындағы қорлардың активтері 6 трлн доллардан асқаны белгілі болды.

KASE индексі

Қазақстан қор биржасының KASE индексі де өсімін жалғастырып, кеше 4 563,38 тармақта (+0,95%) жабылды. Банк секторы тағы да айтарлықтай өсуді көрсеткен: БЦК мен Kaspi акциялары бірден 4,5% және 4,3% қымбаттады. ҚМ акцияларын(-1,3%) қоспағанда, өкілдік тізімдегі бүкіл компанияның бағалы қағаздары «жасыл аймақта» тұрақтаған. Сондай-ақ кеше KASE және AIX биржаларында «Эйр Астананың» жай акцияларының саудасы басталды: сессия барысында жалпы көлемі 2,2 млрд теңгені құрайтын 4 046 сауда мәмілесі жасалған.

Мұнай бағасы қандай болды?

Brent маркалы мұнай бағасы 1,5%-ға көтеріліп, бір баррель үшін 82,8 долларды құраған. Бұл көрсеткіш өткен сессиядағы құлдырауды толығымен өтеді. Мұнайдың қымбаттауына Халықаралық энергетика агенттігінің баяндамасы әсер етті. Баяндамада қаңтарда жаһандық мұнай жеткізілімі тәулігіне 101,5 млн баррельге (-1,4 млн баррель) дейін күрт төмендегені жазылған. ОПЕК+ елдерінің өндірісті шектеуінен бөлек, бұған Солтүстік Америкадағы суық ауа райы салдарынан өндірістің күрт қысқаруы ықпал еткен.

Сондай-ақ оқыңыз