Жаңалықтар

Аймақтар бойынша инфляция қаңтар айында 15 өңірде бәсеңдеді – Ұлттық банк

Қаңтарда елде жылдық инфляция 9,5%-ды құрады/Фото:shutterstocks

Ұлттық банктің хабарлауынша, 2024 жылғы қаңтарда елде жылдық инфляция баяулап, 9,5%-ды құрады.

Ақпаратқа сәйкес, қаңтар айында аймақтар бойынша 15 өңірде жылдық инфляция баяуласа, 3 аймақта жеделдеген, 2 өңірде өзгеріссіз қалды.   

Бұл ретте, жылдық инфляцияның айтарлықтай жоғары мәні Қарағанды, Маңғыстау, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді.      

«Қаңтар айында азық-түлік бағасы жылдық 8,2%-ға дейін баяулады. Осы топтағы тауарлар бағасының максималды өсімі Ұлытау облысында (11,3%), ал минималды өсім Шымкент қаласында (5,9%) тіркелді», – делінген хабарламада.  

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны жылдық 8,6%-ға дейін бәсеңдеді. Ең жоғары мән Маңғыстау облысында (12,9%), ең төмен мән Ақтөбе облысында (7,1%) тіркелді.        

Қаңтар айында ақылы көрсетілетін қызмет бағасы жылдық 12,3%-ға дейін бәсеңдеді. Сонымен бірге Түркістан облысында (17,3%) баға жалпы республикалық деңгейден біршама жоғары, Қызылорда облысында (9,5%) айтарлықтай төмен болды.    

Еске сала кетсек, Қазақстандағы инфляция баяулап келеді деп жазған едік.

Ұлттық банктің хабарлауынша, 2023 жылғы желтоқсанда елде жылдық инфляция баяулап, 9,8%-ды құраған.

Қараша айында Қазақстандағы жылдың инфляция деңгейі 10,3%-ды құраған еді. Аймақтар бойынша жылдық инфляция 16 өңірде бәсеңдесе, 2 өңірде жеделдеген. Ал 2 өңірде өзгеріссіз қалды

Бұл ретте, желтоқсан айында елдегі айлық инфляция 0,8% болған.

«Жылдық инфляцияның ең жоғары мәні Қарағанды, Ақмола және Маңғыстау облысына тіркелді», – делінген ҰБ хабарламасында.

Желтоқсанда азық-түлік тауарларының бағасы жылдық 8,5%-ға дейін (қарашада – 9,2%) баяулаған. Осы топтағы тауарлар бағасы Ұлытау облысында (11,8%) мейілінше тез, ал Түркістан облысында (7,1%) баяу өсті.

Айта кетейік, Қазақстанда екі таңбалы жылдық инфляция 2022 жылғы наурыздан бастап байқалды. Ол жылдық бөліністе 12% құрады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 20,3%-ға жетті, ал 2023 жылдың ақпанына қарай 21,3%-ға дейін жеделдеді. Бұл ең жоғары көрсеткіш болды. Содан бері бағаның өсуі біртіндеп баяулады. 2023 жылдың шілдесінде көрсеткіш 14%, қазан айында 10,8%-ды құрады.

Инфляцияның өсуіне жауап ретінде Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені бірнеше рет көтерді. 2022 жылы ол бес рет өзгеріп, жыл соңына дейін рекордтық 16,75% деңгейінде орнатылды. Өткен тамыздан бастап реттеуші ақша-несие саясатын жеңілдетуге кірісті және ставканы бірнеше рет төмендетті. Қазіргі уақытта ол 15,25%-ды құрайды.