Қызыл теңіздегі шабуылдарға байланысты Азиядан Еуропаға тасымалдау бағасы 400% өсті –Еурокомиссар

Жарияланды
Қызыл теңіздегі шабуылдарға байланысты Азиядан Еуропаға тасымалдау бағасы 400% өсті –Еурокомиссар / shutterstock

Еуро комиссияның экономика мәселелері жөніндегі комиссары Паоло Джентилони Қызыл теңіздегі шабуылдарға байланысты Азиядан Еуропаға тауар тасымалдау бағасы 400% өскенін айтады.

ТАСС хабарлауынша, Қызыл теңіздегі шабуылдарға байланысты Азиядан Еуропаға тауарларды жеткізу мерзімі 10-15 күнге созылып, тасымалдау құны 400% өскен. Бұл туралы Брюссельде өткен баспасөз мәслихатында экономика мәселелері жөніндегі еурокомиссар Паоло Джентилони хабарлаған.

«Қызыл теңізден тасымалдау жолының өзгеруіне байланысты Еуропа мен Азия арасындағы тауар жеткізу мерзімі 10-15 күнге созылып, олардың құны 400% өсті», – деді комиссар.

Сонымен қатар, Джентилони бұл проблемалар Еуро Одақта инфляцияның айтарлықтай өсуіне әкелуі мүмкін екендігін айтқан. ЕО Қызыл теңіздегі сауда кемелерін алып жүру үшін Aspides әскери-теңіз операциясы бойынша келісімдерді аяқтағанын да атап өтті.

Осыған дейін АҚШ пен Ұлыбритания Йемендегі хусит әскери нысандарына шабуыл жасағаннан кейін, мұнай бағасы 2%-ға өскенін жазған едік. Осыған дейін Йемендегі хуситтер Иран көмегімен Қызыл теңізде кеме қатынасына бөгет болып шабуыл жасап келген.

12 қаңтарда АҚШ пен Ұлыбритания бірігіп, Йемен хуситтерінің әскери нысандарына соққы жасаған.

«АҚШ пен Ұлыбритания қозғалыстың Қызыл теңіздегі кемелерге шабуылына жауап ретінде Йемендегі хуситтердің әскери нысандарына әуеден және теңізден соққы берді»,  – делінген басылымда.

7 қарашада Антониу Гутерриш Газадағы жағдайды «адамгершілік қағидаларының дағдарысы» деп бағалап, қарулы қақтығыстың жалғасуы жазықсыз адамдардың өмірін жалмап жатқанын айтқан. БҰҰ хабарлауынша, Газа аймағында 10 000-ға жуық адам қайтыс болған.

Еске сала кетейік, 7 қазан күні Газа аумағында билік құрып келе жатқан «Хамас» ұйымы Израильге шабуыл жасады. Кейіннен Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады. 

Сондай-ақ оқыңыз