Ұлттық тестілеу орталығының құпия деректерін көшірген лауазымды тұлғалар сотталды

Жарияланды
Ұлттық тестілеу орталығының құпия деректерін көшірген лауазымды тұлғалар сотталды / ҰҚК

Ұлттық тестілеу орталығының құпия деректеріне заңсыз қол жеткізіп, көшіріп алған 3 лауазымды тұлғаның 1 жылға бас бостандығы шектелді.

«Қылмыстық кодекстің 205-бабы 2-бөлімімен және 208-бабы 2-бөлігімен қарастырылған қылмыстарды жасағандары үшін кінәлі деп танылған Қазақстан азаматтары «С», «Ж» және «Н» қатысты Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты мен Өскемен қаласы № 2 сотының үкімдері заңды күшіне енді», – делінген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарламасында.

Комитет олардың әрқайсына 1 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы белгіленіп, ақпараттық технология және телекоммуникация желілері саласында лауазымды қызметке тұру құқықтарынан 3 жыл мерзімге айырылғанын хабарлайды.

Ақпаратқа сүйенсек, лауазымды тұлғалар 2023 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының заңмен қорғалатын ақпаратына заңсыз қол жеткізіп көшіріп алған. Олардың Ұлттық бірыңғай тестілеудің, педагогтар мен магистранттардың білімін бағалау процесіне әсер еткені дәлелденген.

Айта кетейік, 2020 жылдан бері білім саласындағы қылмыстық істер бойынша 143 адам сотталған. Мемлекетке келтірілген залал 11 млрд теңгені құрап, соның 5,2 млрд теңгесі өтелген. Білім беру жүйесінде бюджет қаражатын тұрақты жымқыру қылмыстық схемалары ашылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру жүйесіндегі жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп, ведомствоаралық кеңесте қорытындысын жариялады. 

Қазақстанның білім беру жүйесі – жемқорлық жайлаған салалардың бірі. Қозғалған қылмыстық істер саны бойынша «үздік» үштікке кіреді. 2020 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында 382 қылмыстық іс тіркелсе, білім саласында -343 қылмыстық іс тіркелген. Сондай-ақ әлеуметтік салада 235 қылмыстық құқық бұзу анықталған. 

Кейінгі үш жылда мемлекет білім беру саласын дамытуға 12,1 трлн теңге бағыттаған. Бұл 2021-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бюджет шығысының 28%-ын құрайды. Оған қоса білім саласындағы қызметкерлердің жалақысы өскен. Соған қарамастан ақша жымқыру фактісі азаймай тұр. Жүйені жемқорлық жайлаған. 

Антикордың мәліметінше, тек Жетісу облысында қалалық білім бөлімінің қызметкерлері 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңгені ұрлаған. Қылмыстық топқа басшы және екі білім беру бухгалтері, сондай-ақ 13 мектеп бухгалтері кірген.

Сондай-ақ оқыңыз