Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный түзеу колониясында қайтыс болды

Жарияланды (жаңартылды )

Алексей Навальный түзету колониясында қайтыс болды/Фото: Shutterstock

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный 48 жасқа қараған шағында Ямало-Ненецк автономиялық округінің №3 түзеу колониясында қайтыс болды. Бұл ақпаратты Федералдық қылмыстық атқару қызметі аймақтық департаментінің хабарламасына сүйеніп ria.ru таратты.  

«16 ақпанда №3 түзеу колониясында сотталушы А.А. Навальный серуендеп келгеннен кейін өзін нашар сезініп, бірден есінен танып қалды. Мекеменің медицина қызметкерлері келді, жедел жәрдем бригадасы шақырылды. Барлық қажетті реанимациялық шаралар жүргізілді, бірақ оң нәтиже бермеді. Жедел жәрдем дәрігері сотталушының қайтыс болғанын растады. Өлімнің себебі анықталуда», – делінген хабарламада.

А. Навальныйдың адвокаты Леонид Соловьев марқұмның отбасының шешімі бойынша ештеңеге түсініктеме бермейтінін айтты.

«Анықтап жатырмыз. Сәрсенбі күні кездескенбіз, ол кезде барлығы жақсы болған», – деді ол.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков А.Навальныйдың өлімінің себебіне қатысты ешқандай мәлімет жоқ екенін мәлімдеді.

«Дәрігерлер анықтауы керек», – деп таратты Дмитрий Песковтің сөзін РИА Новости.

Кремль өкілінің айтуынша, Федералдық қылмыстық атқару қызметі барлық тексерумен айналысады. Бұған арнайы нұсқаудың қажеті жоқ.

А.Навальный оппозиционер, заңгер, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қорының негізін қалаушы. Ол 2008 жылы Ресейдің ірі мемлекеттік корпорациялардағы жемқорлықты жариялау арқылы танымал болды. 2013 жылы А.Навальный Мәскеу мэрі сайлауына қатысты. Ресми мәлімет бойынша, 27%-дан астам дауыс жинап, екінші орынға ие болды. 2017 жылы президенттік сайлауға түсу үшін үгіт-насихат жұмысын жүргізді.

2020 жылғы тамызда А.Навальный ұшақта сырқаттанып қалды. Ұшақ дереу қондырылып, оппозиционер Омбы ауруханасына жатқызылды. Кейін Германияның Charite ауруханасына ауыстырылды. Неміс дәрігерлері А.Навальныйдың «Новичок» тобындағы фосфаторганикалық затпен уланғанын мәлімдеді.

Ресей өзінің А.Навальныйдың улануына қатысы бар екені жайлы айыптарды жоққа шығарды.

2021 жылы 17 қаңтарда Германиядан Ресейге оралған А.Навальный Ив Роше ісі бойынша Мәскеудің Шереметьево әуежайында паспорттық бақылаудан өтіп жатқан жерінде ұсталды. Билік А. Навальныйды Федералдық қылмыстық атқару органдарында тіркелу ережесін бұзды деп кінәлады.

Алексей Навальный не үшін сотталды?

2021 жылғы 2 ақпанда сот А.Навальныйдың Ив Роше ісі бойынша шартты жазасын нақты жазаға ауыстырып, оны 2 жыл 8 айға колонияға жіберді.

Ол екінші жазасын 2022 жылдың наурыз айында алды. Ол 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге және 1,2 млн рубль айыппұл төлеуге міндеттелді.

2023 жылғы тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қорының ісі бойынша 19 жылға сотталды. Мәскеу қалалық соты Алексей Навальныйды экстремистік топ құрды, экстремизмді қаржыландырды, экстремизмге шақырды, нацизмді насихаттады деген айыптады.

Ерекше режимдегі колонияда отыру үкімі кесілген сотталушының соты жабық жағдайда өтті.

«Қанша жыл бергені маңызды емес. Мен көптеген саяси тұтқындар секілді өмір бойына бас бостандығымнан айырылып жатқанымды жақсы түсінемін. Бұл жерде өмір сүру ұзақтығы менің өмірімнің ұзақтығымен немесе осы режимнің өмір сүру ұзақтығымен өлшенеді», – деді А.Навальный өзіне қатысты үкімге пікір білдіргенде.

Сондай-ақ оқыңыз