Qarmet көмір келісімшартын бұзғаны үшін 4,5 млрд теңгеден астам айыппұл төлеуге міндеттелді

Жарияланды (жаңартылды )

Qarmet  компаниясына 4,6 млрд теңге айыппұл салынды/Фото: Shutterstock

Qarmet  көмір өндіру келісімшартын бұзғаны үшін 4,6 млрд теңге айыппұл төлеуге тиіс. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі осындай талап қойып отыр.

Министрлік 2023 жылғы 31 қазанда компанияға Қарағанды ​​облысының шахталарында тас көмір мен метан өндіруге арналған келісімшарт бойынша міндеттемені бұзғаны үшін айыппұл салу туралы хабарлама жіберген.

«Келісімшарт талабына сәйкес (шарттың 15-бабының 3-тармағы 15.1-тармағы) 2020 жылға арналған қаржылық міндеттемелерді орындамағаны үшін есепті кезеңде 948 923 теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбы төленсін. 2021 жылы  орындалмаған міндеттеме бойынша 1 017 932 теңге  өсімпұл төленсін.  2022 жылы орындалмаған міндеттеме бойынша 2 587 876,89 мың теңге өсімпұл төленсін», – деп жазылған Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан қол қойған хабарлама мәтінінде.

2022 жылы 150 млн теңгенің міндеттемесі орындалмаған. Көрсетілген қаражат Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға бағытталуы тиіс болған. 940,6 млн теңге –жұмысшылардың біліктілігін арттыруға, 1,49 млрд теңге – ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмысты қаржыландыруға, 8,8 млн теңге – жұмысқа қатысты ел ішіндегі құндылықтарды қаржыландыруға жұмсалмаған.

2020 жылы 15 шахтадан 13,1 млн тонна көмір өндіру жоспарланған. Нақты өнім көрсеткіші 9,5 млн тоннаны құраған. Жоспардың 72,61%-ы ғана орындалған. 2021 өндіріледі деп болжанған 14,1 млн тонна өнімнің 8,3 млн тоннасы, яғни 58,93% ғана алынған.  2020-2022 жылдары компания  ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмысты мүлде қаржыландырмаған. Жоспарда 2020 жылы қаржыландыру көлемі –  948,9 млн, 2021 жылы – 1,02 млрд, 2022 жылы – 1,5 млрд теңге деп көрсетілген. 2022 жылы инвестиция көлемі 157,1 млрд теңге болады деп жоспарланған. Алайда теңге түгілі тиын болмаған.

Компания 2022 жылғы лицензиялық-келісімшарттардың да есебін ұсынбаған. Бұл үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге тиіс.

Компанияға келісімшарттағы міндеттемені орындауға шекті мерзім белгіленді.

«Осы хабарламаны алған күннен бастап 1 ай ішінде сізге келісімшарт міндеттемелерінің бұзылуын жою, сондай-ақ олардың жойылғанын растайтын барлық қажетті құжаттарды: шарттардың көшірмелерін, орындалған жұмыстардың актілерін, тұрақсыздық айыбын төлегенін растайтын құжаттарды ұсыну қажет», – деп нақтыланған хабарламада.

Qarmet қалай пайда болды?

2023 жылғы 8 желтоқсанда үкіметте өткен жиында Өнеркәсіп және құрылыс

министрі Қанат Шарлапаев  «Allur» компаниялар тобының иесі Андрей Лаврентьевті ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа акционері деп жариялады.

«Жаңа инвестор ArcelorMittal бас компаниясының алдағы төрт жыл ішінде қысқа мерзімді 250 млн доллар қарызды жабу және 450 млн доллар көлеміндегі ұзақ мерзімді қарызды өтеу бойынша міндеттемелерін өз мойнына алады. Атап айтуымыз керек, 286 миллион доллар – бұл толыққанды жұмыс істейтін екі кәсіпорынның құны десек болады», – деп мәлімдеді Қанат Шарлапаев.

Министр жаңа акционердің не үшін таңдалғанын түсіндірді. Сондай-ақ ArcelorMittal Temirtau-ға Qarmet атауы қайтарылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Естеріңізге салайық, ArcelorMittal Temirtau компаниясында болған ірі апат салдарынан тамызда – 11, қазанда – 46 кенші қаза тапты. Бұған дейін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Қазақстанда жұмысын жалғастыруы үшін инвесторын ауыстыру шарт емес екенін айтқан министр Қанат Шарлапаев қайғылы оқиға болған күні «АресорМиттал Теміртаудың» меншік құқығы заңды негізде Қазақстанға берілетінін мәлімдеді. Ал президент «ArcelorMittal» инвесторын ел тарихындағы «нашар инвесторға» балап, бұл компаниямен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Жаңа инвестор Qarmet кәсіпорнының қызметін тұрақтандыруға 28,6 млрд теңге жеке инвестиция тартты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды металлургиялық комбинатының жаңа иесіне қатаң талап қойылатынын айтты.

АМТ Qarmet-ке айналып жатқан кезде жаңа инвестор Қазақстанға Ресей капиталын кіргізуі мүмкін деген қауесет тарады.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов осы мәселеге қатысты пікір білдірді.

«Qarmet компаниясына бұл салада ешқашан жұмыс істеп көрмеген инвестордың келуін қалай бағалайсыз? Осы акционер арқылы комбинатқа Ресей капиталы кіреді деген әңгіме бар. Сіздің пікіріңіз қандай», – деп сұрады журналист Ерлан Қошановтан.

«Мен сенетін құзырлы органдар осындай шешім қабылдады. Сондықтан мен бұл шешімге сенемін», – деді мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ оқыңыз