Air Astana сағат белдеуінің өзгеруіне байланысты рейстер кестесін өзгертті

Жарияланды
Air Astana
Air Astana рейстер кестесі UTC+5 уақыт белдеуіне сай өзгертілді / Фото: shutterstock

Қазақстанның 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуіне көшуіне байланысты Air Astana рейстер кестесі өзгерді. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

«Air Astana әуекомпаниясы 2024 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстанның бірыңғай уақыт белдеуіне көшуіне байланысты рейстер кестесін түзетті. Өзгерістер 1-31 наурыз аралығында Алматы, Астана, Шымкент, Өскемен және Қостанай бағыттары бойынша жоспарланған ұшуларға қатысты», – делінген хабарламада.

Осы жылдың сәуір мен қазан айлары аралығындағы барлық рейстің кестесі 1 наурызда автоматты түрде өзгертіледі. Бұл туралы әуе компаниясы жолаушыларын хабардар етеді. Компанияның хабарлауынша, уақыты өзгерген жолаушыларға өзгертілген ұшу уақыты туралы SMS-хабарламалар мен брондау кезінде қалдырған электрондық пошталарына алдын-ала хаттар жіберіледі.

Сапарға шығатын азамттарға Air Astana әуекомпанияның ресми сайтында немесе қосымшасында рейстің ағымдағы мәртебесін тексеру ұсынылған.

Осыған дейін QAZAQ AIR Қазақстанда жаңа уақыт белдеуінің енгізілуіне байланысты әуе рейстерінің кестесі өзгеретінін хабарлаған. Компания осы жылдың 29 қаңтарына дейін Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Орал, Шымкент, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Түркістан, Қызылорда, Өскемен, Талдықорған және Жезқазған қалаларына/қалаларынан рейстерге әуе билеттерін сатып алған жолаушыларға ұшу уақыты 2024 жылдың 1 наурызында 00:01-ден бастап (Астана уақыты бойынша) рейс билетте көрсетілген уақыттан 1 сағат бұрын орындалатынына назар аударуды ескертті.

Үкіметің 2024 жылғы 19 қаңтардағы қаулысына сәйкес Қазақстанның барлық аумағында уақыт белдеуі ауысады. Қазақстанда бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуін енгізу ұсынылған.

Бірыңғай уақыт белдеуі 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында орнатылады. «Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа кері жылжытады.  

Сондай-ақ оқыңыз