Жаңалықтар

Владимир Кимге тиесілі «Қазақмыс» корпорациясы үш жыл қатарынан келісімшарт талабын орындамаған

"Қазақмыс"  корпорациясы
«Қазақмыс» келісімшарт талабын орындамаған. Фото: kursiv.media

Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің біріВладимир Кимге тиесілі «Қазақмыс» корпорациясы жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарт талабын бұзған. Атап айтқанда, компания 2013 жылғы 20 ақпандағы № 4188-ТПИ келісімшартының міндеттемелерін орындамаған.

Бұл келісім Қарағанды облысындағы «Спасск» мыс кен орнында мыс, алтын және ілеспе құрамын барлауға арналған болатын. Құжат бойынша, корпорация осы кен орнында бұрғылау жұмысын жүргізуі тиіс еді. Алайда компания 3 жыл қатарынан келісім шартын орындамаған.

Мәселен, корпорация 2020 жылы 7290,03 шаршы метр жерге бұрғылау жұмысын жүргізуі керек еді. Бірақ та ешқандай бұрғылау жұмысы жүргізілмеген.

2021 жылғы жоспарлы көрсеткіш 9463,89 шаршы метрді құрағанымен, келісім міндеттемесі тағы да орындалмаған.

Бұл жайт 2022 жылы да қайталанған. 2022 жылы компания 2822,26 шаршы метр жерді бұрғылауы тиіс болғанымен, көрсеткіш 0-ге тең.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министі Иран Шарханның қолы қойылып, корпорацияға хабарлама да жіберілген. Онда министрлік 1 ай ішінде осы кемшілікті жоюды талап етіп отыр. Егер талап орындалмаса, құзіретті орган бір жақты тәртіппен келісімді бұзуға құқылы.

«Қазақмыс» корпорациясы – Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші. Компанияның құрамында 10 кеніш, бес тау-кен байыту фабрикасы, екі мыс балқыту зауыты, екі көмір разрезі бар. «Қазақмыс» кенді өндіру және оны тауарлық металға өңдеумен айналысатын өндірістік объектілерді басқарады.

2023 жылы мамырда «Қазақмыс» корпорациясы «Елбасы Қорына» тиесілі компания үлесін сатып алды.

Кәсіпкерлер Владимир Ким мен Эдуард Огай «Kazakhmys Copper» АҚ арқылы «Қазақмыс корпорациясының» 69,37% және 29,73% үлесіне иелік етеді.