«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры өз иелігінен GPC Investment компаниясын шығарды. Бұл туралы Қордың KASE-ге жіберген хабарламасында жазылған.
«Бағалы қағаздары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде тұрған «Самұрық-Қазына «ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ 2024 жылдың 14 ақпанынан бастап «GPC Investment» ЖШС жарғылық капиталына 100 % қатысу үлесін иеленуді тоқтатқаны туралы хабарлады», – делінген ақпаратта.
«Самұрық-Қазына» kursiv.media сауалына берген жауабында компанияны QazaqGaz ҰК иелігіне бергенін жазған. Себеп – ҚР Үкіметінің «Республикалық меншіктің кейбір мәселелері туралы» 2022 жылғы 18 шілдедегі № 486 қаулысын орындау. Соған сәйкес, GPC Investment ЖШС-нің 100% қатысу үлесі акцияларды төлеуге берілген.
2022 жылдан бері компания «QazaqGaz» ҰК» АҚ сенімгерлік басқаруында болғанықтан, үлескердің ауыстыру тек құқықтық сипатқа ие екен. GPC Investment капиталындағы 100% мемлекеттік үлес құны – 38,7 млрд теңгеге тең.
Қор иелігінде енді 24 компания акцияларының үлесі бар. Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз» (67,4%), «ҚазАтомӨнеркәсіп» (75%), «Қазақстан темір жолы» (100%), «Самұрық-Энерго» (100%), KEGOC(85%), «Қазпошта» (100%), Qazaq Air (100%), Air Astana (41%), және Қазақтелеком (79,2%) тұр.
GPC Investment немен айналысады?
«GPC Investment» компаниясының акциясы түгел «Самұрық-Қазына» қорына тиесілі еді. Ол «Қашаған» кен орнында ілеспе мұнай газын өңдеумен айналысатын зауыт салып жатыр. «Қашаған» кен орны Атырау облысының Мақат ауданында орналасқан.
Жоба ілеспе мұнай газын тазарту және төмен температурада конденсациялаудың заманауи, тиімді технологияларын пайдалана отырып, барынша таза өнім шығаруға бағытталған.
Зауыттың қуаттылығы жылына Қашаған кен орнынан алынатын 1 млрд текше метрге дейін шикі газ өңдеуге жетеді.
Газ өңдеу зауыты Атырау қаласынан 60 шақырым жерде, NCOC-тың «Болашақ» біріктірілген мұнай өңдеу зауытының жанында салынып жатыр.
Зауыт құрылысы кезінде 2500-ге дейін уақытша жұмыс орны ашылған. Ал пайдалану кезінде 600-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады. Зауытты 2025 жылдың ІІ тоқсанында қолдануға беру жоспарланған.
2023 жылдың қараша айында Жомарт Жасанов компанияның бас директоры болып тағайындалды.
«Самұрық-Қазына» Қатардың Power International Holding холдингіне «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні сататынын хабарлаған. Ол Tele2 және ALTEL брендтеріне иелік етеді. Үшжақты келісімге тараптар Қазақстан Президентінің Қатарға ресми сапары шеңберінде қол қойған.