Жаңалықтар

Рolymetal international ресейлік бизнесін 3,69 млрд долларға сатпақ

 Рolymetal international plc
Рolymetal international plc ресейлік бизнесін қаншаға сатады? Фото: shutterstock және wikimedia commons

Алтын және күміс өндіруші Рolymetal international plc компаниялар тобы ресейлік бизнесін сататын болды. Ол 69 миллиард АҚШ долларына бағаланып отыр. Компанияны «Мангазея Плюс» АҚ сатып алмақ. Мәміле акционерлер жиналысында мақұлдануы тиіс. Келісім акционерлердің мақұлдауын қоса алғанда, бірқатар шартқа бағынады.

«Директорлар кеңесі, Директорлар кеңесінің арнайы комитеті және басшылық Компанияның акционерлік құнын қалпына келтіру және Топтың ресейлік бизнесін сату арқылы оның даму стратегиясын қайта бастауға қатысты міндеттемелерді орындауды мақсат тұтып отыр. Ұсынылған шарттар бойынша жылдам, ашық және санкцияларға сәйкес мәміле барлық мүдделі тараптың сұранысына жауап береді. Мәміленің аяқталуы Компанияға тәуекелдерді айтарлықтай төмендету және тұрақты ақша ағынын қалыптастыру, жаңа инвестициялық жобаларға шоғырлануға мүмкіндік береді. Директорлар кеңесі сату туралы ұсынылған шешімді қолдап дауыс беруді ұсынады», – дейді Топтың бас атқарушы директоры Виталий Несис.

Баспасөз хабарламасында бұл мәміле компанияның Қазақстандағы бизнесіне назар аударуға мүмкіндік беретіні жазылған. Егер акционерлер мақұлдаса, ол Қазақстандағы бизнестің акционерлік құнын қалпына келтіреді. Сондай-ақ тәуекелдерді жойып, Қазақстандағы активтерінің қарыз жүктемесін азайтады.

2024 жылдың 16 ақпанында АҚШ Қазынашылық департаментінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы («OFAC») Рolymetal-ға санкция салмайтынын растаған.

Реттеуші мекеме рұқсат беріп, акционерлер мақұлдаса, мәміле 2024 жылдың наурыз айының соңына дейін жабылуы тиіс.

Мәміленің негізгі шарттары қандай?

Топтың ресейлік активі – «Полиметалл» АҚ-ның 100 пайыз акциясы «Мангазея Плюс» компаниясына сатылмақ. Мәміле шартына сәйкес, «Полиметалл» АҚ сыртқы және топ ішіндегі қарызын қоса алғанда 3,69 миллиард АҚШ долларына бағаланған. Бұл қаржының ішінде компания қарызымен қатар, төлейтін сыйақысы мен девиденді бар.

Мәміле бойынша бүкіл төлем санкцияға ілінбеген қаржы ұйымдары арқылы ресей рублінде төленеді.

Ресейлік бизнесінің сатылымынан топ 300 миллион АҚШ долларына тең таза пайда көрмек. Директорлар кеңесі бұл қаражатты Қазақстандағы Ертіс ТМК құрылысын қаржыландыру және Полиметалл тобының өтімділігін жақсартуға жұмсамақ.

Жыл басына Polymetal International компаниясының ірі акционері ауысқан. Оман үкіметіне тиесілі Mercury Investments International (MII) қорының еншілес ұйымы  –Maaden International Investment LL кен өндіруші компанияның 23,9% акциясын сатып алған. Нәтижесінде ол компанияның ірі акционеріне айналды.

Александр Несиске тиесілі ICT Holding-тің еншілес ұйымы  – Powerboom Investments Limited омандық компанияға өз иелігіндегі 113 201 189 акциясын сатқан. Мәміле нәтижесінде ICT Holding Polymetal-дағы өз үлесін толығымен өткізді. Сәйкесінше, ICT Holding өкілі Константин Янаков «Полиметал» директорлар кеңесінің құрамынан шыққан. Ал омандық компания өз өкілін директорлар кеңесінің құрамына жақын арада ұсынады. Мәміле құны жарияланбаған.

MII – Оманда тіркелген және Оман Сұлтанатының үкіметіне толық тиесілі инвестициялық компания. Ол Сұлтанаттың басым стратегиялық бағыттарына сәйкес, бірқатар халықаралық салаларға, соның ішінде тауар және қаржы секторындағы компанияларға инвестиция салады.

Ал «Полиметалдың» 23,9% акциясын сатып алған еншілес ұйымы MDI LLC компаниясының табиғи ресурстар өнеркәсібі. Соның ішінде металдар мен тау-кен өнеркәсібіне инвестиция салу үшін құрылған.

2023 жылы тамыз айында Polymetal Қазақстанға толығымен көшкенін жариялады. Компания өз акцияларына АХҚО биржасына шығару үшін бағасын белгіледі.

Редомициляция кезінде «Polymetal» Лондон қор биржасынан делистинг жасаған.