Маңғыстауда «ҚазТрансОйл» өрт сөндірушілері ереуілге шықты

Жарияланды (жаңартылды )
Маңғыстауда «ҚазТрансОйл» өрт сөндірушілері ереуілге шықты / shutterstock

Маңғыстау облысындағы «ҚазТрансОйл» компаниясының өрт сөндірушілері ереуілге шықты. Бұл туралы Lada.kz жазады.

Сайттың ақпаратына сүйенсек, өрт сөндірушілер Ақтау, Жаңаөзен, Жетібай, Қаражанбас және Қаламқас қалаларындағы жұмыстарды тоқтатқан. Өмірзақ ауылының өрт сөндірушілері де ереуілге шыққан.

Өрт сөндірушілердің айтуынша, олар ай сайын 130-дан 150 мың теңгеге дейін жалақы алады. Бұған қоса, еңбек демалысына 80 мың теңге алатындарын айтқан. Олар өз жалақысын 350 мың теңгеге дейін көтеруді талап етіп отыр. Сонымен қатар жыл сайын берілетін мерекелік сыйақылардың 100% төленіп, киімдерінің сапалы мөлшермен берілуін талап еткен.

Ереуілге шыққандар жариялаған бейнежазбада президент, премьер-министр мен Маңғыстау облысының әкіміне үндеу жариялаған. Үндеуде жұмысшыларды қудаламауды сұраған және талаптары орындалғанша, жұмысты тоқтататындарын айтқан.

Айта кетейік, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның таза пайдасы 60,9% төмендеп, 19,8 млрд теңгені құраған

«2022 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ таза пайдасы 19 млрд 801,7 млн теңгені құрады, бұл 2021 жылдың нәтижесінен 60,9% төмен», – делінген хабарламада. 

Бұл ретте «ҚазТрансОйл» АҚ шоғырландырылған түсім көлемі 2022 жылы 255 млрд 627,3 млн теңгені құраған, бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 7,3% жоғары.

Сонымен бірге, 2022 жылға компанияның жеке түсімі 212 млрд 136,2 млн теңгені құрады, бұл 2021 жылғы ұқсас көрсеткіштен 1,3% төмен.2022 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ-тың жеке таза пайдасы 8 млрд 369,3 млн теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 78,3% төмен.

Сондай-ақ оқыңыз