Жаңалықтар

«Оңтүстік Қаратұрын» кен орнын игеріп жатқан «Бозашы Мұнай» компаниясына 350 млн теңге айыппұл салынды

метан
Маңғыстау облысында атмосфераға 127 мың тонна метан тарады/Фото: Kayrros SAS.

«Оңтүстік Қаратұрын» кен орнын игеріп жатқан «Бозашы Мұнай» компаниясына 350 млн теңге айыппұл салынды. Маңғыстау облысы Экология департаменті жоспардан тыс жүргізілген тексеруден соң осындай шешім қабылдады.

«Маңғыстау облысы Экология департаменті «Қаратұрын» кен орнындағы ұңғыманың жану фактісі бойынша «Бузачи Нефть» ЖШС-ға қатысты жоспардан тыс тексеруді аяқтады. 2023 жылғы 9 маусымда №303 ұңғымада бұрғылау құбырын көтеру кезінде ұзақтығы 200 тәулік болатын табиғи газдың өрті орын алды. Экология департаментінің мамандары атмосфералық ауаны ластаушы заттардың бар-жоғына бірнеше рет өлшеу жасады және олардың нәтижесі ауада метанның шамадан тыс мөлшерін көрсетті», – деп нақтылады Экология департаменті.

2024 жылғы қаңтарда Экология департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, экологиялық заңнама талабы бұзылғанын анықтаған.

«Атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының метан бойынша 480 есе, мұнай өнімдері бойынша топырақта 168,13 мг/кг артқаны анықталды. Берілген рұқсатқа сәйкес, ұңғыманы бұрғылау 2024 жылы басталуы керек еді, бірақ 2023 жылдың мамырында басталды. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға келтірілген экологиялық залалды жою, сондай-ақ қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін сақтау бойынша ремедиация бағдарламасын әзірлеу қажеттілігі туралы нұсқама берілді. 4 әкімшілік хаттама жасалды. Алдын ала есептеулер бойынша айыппұл 350 млн теңгеден асады», – деп нақтылады Маңғыстау облысы Экология департаменті.

Бұған дейін Маңғыстау облысындағы «Бозашы Мұнай» ЖШС игеріп жатқан «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнында 2023 жылы болған апаттың салдарынан атмосфераға 127 мың тонна метан тарағаны белгілі болды. Ғалымдар ғарыштан түсірілген  сурет негізінде осындай мәлімдеме жасады.

«2023 жылы ұңғымада болған апаттан кейін 127 мың тонна газ ағып кетті деген болжам бар. Өрт 6 айдан кейін сөндірілді. Метан жаһандық жылынудың негізгі себебі болып табылатын көмірқышқыл газына қарағанда күшті газ. Оның жылыну қабілеті алғашқы 20 жыл ішінде көмірқышқыл газынан 80 есе артық. Метанның ғаламшардың жылынуына әсері бір жылда 717 мың автокөлік жылыну процесіне әсер еткендей болды», – деп жазды ВВС.

БҰҰ Халықаралық метан обсерваториясының басшысы Манфреди Кальтагироне метанның ағу ауқымы тым үлкен екенін алға тарса, Валенсия политехникалық университетінің қызметкері Луис Гуантер Қазақстанда атмосфераға метанның тарау көлемі әлем бойынша рекордтық көрсеткіштердің біріне айналғанын айтты.

«Бұған дейін «Солтүстік ағын 1» және «Солтүстік ағын 2» құбырларындағы жарылыстан атмосфераға 230 мың тонна метан тарады», – деді Валенсия политехникалық университетінің қызметкері.

Маңғыстау облысының экология департаменті 2023 жылғы 9 маусым мен 21 қыркүйек аралығында ауадағы метан концентрациясы рұқсат етілген нормадан 10 есе асып кеткенін растаған. Бұған қоса экология департаменті метан ауаға алғаш тараған кезде рұқсат етілген деңгейден 50 есе жоғары болғанын атап өткен.

«Оңтүстік Қаратұрын» мұнай кен орнындағы өрттің хронологиясы

Естеріңізге салайық, 2023 жылғы 9 маусымда Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі «Бозашы Мұнай» ЖШС «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнында өрт болып жатқаны туралы хабар таратты.

«Өрт 1088 метр тереңдіктен бұрғылау құралының көтерілуі нәтижесінде пайда болған. № 303 ұңғымадағы ашық газ субұрқағында газ-су қоспасының шығарылуы өрттің пайда болуына тікелей әсер еткен», – делінді хабарламада.

3 тамызда Батыс ғалымдары Қазақстанда шектен тыс метан ағып жатқанын жариялап, дабыл қақты.  Француздық Кayrros SAS геоаналитикалық компаниясы спутниктер бір айда Қазақстан аймағынан  9 рет метан бұлтын байқағандарын, кен орнынан шығатын шығарындылардың жылдамдығы сағатына 35-тен 107 метрикалық тонна метанды құрап жатқанын жариялады.

Бұл деректі Нидерланды ғарыштық зерттеулер институтының SRON ғалымдары да растады. Ал, «Бозашы мұнай» компаниясы жоққа шығарды.

4 тамызда Экология департаменті «Оңтүстік Қаратұрын» кен орындағы өрт тұрғындарға қауіпті емес екенін мәлімдеген. «Оңтүстік Қаратұрын» кен орны ұңғымасындағы 6 айға созылған өрт 2023 жылғы 26 желтоқсанда сөндірілді.

«Бозашы Мұнай» ЖШС иесі кім?

«Бузачи нефть»  компаниясы 1993 жылғы 22 желтоқсанда тіркелген. Шикі мұнай және ілеспе газ өндірумен айналысады. Компания орта кәсіпорын болып табылады. Алғашқы жетекшісі – Сәуле Асанова. Uchet.kz хабарлағандай, компания 2022 жылы 8,2 млрд теңге салық төлеген. 2023 жылғы 7 тамыздағы жағдай бойынша қазынаға 13,18 млрд теңге аударған. Компанияның жалғыз құрылтайшысы – Мұрат Сафин.ОлMTA Securities & Investment Limited компаниясына тиесілі «Атыраумұнайгазгеология» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. 

Forbes-Қазақстанның 2013 жылғы рейтингі бойынша Қазақстанның ең бай 50 адамдары тізімінде 49-орында болған. Оның сол кездегі байлығы 82 млн долларға бағаланған.

Мұрат Сафиннің туған ағасы – Қанатбек Сафинов ҚР Парламенті Сенатының депутаты. Оның өмірбаяны мұнай және энергетика саласымен тығыз байланысты. Өзінің карьералық жолын лауазымды қызметтен бастаған. Кейінгі жылдары мемлекеттік маңызы бар ұлттық компанияларға басшылық еткен. 2019 жылға дейін Қанатбек Сафинов «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ құқықтық қамтамасыз ету бойынша басқарушы директоры болды. «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдинг» АҚ басқарушы директоры қызметін атқарды. «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі болып жұмыс істеді. Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің, Мұнай және газ министрлігінің, Энергетика министрлігінің жауапты хатшысы лауазымын атқарды.