Аязға байланысты Астана мен бірқатар өңірлердің мектептері қашықтан оқуға көшірілді

Жарияланды
Аязға байланысты
-38 градусқа дейінгі аязға байланысты бірнеше өңір мектептері онлайн оқуға көшірілді /Фото: Астана әкімшілігі

Аязға байланысты Астана мен бірқатар өңірлердің мектептері онлайн оқу форматына көшірілді. Бұл жайлы әр өңірдің білім басқармалары хабарлады.

Елорда әкімдігінің ресми сайтында Астана оқушылары үйден оқитыны жазылған.

«2024 жылғы 19 ақпан күні ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысымның 0-11 (12)сынып оқушылары және колледждердің 1-2 курстың студенттері (9 сынып базасында) қашықтан оқыту форматына ауыстырылады», – деп жазылған.

Сонымен бірге Қостанай облысының біраз аудандарының оқушылары да қашықтан оқиды. Облыстық білім басқармасы кеше ауа температурасының -29 градусқа дейін төмендеуіне байланысты дүйсенбі күнгі сабақты 0-11 сыныптарының бірінші ауысым оқушылары онлайн форматта оқитынын хабарлаған. Сонымен бірге басқарма бүгін екінші ауысым оқушыларының да онлайн оқитынын хабарлады.

Қостанай қаласының мектептері мен Жітіқара, Әулеиекөл, Қарабалық, Жангелді, Ұзынкөл, Арқалық, Бейімбет Майлы, Алтынсарин, Наурызым, Рудный, Меңдіқара, Қарасу, Қамысты аудандарының мектептері қашықтан оқуға көшірілді.

Қарағанды қаласының білім бөлімі 19.02.2024 жылдың ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші ауысым оқушыларының сабақтары қашықтан оқуға көшірілгенін хабарлады.

Ал Абай облысында 2024 жылғы 19 ақпан күні ауа райының қолайсыздығына байланысты І ауысымда оқитын барлық мектептің 1-11 сынып оқушылары үшін сабақ қашықтан оқыту форматына ауыстырылған. Оның ішінде Жарма, Абай, Ақсуат, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Көкпекті, Үржар аудандарындағы, Курчатов, Семей қалалары бар.

«Қазгидромет» болжамы бойынша Қазақстанның басым бөлігінде аяз сақталған. Ақмола облысында ауа температурасы күндіз -33 градус болса, түнде -38-ге дейін төмендейді.

Ал Қарағанды мен Қостанай өңірінде ауа температурасы шамамен -28-31 градусқа дейін төмендейді.

Ал Абай облысында -36 градусқа дейін аяз болады. Өңірлерде мұнай ауа райы бірнеше күн бойы сақталады.

Сондай-ақ оқыңыз