Жаңалықтар

Біріккен Араб Әмірліктері санкцияға байланысты Ресеймен есеп айырысуды шектеді

Біріккен Араб Әмірліктерінің
Біріккен Араб Әмірліктерінің банктері ресейлік есепшоттарды себепсіз жаба бастаған / Фото: kursiv.media

Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) банктері санкциялардың қайталану қаупіне байланысты Ресеймен есеп айырысуды шектеді. Бұл жайлы Ресей басылымдары хабарлады.

Біріккен Араб Әмірліктерінде жұмыс істейтін бизнесмендер мен компаниялардың және тұлғалардың шоттары жабыла бастаған.

«Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі банктері Ресей Федерациясымен есеп айырысуды шектеп, клиенттердің шоттарын жаба бастады. Олар Ресейден ақша қабылдамайды және қарама-қарсы бағытта төлемдер жүргізбейді. Шот иелері Ресей азаматтары. Олардың есепшоттары түсініксіз себептермен жабылған», – деп жазады «Ведомости» басылымы.

Бұл ақпаратты БАӘ-де кеңселері бар кәсіпкерлер де растаған. Олардың айтуынша, қиындықтар 2023 жылдың желтоқсанында АҚШ президентінің екінші реттік санкциялар туралы жарлығы шыққанға дейін басталған. Бұл жарлықтан кейін Түркия мен Қытай Ресейден келген клиенттерге қатысты саясатын күрт өзгерткен. Бұл үрдісті салық және заң кеңесшілері де растап отыр.

Ресей билігінің бұл мәселеден хабардар екені айтылады. Ол жақтағылар бұған шешуге болатын мәселе деп қарайды.

Еске сала кетсек, бір жыл бұрын АҚШ Ресейдің бірқатар қаржы ұйымдарына қарсы блоктау санкциясын енгізген болатын.

АҚШ Қаржы министрлігінің хабарламасында олардың арасында Мәскеу Кредит Банкі (MCB), «Санкт-Петербург», «Уральсиб», «Зенит «және МТС Банк бар екені жазылған.

SDN тізіміне сонымен қатар Ланта-банк, Металлинвестбанк, «Левобережный», «Приморье», СДМ-банк және Урал даму банкі кірген.

АҚШ Қаржы министрлігі бұл қаржы институттарымен операцияларды доғаруға 2023 жылдың 25 мамырына дейін уақыт берді.

Сонымен бірге жақында Ресей мен Түркия АҚШ-тың қайталама санкцияларының қаупіне байланысты  аударымдар мәселесін шешу үшін бірлескен банк құру мәселесін талқылап жатқаны хабарланды.

Мұндай банк құру мүмкіндігі әлі талқылау үстінде. Бұл мәселен Ресей президенті Владимир Путиннің Түркияға алдағы сапары барысында жоғары деңгейде келіссөздер арқылы шешілмек.