Жаңалықтар

Инфляцияны есептеу әдістемесі өзгермек: пилоттық жоба мамыр айында іске қосылады

инфляцияны
Инфляцияны есептеу әдістемесі өзгермек. Фото: shutterstock.com

Қазақстанда инфляцияны есептеу әдістемесі өзгермек. Пилоттық жоба мамыр айында іске қосылады. 2025 жылы сол әдістемеге толық көшу жоспарланған. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырыста айтылды.

Сонымен қатар Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда желілері мен сауда нүктелеріндегі бағасына егжей-тегжей және ашық мониторинг жүргізу үшін тауарлардың ұлттық каталогы енгізілмек.

Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, ХВҚ сарапшылары ҰСБ-ның осы әдістемеге көшуіне көмектесетін басым ұсынымдар берілген.

Біріншіден, айлық инфляция көрсеткішісін 3 апта деректерін қамти отырып қалыптастыру. Бұған дейін апта сайынғы дерек ескеріліп келген.

Екіншіден, үй шаруашылықтарының бөлшек сатып алуын нақты көрсететін деректерді терең талдау. Үшіншіден, жекелеген тауар түрлері үшін эксперименталды индекстерді есептеу.

«Жұмыс жоспарымызға сәйкес, наурыз айында жаңа әдістемені пысықтауды аяқтаймыз. Сәуір айында бағдарламаға өзгерістер енгізіледі, ал мамырда индекстерді есептеуге қатысты пилоттық жобаны бастауды жоспарлап отырмыз. Келер жылдың басынан жаңа әдістемеге толықтай көшеміз», — деді Мақсат Тұрлыбаев.

«Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС бас директоры Бикеш Құрманғалиева сауда желілерінің тауар тізбектемесіне көшу жайын айтып өтті.

Инфляция мониторингінің қазіргі жүйесінде баға көрсеткіштерін жинау мен талдау ұзақ уақыт алады. Оған көп күш кетеді. Салық деректері операторының деректерінде тауарларды бірыңғай жіктеу мен кодтау жүйесі жоқ. Мәліметтерді өңдеу процесін жеңілдету және сенімділігін арттыру үшін біртұтас өнім тізбектемесін енгізу қажет.

Заңнамада тауарлардың ұлттық каталогы тауар анықтамалығы ретінде пайдалану міндеттелген. Қазақстанда тауарлар мен қызметтер туралы ақпаратты жинау мен есепке алуды цифрландыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Цифрланған деректер инфляцияны бақылау үшін қажет статистиканың сапасын жақсартуға арналған.

Инфляция қалай есептеледі?

 Ұлттық статистика бюросы ай сайын елдегі инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағаларының индексін есептейді.

Тұтыну бағаларының индексі белгілі бір тауар мен қызмет бағасының нақты бір уақыт аралығындағы өзгеруін көрсетеді. Бұл орташа есептелген көрсеткіш, оны есептеу үшін халықтың жеке тұтыну үшін сатып алған тауары мен қызметінің үлес салмағы және баға өзгерісі ескеріледі.  

Бюро қызметкерлері базалық объектілерді аралап, ай сайын баға мониторингін жүргізеді. Бұл негізінен – супермаркет, дүкен, базарлар, әлеуметтік дүкендер, сауда үйлері, сондай-ақ әртүрлі қызметтерді ұсынатын объектілер. Барлық тиісті елдімекендерді қосқанда, ондағы бақыланатын нысан саны 10 мыңнан асады.

Қаңтар айында қазақстандағы инфляция 9,5%-ға дейін баяулады.