Сарапшы: БЖЗҚ активтерін пайдалану – «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» алған несие тәуекелі

Жарияланды
ҚҚҚ төрағасының орынбасары банк секторына шетелдік ойыншының келуін оң бағалайды / prodengi.kz

Борышкерлердің төлем қабілеті, жеке тұлға банкроттығы, бизнеске несие беру проблемасы және ақша-несие саясаты. «Курсив» тілшісі Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Ирина Кушнаревамен сұхбатта осы мәселелер талқыланды. Сонымен қатар назардан банк секторына шетелдік ойыншылардың келуі, қос биржаның бірігуі, БЖЗҚ қаражатының инфрақұрылымдық мақсатқа пайдалануы және банк секторының жетістіктері де назардан тысқары қалмады.

Жеке тұлғаға берілетін несиелер

– S&P агенттігінің дерегі бойынша, төлемге қабілетсіз борышкерлерді несиелеудің өсуі қаржы сегментіндегі активтер сапасына қысым жасап жатыр. Сектордағы мұндай қауіпті байқадыңыз ба?

S&P-нің 2023 жылғы маусымдағы банк секторындағы елдік және салалық тәуекелдерге қатысты бағалауында банк секторы активтері сапасының айтарлықтай жақсарғаны атап өтілген. Бұл BICRA тобының жоғарылауынан да, банктердің несие рейтингтерінің жоғарылауынан да көрініс табады. Сондай-ақ бағалауда несие портфелінің 1,5-1,7% мөлшеріндегі резервтерге жұмсалатын шығыстар орташа тарихи мәндерден едәуір төмен екендігі көрсетілген. Сондықтан төлемге қабілетсіз қарыз алушыларды несиелеу туралы мәлімдемеге негіз жоқ. Ықтимал тәуекел «төлем қабілеті шектеулі сегменттердегі несиелендірудің жылдам өсуі банк секторының активтерінің сапасына қысым жасауы мүмкін» деп көрсетілді. Бұл – дұрыс. Алайда 2023 жылдың қорытындысы бойынша қарыз портфелінің сапасы жалпы алғанда жақсарды (NPL 3,4-тен 2,9 пайызға төмендетілді). Жұмыс істемейтін займдар көлемін төмендету бойынша жұмыс жалғасып жатыр (бір жыл бұрынғы 146 млрд теңгеге өсуге қарсы +49 млрд теңге). 2023 жылы бөлшек сегменттегі несиелеудің өсім қарқыны баяулады (бір жыл бұрынғы 31,3 пайыздан 26,7 пайызға). Бизнеске несие беру жеделдеді (13,9-дан 16,7 пайызға).

Жеке тұлғаның банкроттығы секілді бастамалар азаматтардың несие жүктемесін қаншалықты жеңілдетуі мүмкін?

Жеке тұлғалардың банкроттығы – өз несие міндеттемесін орындай алмай отырған азаматтар тобын анықтаудағы қажетті әрі дұрыс механизм. Сонымен қатар банкроттық процедурасының амнистия емес екенін, ол жерде қарызды өтеп тастап қайтадан жаңа несие рәсімдеу мүмкіндігінің жоқтығын түсіну керек. Мүмкін, соттан тыс банкроттық біреуге қарыздарын өтеу кезінде туындаған мәселелерді шешудің қарапайым әдісі болып көрінуі мүмкін. Алайда болашақта несие немесе бөліп төлеу рәсімдеудің қолжетімді болмайтынын дұрыс бағамдай алуы шарт. Жалпы, жеке тұлғалардың банкроттығы институты біздің елдегі жаңа бастама. Сондықтан оның енгізілуі кейбір процедуралық жағдайларды реттеуді қажет етуі ықтимал.

Бизнеске несие берудегі қиындықтар

– Қазір бизнесті несиелеу мәселесі өте өзекті. Базалық ставканың өсуімен несие пайыздары да қымбаттады. Кәсіпкерлер «банк бізден кепілге мүлік талап етеді, ал бізде оған мүмкіндік жоқ» деп шағымданады. Қазақстан алдағы уақытта бизнесті несиелеудің оңтайлы шешімін таба ала ма?

Бұл сұрақта 2 аспекті бар: несиенің құны және займ қайтаруды қамтамасыз ету қажеттілігін ұсыну. Құнға келер болсақ, базалық ставка мен несие ресурсы жалпы құнының көтерілуі экономикадағы инфляцияның жоғарғы деңгейіне жауап болды. Банктер үшін сыйақысы өтеу кезінде құнсызданып кететін несиені ұсынудың экономикалық мәні жоқ. Өйткені олар банкте орналастырған ақшасы үшін сыйақы алғысы келетін депозиторлардың да мүддесін ойлайды. Себебі, депозит бойынша ставка да өсіп кетті. Дегенмен 2023 жылы кәсіпкерлік субъектілеріне жалпы сомасы 16 трлн теңгеге несие берілді. Соның ішінде шағын бизнеске – 6,7 трлн теңге, орта бизнеске – 2,2 трлн теңге, ірі бизнеске – 7 трлн теңге.

«Даму» дерегінше, былтыр 0,8 трлн теңге сомасына несиелерді субсидиялау жүзеге асырылды. Осылайша, несиелердің басым бөлігі нарықтық ставкамен берілді, сәйкесінше кәсіпкерлер тарапынан сұраныс болды. Кепілдікке келетін болсақ, ол қауіпсіз және тиімді несиелеудің негізгі қағидасы. Егер жоба дұрыс дайындалса, кәсіпкер бүкіл тәуекелді ескерсе және тәуір бизнес жоспар ұсынса, бірақ кепіл жетіспей тұрса, онда кепіл алу мақсатымен «Даму» қорына жүгінсе болады.

Базалық мөлшерлеме тағы төмендей ме

– Ұлттық банктің қатаң ақша-несие саясатына қатысты не айтасыз? Реттеушінің монетарлық саясаты биыл қалай өрбуі тиіс?

Былтыр желтоқсанда болжамды инфляцияның төмендеуіне жауап ретінде Ұлттық банк базалық ставканы түсіре бастады және қазір ол 15,25 пайызды құрап отыр. ҚҚҚ тұрақты түрде қаржы нарығы қатысушыларының арасында инфляция және базалық ставка бойынша сауалнама жүргізеді. Ақпандағы сауалнаманың қорытындысы бойынша, елдегі инфляцияның баяулауы Ақша-несие саясаты департаментінің алдағы отырысында (23 ақпанда) базалық ставканы кезекті рет төмендету мүмкіндігін береді. Эксперттердің көбі (67 пайызы) мөлшерлеме 25 базалық тармаққа (15,0 пайызға) төмендейді деп күтеді. 12 айлық көкжиекте айтар болсақ эксперттердің инфляция және базалық ставка бойынша бағалауы ҰБ-мен салыстырғанда әлдеқайда консервативті – инфляцияның күтілетін деңгейі – 8,8 пайыз, базалық ставка – 12,5 пайыз.

Шетелдік банктердің келуінің экономикаға берер әсері

– Өткен жылғы Жолдауында Президент елге 3 шетелдік банк келеді деді. Елдің банк секторы шетелдік ойыншылар үшін қаншалықты қолайлы? Жалпы, сыртқы ойыншылардың кіруі сектордағы бәсекелестікті арттыра ма, әлде біздің банктер бәсекелі позицияға шығып қойды ма?

Нарыққа жаңа ойыншылардың, оның ішінде шетелдік ойыншылардың әлеуетті келуі бәсекелестікті күшейте алады. Бұл барлық қатысушыны қызметтер желісін жетілдіруге және кеңейтуге ықпал етеді. Клиенттерге қызмет көрсетуді жақсартуға және өнімдер бойынша неғұрлым тиімді шарттарды ұсынуға ынталандырады. Бұл ретте біздегі банктердің тең жартысы (21-дің 9-ы) ірі қаржы институттарының еншілес банктері немесе шетелдік қатысуы бар ұйымдар екенін ескеру керек. Алайда бұл банктер сол экономикалық және реттеушілік ортада жұмыс істейді. Сол себепті, бірнеше жаңа шетелдік ойыншылардың келуіне негіз болатын күмән бар. Банк секторы әлдеқайда реттелген сектор болып есептеледі. Бұл орайда қайтарымсыз негізде мемлекеттік қызметтердің кең спектрін ұсынады. Соның ішінде салықтық әкімшілендіруді де. Сонымен бірге, қазір қаржы секторына қатысты салық жүктемесін ұлғайту және кредиторлар құқығын шектеу талқыланып жатыр. Бұл жағдайда біздің «аса терең емес» нарыққа жаңа ірі ойыншылардың келуінің экономикалық орындылығы күрделі мәселе болып қала береді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша банк секторының басты жетістігі деп нені айтар едіңіз?

Былтыр корпоративті несиелеу жылдамдады және қарыз портфелі сапасының жақсаруы (+23 пайыз) сектор табысының өсіміне әсер етті. Бұл өз кезегінде капиталдандыру деңгейіне (+31 пайыз) оң ықпалын тигізді. Халықтың салымы 20,6 пайызға көбейді, бұл депозиторларға деген сенімнің артқанын көрсетеді. Осы позитивті тенденциялардың фонында банктердің рейтингі де жоғарылады. Мұны S&P, Moody’s және Fitch бағалаулары да растайды.

Қос биржаның бірігуі

– Сізге қойылу керек маңызды сауалдардың бірі – екі биржаның бірігуі. Көбі қор KASE базасында жұмыс істеу керек деп санайды. Бірақ ағылшын құқығымен жұмыс істейтін AIX биржасының да мүмкіндіктерін ескеру керек сияқты. Қос биржа арасындағы алтын аралықты қалай табамыз?

Мемлекет басшысы Қазақстанның қор нарығын дамыту үшін екі биржаның әлеуетін біріктіру туралы міндет белгіледі.  KASE мен AIX әлеуетін біріктірудің мейлінше тиімді тәсілі – Гонконг және Шанхай биржаларымен (Shanghai-Hong Kong Connect) ұқсастығы бойынша биржааралық байланыс құру. Бұл – ішкі қор нарығының әлеуетін және шетелдік инвесторлармен жұмыс істеу үшін артықшылықтарды біріктіреді. Биржааралық байланыс орнату биржалардың және жалпы қор нарығының одан әрі дамуына жол ашады. Соның ішінде отандық қор нарығының индикаторы мен индексін сақтауға ықпал етеді. Қос биржада саудаланатын құралдарға екі биржа брокерлерінің қолжеткізуіне, әртүрлі юрисдикциядағы листингке мүмкіндік береді. Сонымен қатар биржааралық линк құралдар бойынша өтімділіктің бірыңғай пулын жасайды. Елдегі капитал нарығын дамытудың дәйекті саясатын іске асыруға ықпал ететін болады.

БЖЗҚ қаражаты

– Өткен айда жарияланған жаңашылдықтың бірі – БЖЗҚ қаражатын инфрақұрылымдық мақсатқа пайдалану жайы. Көп эксперт бұған қарсы шықты. Үкімет 1,5 трлн теңге «Қазақстан Даму Банкі» және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы беріледі дейді. Бұл қаншалықты сенімді?

Қолда бар ақпарат бойынша, «Бәйтерек» және «Самұрық-Қазына» облигацияларын сатып алуға қатысты сөз болды. Облигациялар эмитенттері орналастырудан алынған қаражатпен қаржыландырылатын жобалардың табысты болу-болмауына қарамастан облигацияларды өтеу бойынша міндеттемелерді көтереді. Сондықтан инвестициялар тәуекелін «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» несие тәуекелі деңгейінде бағалауға болады. Салымшыларға инфляциядан кем дегенде 1-2% асатын кірістілікті қамтамасыз ету маңызды. «Бәйтерек» ҰБХ жылдық 13% тіркелген купонмен 15 жылдық облигацияларды орналастырды.

Елдегі эконимикалық ахуалдың жайлы болуы мен инфляция деңгейінің төмендеуі күтіліп отырғандықтан, несие тәуекелінің деңгейі мен тиісті рейтинңдерді ескере келе және купон ставкасының ұзақ жылға шекті мөлшерлемемен бекітілгенін ескеріп,  БЖЗҚ портфеліне кірістілігі жоғары облигацияларды сатып алуға негіз бар секілді көрінеді.

Сондай-ақ оқыңыз