Алматы әуежайы жаңа терминалының құрылысына 200 млн доллар жұмсалған

Жарияланды
Алматы әуежайы жаңа терминалының құрылысына 200 млн доллар жұмсалған / shutterstock және freepik

Алматы әуежайы жаңа терминалының құрылысына 200 млн доллар жұмсалған. Бұл туралы қалада өткен баспасөз мәслихатында әуежай президенті Альп Эр Тунга Эрсой айтты.

Әуежай президентінің сөзіне сүйенсек, 200 млн долларды көлеміндегі қаржыны әуежайға иелік ететін TAV Airports Holding компаниясы инвестициялаған.

Алматы әуежайының жаңа терминалы маусым айында іске қосылуға тиіс. Альп Эр Тунга Эрсойдың сөзінше, терминал ғимараты құрылысының 13%-ы жасалып бітпеген. Ол жүйе толық дайын болған кезде терминалдың бірден іске қосылатынын атап өтті. 

«Бүгінгі таңда жаңа халықаралық терминал ғимаратының дайындық деңгейі 87%, орталық инженерлік қондырғы – 99%, әуеайлақ – 93%, вокзал маңы аумағы – 78%, эстакада – 80% құрайды»,– деді Эрсой.

Әуежайда не өзгереді?

Жаңа терминал халықаралық рейстерге қызмет етсе, қазіргі терминал ғимараты толыққанды ішкі рейстерге қызмет етеді. Жаңа және ескі терминалды байланыстыратын жер үсті өткелі салынған.

Жолаушыларды рейске тіркеуге арналған 50 қабылдау бекеттерімен, оған қосымша жүкті тиеу орындары болады. Бұған қоса, паспорт арқылы тану роботтары қойылмақ. Яғни жолаушылар әуежай қызметкерлеріне жүгінбей-ақ, робот көмегімен рейске тіркеліп, қажетті ақпаратты ала алады.

«Қазіргі ғимараттың жолаушыларды тіркеу мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, тіркеу кезіндегі кезекке көп шағым түседі. Қосымша терминал ашылғаннан кейін бұл мәселе шешілуі қажет. Қазір тіркеуден күту аймағынан дейін жету уақыт 15 минут болса, енді 3-4 минутқа дейін қысқарады», – деді әуежай президенті.

Бұдан бөлек, жаңа терминалда қосымша авто тұрақ ашылып, тағы үш авто көлік жолағы пайда болады. Және көлік кептелісін қысқарту үшін болашақта әуежай аумағына Ахметов көшесінен кіріп, Майлин көшесінен шығу жолдары қарастырылады. Айта кетейік, қазір айлаққа кіру-шығу жолдары Майлин көшесі бойында.

Алдағы жоспар

Әуежай басшылығының айтуынша, 2030 жылға қарай Алматы әкімдігі әуежай бағытында ЛРТ салуды жоспарлап отыр. Және пойыздың дәл әуежай ғимараты ішіне тоқтауы да мүмкін екендігі айтылған. Алайда оның нақты қай аймаққа келіп тоқтайтыны туралы шешім қабылданбаған. Әкімшілік шешім шығарғаннан кейін әуежай басшылығы инвестиция іздемек.

Бұдан бөлек, 2050 жылдан кейін әуежайдағы жолаушылар ағыны 25 миллионға жеткен тұста үшінші ұшып-қону жолағын салу жоспарланған.

Альп Эр Тунга Эрсой 2024 жылы Алматы әуежайында жолаушылар ағыны 10,5 миллионға жетеді деп болжап отыр. 2023 жылы бұл көрсеткіш рекордты 9,5 миллионды құраған. Алматыдан жолаушылар көбіне Мәскеу, Ташкент, Дубай, Анталья, Астана, Шымкент, Атырау және Ақтау бағытында ұшады.

Айта кетейік, Алматы халықаралық әуежайының президенті Алп Эр Тунга Эрсой 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін келтірілген залал үшін өтемақы алудан бас тартқанын айтқанын жазған едік.

«Терминал ғимаратына, дүкендерге, банкоматтарға зиян келтірілген еді. Алматы әуежайы жүйесі зардап шеккен жоқ. Әкімдік тарапынан қолдау туралы айтатын болсақ, біз ешкімнен қолдау сұрамадық. Себебі елде сақтандыру болды. Біз әуежай жабылған аптадағы пайдадан айырылдық. Бірақ бастысы елдегі тыныштық деп ойлаймын», – деді Алп Эр Тунга Эрсой. 

Айта кетейік, 2020 мамыр айында Түркияның TAV Airports Holding компаниясы Алматы әуежайы акциясының 100 пайызын сатып алған еді. Компания әуежайды толық сатып алу үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінен 450 млн доллар қарыз алған. Әуежайды сату бағасы 415 млн доллар болып бекітілген.

Сондай-ақ оқыңыз