Қызметінен босатылған Атырау мұнай өңдеу зауытының басшысы прокуратура арқылы жұмысқа қайта қабылдауды талап етті

Жарияланды (жаңартылды )
Қызметінен босатылған АМӨЗ басшысы прокуратура арқылы жұмысқа қайта қабылдауды талап етті/ Фото: kmg.kz және gov.kz

Атырау мұнай өңдеу зауыты бұрынғы бас директоры Ғалымжан Жусанбаев жұмыстан босатылуын заңсыз деп санап, аяқ асты болған құқығын қалпына келтіру үшін Атырау облысының прокуратурасына жүгінді.

«Мен бұл шешімді заңсыз және негізсіз деп есептеймін. Тексерудің басталуы мен комиссияның құрылғаны туралы ештеңе білмедім. Мені комиссия отырысына шақырмады және тыңдамады, комиссияның хаттамалық шешімімен таныспадым. Шешім менің уақытша еңбекке жарамсыздығым кезінде қабылданғандықтан, комиссияның және жоғары тұрған органның әрекетін заңсыз деп санаймын… Жоғарыда айтылғанға байланысты, өтінішімді тексеріп, менің бұзылған құқығымды қалпына келтіруіңізді сұраймын», – деп жазылды Ғалымжан Жусанбаевтың PetroCouncil.kz телеграмм-каналында жарияланған арызында.

Ол 10 қаңтарда Атырау мұнай өңдеу зауыты бас директоры болып тағайындалғанын, 18 ақпаннан бүгінге дейін (20 ақпан) амбулаторлық ем қабылдап жатқанын еске салды.

«2024 жылғы 18 ақпаннан бастап амбулаторлық ем алып жатырмын. Кеше, яғни 19.02.2024 жылы маға әлеуметтік желілерден «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ комиссиясының жұмыс қорытындысы бойынша мені қызметтен босату туралы шешім қабылданғаны, 19.02.2024 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ресми сайтында және басқа да әлеуметтік желілерде комиссия шешімін орналастыру арқылы бас директордың міндеті менің орынбасарым О.А.Лызловқа жүктелгені белгілі болды», – деді Ғ.Жусанбаев.

Оқиғаның мәнісі

Бұған дейін АМӨЗ бас директоры Ғалымжан Жусанбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ол үндеуінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшылығы оған зауыттағы жағдай туралы БАҚ-та сөйлеуге тыйым салғанын мәлімдеді.

19 ақпанда Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры мен бас инженері қызметінен босатылғаны белгілі болды.

«Бас директордың міндеттері келесі шешімдер қабылданғанға дейін «Атырау МӨЗ» ЖШС бас директорының орынбасары – техникалық директоры Олег Александрович Лызловқа жүктеледі», – делінді осыған қатысты хабарламада.

Бұған қоса зауыт басшылығында бас директордың бес орынбасары мен басқарма мүшелері қалды. Олар – Наиль Хакимов, Дамир Ахметов, Қуаныш Қапақов, Сәлімжан Нақпаев және Берік Жұмағалиев . Соңғысы – құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры және басқарма мүшесі. Қалғандарының барлығы бас директордың орынбасарлары.

ҚМГ зауыт мұнай өнімдерін өндіру мен жөнелтуді әдеттегідей жалғастырып жатқанын жариялады.

Ғ.Жусанбаевтың айтуынша, 2020-2023 жылдар аралығында зауыт еншілес компаниялар тобынан құны 150 млрд теңгеден асатын тауар мен қызметті жоғарылатылған бағамен сатып алған.

Сондай-ақ зауыт кокс пен түйіршіктелген күкіртті шектен тыс сақтауда көрсетілген экологиялық заңнаманы бұзып отыр. Өндірісте тиісті есепке алу бойынша бақылау жүргізілмеген, бұл шығын көрсеткішін асыра бағалауға әкеліп соқтырған.

«Зауыт аумағында бірнеше төтенше жағдай орын алды. Тәжікстан Республикасына гуманитарлық көмек ретінде 15 мың тонна мазут жеткізуде іркіліс болды. Бас директордың орынбасарлары жұмысты тиісінше ұйымдастыра алмауының салдарынан мазут құбыры қатып қалған. Сөйтіп тиеу 6 күнге кешігіп басталды», – деді Ғ.Жусанбаев.

Ол 2024 жылғы 15 ақпанда айналым компрессоры істен шыққанын айтты. Алдын ала тергеу барысында бұл жабдық ұзақ жылдар бойы жоспарлы жөндеусіз жұмыс істегені белгілі болғанын мәлімдеді.

«Кәсіпорын қызметінде көптеген заң бұзушылықтың бар екені туралы  фактілердің ашылуы осыған жауапты лауазымды тұлғалардың және коммерциялық құрылымдардың негізсіз үстеме кіріс алуына мүдделі тұлғалардың наразылығын туғызды. Бұл адамдар менің атымды қаралау және өздерінің әрекеттері туралы фактілерді жасыру үшін маған қарсы ақпараттық науқан бастады», – деді Ғ.Жусанбаев.

АМӨЗ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан кәсіпорынға объективті және тәуелсіз аудит жүргізуді бастауды, сондай-ақ өндіріс жоспарын бұзған зауыт жұмысшыларына шара қолдануды сұрады.

Ғалымжан Жусанбаев кім

Ғ.Жусанбаев мұнай-химия саласында 2005 жылдан жұмыс істей бастады. Сол жылы «ТЭК-Алматы» компаниясы мен «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұлттық компаниясында мұнай өнімдері мен көмір жеткізумен айналысты.

«ТЭК-Алматы» Тимур Құлыбаевқа тиесілі компаниялардың бірі болған. 2001 жылы 91,8 млн теңге беріп, ҚТЖ-ның жанармай қоймаларын пайдаланған. Осындай қоймаларды ҚТЖ-дан «ТЭК-Астана» және «ТЭК-Батыс» компаниялары да алған. Кейін біріккен компания ТД «ТЭК-Қазақстан» деп аталып, жанармай қоймаларының құқығын «ТЭК-Қазақстанға» тіркеген. 2023 жылы сот жанармай қоймаларын ҚТЖ-ға қайтару туралы шешім қабылдады.

Ғ.Жусанбаев сонымен қатар SAT Operating Aktau мұнай-химия зауытының директоры, «Шымкент мұнай өнімдері» компаниясының директоры болған. Petro Export-та да жұмыс істеген.

Kompra дерегінше, тағайындалғанға дейін Ғ.Жусанбаев жеке жылжымайтын мүлікті жалға берумен, басқарумен, жылу электр станцияларынан электр энергиясын өндірумен, электр желілері мен телекоммуникацияларды салумен және электр энергиясын берумен айналысатын Sat Operating Atyrau компаниясының топ-менеджері қызметін атқарған.

Egov-та компания Қазақстан Petrochemical Industries компаниясына, ал ол «ҚазМұнайГаз» (49,5%), Samruk-Kazyna Ondeu (49,5%, екеуі де «Самұрық-Қазынаға» тиесілі) және «Алмекс+» фирмасына (1%) Тимур Құлыбаевқа тиесілі екені жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз