Қазақстанда 35 жасқа дейінгі адамдар көлік апаты мен суицидтен жиі қайтыс болады

Жарияланды

Қазақстанда жасөспірімдердің дені суицид жасайды/ архив kursiv.media

Қазақстанда 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің дені суицид жасайды. Ал 10-34 жас аралығындағы азаматтар көлік апатынан және өз-өзіне қол жұмсаудан қайтыс болады. Бұл туралы сенатта өткен үкімет сағатында айтылды.

«Ұлттық статистика бюросының 2022 жылғы мәліметі бойынша, 10-34 жас аралығындағы жастардың өліміне негізінен жазатайым оқиға, улану, жарақаттану, көлік апаты және суицид себеп болады. 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында суицид бірінші орында тұр. Бұған  психикалық мәселелер түрткі болады», – деді Қазақстандағы БҰҰ Балалар қоры бағдарламасының үйлестірушісі Айгүл Қадырова.

Оның айтуынша, адамдарда психикалық өзгерістің 50%-ы –14 жаста, 75%-ы – 24 жаста басталады. Көптеген жағдайда психикалық өзгеріс анықталмайды және емделмейді. 15-19 жас аралығындағы жастардың өліміне негізінен суға бату, құлау, эпилепсия, төменгі тыныс жолдарының инфекциясы және лейкоз себеп болады екен.

«Адамдардың жас кезінде өлуі демографияға кері әсер етеді. Жазатайым оқиғадан болатын өлім-жітімді тереңірек зерттеу қажет», – деді Айгүл Қадырова.

«Қазақстандағы адамдардың өлім-жітімі мен өмір сүру ұзақтығын зерделеген кезде жастардың жол-көлік оқиғаларынан және өз-өзіне қол жұмсаудан қайтыс болатыны анықталды», – деді ол сенаттағы үкімет  сағатында сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ оқыңыз