3 облыс халқын 27 жыл бойы сумен қамти алады: Көкжиде су қорын мұнайдың ластауынан сақтай аламыз ба?

Жарияланды
Көкжиде жерасты су қоры
Көкжиде жер асты су қоры үстіндегі мұнай компаниялары 2031 жылға қарай жұмысын тоқтатады / Коллаж: kursiv.media

Ақтөбе облысында құмның астында үлкен Көкжиде жер асты су қоры бар. Су қорымен бірге бұл маңда мұнай қоры да жеткілікті. Дәл су қорының үстінде қазіргі таңда 6 мұнай компаниясының бұрғылары орнатылған. Таразының бір басында қаражаты ауыр түсетін мұнай қоры тұрса, бір басында «сұрауы бар» су ресурсы тұр. Бұл жәй техникалық су емес, таза, тұнық ауыз су. Мамандар бұл су қоры үш облыс халқын 27 жыл бойы үздіксіз сумен қамти алатынын айтады.

Қазақстандағы су проблемасы 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында:

«Шыны керек, біз суды тым орынсыз жұмсаймыз. «Судың да сұрауы бар». Бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, тиімді тұстарын алу қажет. Елді сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге болады. Өнеркәсіпте, агросекторда, коммуналдық шаруашылықта, жалпы, барлық салада суды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән беру қажет»,- деді.

2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Өткен жылғы жаз айының өзінде Қазақстанды түрлі көкөніс пен дәнді-дақылдармен қамтып отырған Жамбыл облысының шаруалары бұл тапшылықты шын сезінді. Егіндер қурап, жергілікті ауқымда төтенше жағдай жарияланды.  

Жамбылдағы құрғақшылықтан Қырғызстаннан келетін су көлемінің аз болуына байланысты 350-ге жуық шаруа зардап шекті. 7,8 мың гектар жерге егін шықпай қалды.  Үкімет бұл жағдайды реттеу үшін Жамбыл облысының аграрларына келтірілген шығынды өтеуге резервтен 3,7 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.

Сонымен бірге Каспий теңізінің тартылуы мәселесін шешу үшін Ақтау қаласында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Мамандардың есебі алдағы онжылдықта әлемнің көптеген ірі тұщы және тұзды су қоймаларында су деңгейі айтарлықтай төмендеуі мүмкін екенін көрсетті. Бұл, әсіресе, Каспий теңізіне қатысты. Оның бетіндегі су тез буланып, қыста су қоймасының солтүстік бөлігінде мұз жамылғысы жоғалып кетуіне байланысты, ауданы күрт қысқарады деп болжануда.

Осы жағдайлардан кейін бұл проблеманың қаншалықты маңызды әрі  болашақтағы су тапшылығының елдегі жағдайға қаншалықты әсер етуі мүмкін екенін бағамдауға болады.

Азия даму банкінің (АДБ) болжамына сәйкес Орта Азияда су тапшылығы 2050 жылға қарай 37%-ды құрауы мүмкін. Мұндай тапшылық ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлеміне, азық-түлік қауіпсіздігі жағдайының нашарлауына және денсаулық көрсеткіштерінің нашарлауына әкеледі деп болжанады. Бұл ресурстардың шектелуі аймақтық қақтығыстар ықтималдығын арттыра түспек. Осы орайда АДБ Орталық және Батыс Азия, оған көршілес елдерін климат өзгерісінің барған сайын ауыр зардаптарын жою үшін бірлесіп жұмыс істеуге үндейді. Су мәселесіне қатысты бұл болжамдар Қазақстан билігін суды үнемдеуге ынталандыруға тиіс. Алайда Батыс Қазақстандағы бірегей су қоймасын сақтауда билік тиісті қадамдар жасай алмай отыр.

Көкжиде жер асты су қоймасы

Біз Көкжиде жер асты су қоры жайлы сөз қозғап отырмыз. Бұл су қоры Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Жем және Темір өзендерінің суайрығында орналасқан. Су кеніші 1983 жылы зерттелген. Сол кездегі мәліметтерге сәйкес су көлемі тәулігіне 201,5 мың текше метрді құраған. Қазіргі таңда бұл су қорының тәуліктің көлемі 173,4 мың м3 дейін азайған. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, бұл көлемнің өзі Батыс Қазақстандағы үш облыс орталығының халқын ширек ғасыр бойы ауызсумен қамтуға жеткілікті.

«Кен орнының жер асты суларының қоры тәулігіне 173,4 мың м3 көлемінде расталды. Кен орнының қуаттылығы 27 жыл ішінде Батыс Қазақстанның үш облыс орталығының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,делінген министрлік жауабында.

Бұл аймақтан су қорымен бірге мұнай қоры да анықталған. Мұнай кеніші жерасты суының үстіңгі қабатында орналасқан. Бұл жердің мұнай қабатын игеру мақсатында алғашқы сейсмологиялық жұмыстар 1959 жылы жүргізіле бастаған. Ал 1968  жылдардан бастап мұнай өндіріліп келеді. Содан бері бұл жер сол өңір тұрғындарын алаңдататын экологиялық проблемалы аймаққа айналып кетті.

Экологтар бұл аймақта мұнай өндіру ауызсу қорына қауіпті екенін айтып келеді. Бірақ жер астынан қара алтын өндіріп жатқан компаниялар экология мәселесіне айтарлықтай ден қойып отырған жоқ.

6 мұнай компаниясы

Кейбір деректерге сүйенсек, құм астынан «СНПС-Ақтөбе­мұнайгаз» АҚ, «КМК-Мұнай» АҚ, «Фирма Ада Ойл» ЖШС, «Өріктау Оперейтинг» ЖШС, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «RAMCO Oil» ЖШС және «Aral Petroleum Capital» ЖШС мұнай өндіреді.  Жалпы, мұнай өндірісінің экологияға зиянсыз жүрмейтіні баршаға аян.

Зерттеу статистикасына сенсек, бір тамшы мұнай 25 литр ауызсуды ішуге жарамсыз етеді. Мұнайдан бөлек өндірісте түрлі бұрғылау ерітінділері, шламдар мен өндірістік және тұрмыстық ағынды сулар да болатыны анық. Сол себепті бұл өндірістік қалдықтардың жер астындағы су қорына зиян тигізбеуі еш мүмкін емес. Зерттеулерге сенсек, мұнай және газ ұңғымаларынан жер асты суларының ластануының үш негізгі жолы бар.

  • Ұңғымадан ағу жағдайлары;
  • Мұнайдың жер үстіне төгілуі;
  • Жерастында қабатындағы гидравликалық жарылыс.

Осы үш себепке байланысты топырақ ластанады. Ол жерасты суларына дейін өтіп, нәтижесінде су қорына үлкен зиян тигізуі мүмкін.

Мәселен, 2020 жылы зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде Көкжиде жер асты суларында мұнай өнімдерінің құрамы шекті рұқсат етілген концентрациядан 6 есеге дейін асып кеткені анықталған. Бұл жайлы депутаттардың бұрынғы үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында айтылған.

Депутаттардың мәлімдеуінше 2021 жылы Актөбе облысы бойынша экология департаменті облыс прокуратурасымен бірлесіп «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КМК-Мұнай» АҚ және «Фирма Ада Ойл» ЖШС қызметінде тексерулер жүргізіп, нәтижесінде Көкжиде құмдарының ластанғанын, солайша ҚР экологиялық заңнамасының бұзылғанын анықтаған. Компанияларға жалпы көлемі  1 миллиард теңгеден асатын сомаға айыппұл салынған.

Ал Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің бізге берген мәліметінде, су кенішінде «Ақпан» ЖШС зерттеу жүргізгені айтылған.  Аталмыш компания «Көкжиде» кен орнының жер асты суларына мониторинг жүргізу туралы 2021-2022 жылғы есебінде «Көкжиде» кен орнының контурында орналасқан мониторингтік ұңғымаларда мұнай өнімдерінің шекті рұқсат етілген концентрациясының (ШРК) артқаны көрсетілген. Ал ЖШС-нің  2023 жылғы мониторинг есептеріне ШРК-дан асып кету жағдайы тіркелмеген. Десе де, департаменттің өзі жүргізген тексеру барысында судың мұнаймен ластану жағдайы анықталған.

«Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті «Көкжиде» кен орнында көмірсутек шикізатын барлауды және өндіруді жүзеге асыратын компанияларда ҚР табиғат қорғау заңнамасының сақталуы бойынша 2023 жылдың 2-ші жартыжылдығында жүргізілген тексеріс кезінде: «СНПС-АМГ» АҚ-нан алынған жер асты судың құрамында мұнай өнімдерінің ШРК-нан (шекті рұқсат етілген канцентрация) асып кету жағдайы – бес ұңғымада, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС – үш ұңғымада, «Фирма Ада Ойл» ЖШС-  төрт ұңғымада, «Урихтау Оперейтинг» ЖШС – үш ұңғымада, «КМК Мұнай» АҚ – алты ұңғымада анықталды»,– дейді Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің экологы Баршагүл Аянова.

Экологтың айтуынша, жүргізілген жоспардан тыс тексерулер негізінде департамент компанияларға қатысты ҚР заңнамасының анықталған бұзушылықтары бойынша әкімшілік істер қозғап,  жоғарыда көрсетілген бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берген. Бірақ жер қойнауын пайдаланушылар департаменттің тексеру нәтижелерімен келіспей, тексеру актілерін заңсыз деп тану туралы шағым түсірген. Сондай-ақ бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларды жоғары тұрған мемлекеттік орган – Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне берген. Бірақ компаниялардың шағымын  Экологиялық реттеу және бақылау комитеті қанағаттандырудан бас тартқан.

«Бұдан әрі жер қойнауын пайдаланушылар осы талаптармен сотқа жүгінді. Жер қойнауын пайдаланушылардың әкімшілік талаптарының біртектілігіне (талаптардың ұқсастығына) байланысты сот бір әкімшілік іс жүргізуге біріктіру туралы шешім қабылдағанын атап өткен жөн. Астана қаласының әкімшілік соты әкімшілік талаптарды қанағаттандырды. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті сот шешіміне апелляциялық шағым берді», – дейді Аянова.

Мұнай өндірушілер не дейді?

ҚР су ресурстары және ирригация министрлігіне Көкжиде суын пайдаланып жатқан компаниялар жөнінде ақпарат алу үшін сауал жолдадық. Министрліктен келген жауапта Көкжиде жер асты су қорын пайдалануға 2020 жылғы 6 қарашада №KZ46VTE00030501 нөмірі бойынша «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на арнайы су пайдалану рұқсаты техникалық мақсатта берілгені айтылған.  Сонымен бірге бұл компанияның ҚР Экология, Геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» РММ-ден арнайы су пайдалануға берілген рұқсатқа сәйкес, Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылын сумен жабдықтау үшін су жинауды жүзеге асыратыны айтылған.

Біз бұл жерден көмірсутек өндіріп жатқан ең ірі мұнай компаниясымен байланысқа шығып, мәселенің мән-жайын өздерінен сұрадық. Біздің сауалымызға «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Тахталифум Есенғұлов жауап берді. Компания өкілінің айтуынша, бүгінде мұнай компаниясы Көкжиде су кенішінен тәулігінен 5 мың текше метр су өндіреді.

«Көкжиде кұмды алқабының батыс шекарасында орналасқан Кеңқияқ су өндіру аумағында 8 пайдалану және 9 бақылау ұңғымалары бұрғыланып, іске косылған. Су өндіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат 2020 жылы берілді.  Рұқсат мерзімі  04.07.2025 жылға дейін. Барлық ұңғымаларда өндірілген суды есепке алу аспаптары қондырылған және қатаң бақыланады. Су өндіру ұңғымаларында R-50 метрді кұрайтын қатаң режимдегі санитарлық корғау аймақтары белгіленген. Қазіргі таңда су өндіру тәулігіне 5000 текше метр көлемінде, оның ішінде: 2000 текше метр көлемі шаруашылық-ауыз суға қолданылса, 3000 текше метр «Кеңқиякмұнай» өндіру басқармасының өндірістік-техникалық объектілерінің қажеттілігіне өндіріліп отыр»,– дейді Есенғұлов.

Компания өкілінің мәлімдеуінше, Көкжиде кұмды массивінің коршаған ортасын корғау жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында «СНПС-АМГ» АҚ Ғылыми зерттеу институтымен (ҒЗИ) бірлесіп, 2005 жылы «Кенкияқ» кен орнында жерасты сулары мониторингінің бақылау желісін ұйымдастыру бойынша гидрогеологиялык жұмыстарды жүргізу жобасын әзірлеген.

«ҒЗИ әзірлеген жобаға сәйкес 2006 жылы кұмды массив шегінде бақылау гидрогеологиялык ұңғымалары салынды. Осы кен орнының гидрогеологиялық жағдайларын ескере отырып, ұңғымалардың бақылау желісі жерасты суларының ағыны бойынша (№НІ-Н17 ұңғымалары) және оған перпендикуляр (№Н18 Н20 ұңғымалары) салынды, яғни Кеңқияк кен орнының тұзасты шоғырларын пайдалану процесінде ластануға ұшырауы мүмкін аумақ қамтылды»,– дейді компания өкілі.

Тахталифум Есенғұловтың айтуынша, компания Көкжиде кұмды массивінде қосымша 7 бақылау ұңғымасын орнатқан. Олардың мақсаты – жерасты суларының статикалық деңгейі мен химиялык кұрамын және олардың техногендік процестердің әсерінен өзгеруін бақылау. Бұрғыланған бұл бақылау ұңғымалары арқылы 2007 жылдан бастап тоқсан сайын мердігерлік ұйымдар жерасты суларының жай-күйіне мониторниг жүргізеді. Мониторингтің қорытындысы мен есебі Батыс Қазақстан өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаментіне ұсынылып отырады.

Компания 2021 жылдан бері КСРО заманынан қалған Г-100, Г-112, Г-106 барлау ұнғымаларында мұнай операцияларының салдарын жою және іргелес аумақты қайта өндеу жұмыстарын жүргізу шараларын жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді.

«Сонымен бірге Көкжиде құмды массивінен 8755 тонна түрлі қалдықтар шығарылды, осы іс-шараға барлығы 303 425 723 теңге жұмсалды. Көкжиде құмды массивіне жақын Кеңкияк тұзасты кен орны бойынша ұнғымалардың құрылысы 0-186 м аралықта сулы горизонтты толық окшаулау үшін амбарсыз бұрғылау әдісімен және 5 шегендеу кұбыры түсірілді. Сондай-ак, «СНПС-Актөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы 2014 жылдан бастап Көкжиде құмды массивінде және оның жанында технологиялық объектілерді бұрғылау және енгізуді жүргізбейді»,– дейді Есенғұлов.

Сонымен бірге компания өкілі біздің «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» су қорын ластап жатқан жоқ па?» деген сауалымызға 2020 жылы кешенді тексеру жүргізілгенін, оған сәйкес су құрамынан мұнайдың шекті рұқсат етілген мөлшері анықталмағанын айтты.

Үкімет мәселені шешу үшін не істеп жатыр?

Ақтөбе облыстық экология департаментінің маманы Баршагүл Аянованың айтуынша бүгінгі таңда ҚР Экология және табиғи ресурстар Министрлігі 5 мұнай өндіруші компания бойынша «Көкжиде» кен орнындағы объектілерді кезең-кезеңімен жою жоспары келісілген.

Сондай-ақ жақында депутаттар экс-премьер-министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдап, «Көкжиде» су қорының үстінде тұрған компаниялардың жұмысын тоқтатуды сұрады. Смайылов бұл ұңғымалардың жұмысын қысқа мерзімде тоқтату мүмкін еместігін айтқан. Оның айтуынша, оларды кезең-кезеңімен тоқтату шаралары 2028-2030 жылдарға қарай бірақ мүмкін болмақ. Экс-премьер-министр жер қойнауын пайдаланушыларға Көкжиде жерасты сулары мен «Көкжиде» құмдары кен орнының контурына түсетін келісімшарттық аумақтардың бөліктерінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі жұмыстарды тоқтату туралы тиісті хабарламалар жіберілгенін мәлімдеді.

«Бұл ретте, мұнай кәсіпшілігінің дереу тоқтауы техногендік сипаттағы аварияларды тудырып қана қоймай, 1,5 мыңнан астам жұмыс орнының қысқаруына және жыл сайын шамамен 650 мың тонна көлемінде мұнай, 700 млн м3 газ өндіру бойынша шығындарға әкеп соғатынын атап айту жөн. Осыған байланысты жою жобаларына сәйкес ұңғымаларды кезең-кезеңімен тоқтату және пайдаланудан шығару орынды. Қазіргі уақытта барлық жер қойнауын пайдаланушылар 2028-2030 жылдарға дейін Ұңғымаларды кезең-кезеңімен жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті»,- деп жауап берген Смайылов.

Өз кезегінде экс-премьер-министрдің бұл сөзін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы да растады.

«Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен және Экология және табиғи ресурстар министрлігінің келісімі бойынша 2031 жылдың соңына дейін, Көкжиде кен орнының жерасты суларының жана контуры шегінде орналасқан пайдалану ұңғымаларын кезең-кезеңімен жою жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленгенін атап өту кажет. Аталған іс-шараға сәйкес Энергетика министрлігінің басшылығымен Көкжиде жерасты сулары аумағындағы жер қойнауын пайдалану мәселесін зерттеу бойынша «Жол картасы» әзірленіп, бекітілді. Осы картаға сәйкес «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бірінші болып, Кекнкияқ тұзасты кен орнының Көкжиде аумағында орналасқан ұнғымаларды жою жұмыстарын бастайды»,- деп мәлімдеді компания.

Мұнай компаниясы бұл ұңғымаларды жою жұмыстары «Көмірсутектерді барлау мен өндіру және уран өндіруді жүргізу кезіндегі консервациялау жане жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 22 мамырдағы № 200 бұйрығына сәйкес жүргізілетінін хабарлады.

Ал Экология министрі Ерлан Нысанбаев компаниялардың бұрғыларды тоқтату шаралары 2029 жылдан басталатынын айтты.

«Ақтөбе облысындағы Көкжиде су қоры ерекше табиғи орын. 2009 жылдармен салыстырғанда қазір жерасты көлінің көлемі екі есе өскен. Баяғыда оның көлемі 317 мың текше километр болса, қазір 600 мың текше километрге жеткен. Ол не деген сөз? Қазір жерасты көлі екі есе өсіп, бұрын құрғақ жерде тұрған мұнай бұрғылары көл аумағына кіріп кеткен. Осыған байланысты үкіметтің бекіткен жоспарымен, кезең-кезеңімен бес мұнай компаниясының скважинасын жабу туралы шешім шыққан. Мемлекет басшысы да бұл шараны қолдады. Алдағы уақытта Ада ойл, Қазмұнай газ, Урихтау оперейтинг, Қазақойл-Ақтөбе, СНПС-Актобемунайгаз секілді компаниялардың бұрғылары кезең-кезеңімен істен шыға бастайды. Біз «шаш ал, десе бас алмаймыз». Өйткені ол компанияларда өзіміздің азаматтарымыз жұмыс істеп жүр. Бірақ бұл мәселе министрлікте қаралып жатыр. 2029 жылға дейін жұмыстар жоспар бойынша аяқталады, қазіргі таңда мемлекеттік органдармен келісу процесі жүріп жатыр», деді министр.

Ол да, 5 мұнай скважинасының жұмысын бірден тоқтату техникалық тұрғыда мүмкін емес екенін айтты. Өйткені бір мұнай скважинасының жұмысын тоқтатудың өзі оңайға соқпайды және процесс дұрыс жүргізілмесе, су қоры екінші мәрте ластануы мүмкін.

«Мұнай ұңғымаларын тиісті жоюынсыз толықтай тоқтату, уақыт өте келе жер асы суларының ластануына әкеледі. Сондықтан 5 мұнай кәсіпорындарымен ұңғымаларды кезең-кезеңімен жою жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалды»,- деді бізге берген жауабында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Нұркен Шарбиев.

Яғни 2031 жылы барлық бес компания өз жұмысын тоқтатып, белгіленген талаптарға сай жерді қалпына келтіреді. Экологиялық кодекстің 138-бабына сәйкес компаниялар ремедиация жүргізуі тиіс.

Бұл мәселе қалай шешіледі?

Жалпы, компаниялар ластану фактілерін мойындамағанымен мұнай өндірісінде мұнай резервуарларынан шикізаттың төгілу, ағу жағдайлары жиі болады. АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің (USEPA) – Жер асты сақтау резервуарларын басқару жөніндегі есебінде жерге көмілген мұнай цистерналарынан ағу жағдайларының экологиялық қаупі резервуарлар ескірген сайын арта түсетіні айтылған. USEPA-ның 2011 жылғы статистикасына сәйкес, АҚШ-та 10 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан көмілген мұнай цистерналарының 71%-ында ағып кету жағдайлары тіркелген.

Мәселен, Қытайдың алты провинциясындағы 242 жанармай бекеттері маңындағы топырақ пен жер асты суларын зерттеу және мониторинг жүргізу кезінде әр провинциядағы станцияларда анықталған ластаушы заттардың үлесі 24-89% аралығында болғаны анықталған.

Негізінен жер асты сулары жергілікті тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ететін су көзі. Сондықтан бұл аймақтағы ластанудың адам денсаулығына тигізер зиян жоғары. Тіпті уақыт өте келе қатерлі ісік ауруын тудыру мүмкіндігі жоғары. Жүргізілген зерттеулерге сәйкес, мұндай ластану деңгейі уақыт өте келе тіпті нашарлай түсуі мүмкін. Сондықтан да шетел ғалымдары адам денсаулығына қауіпті азайту үшін бірінші кезекте ластанудың салдарымен күреспей, оның алдын алуға тырысқан жөн деп санайды. Ол үшін ең бастысы, қатал бақылау шаралары қабылданағаны жөн.

Ендігі кезекте – Көкжиде суын тазалау мәселесі тұр. Біз оның шешімін іздеп Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сауал жолдадық.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Нұркен Шарбиев бізге берген жауабында қор ауызсуын мұнайдан тазалау мүмкін екенін айтты.

«2023 жылы теңіз ортасын қорғау жөніндегі Негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін құрлықтағы көздерден және құрлықтағы қызметтен ластанудан қорғау туралы Хаттама ратификацияланған болатын. Хаттаманың мақсаты – құрлықтағы көздерден теңіз ортасының ластануын болдырмау, азайту, бақылау және барынша мүмкін дәрежеде жою. Аталған хаттама шеңберінде мұнайдың апаттық төгілуін жою үшін диспергенттер және хердерлерді қолдану әдісі көзделген. Сонымен қатар, теңізде, ішкі су айдындарында және Қазақстан Республикасының сақтандыру аймағында мұнайдың төгілуін жою үшін экологиялық сезімталдық картасын әзірлеу қарастырылған»,- дейді министр.

Диспергенттерді қолдану тәжірибесі 2010 жылы Deepwater Horizon мұнай бұрғылау қондырғысының жарылысы кезінде қолданылған. Бұл жарылыстан кейінгі мұнайдың төгілуі АҚШ тарихындағы ең ірі  техногендік апаттардың бірі болды. Мұнай қалдықтарынан мұхитты тазалау оңайға соқпады. Оны тазалауда түрлі тәсілдер қолданылды. Диспергенттерден бөлек суды тазартуға қолдан өсірілген деструктивті синтетикалық бактериялар да қолданылған. 

Ал ауызсуды тазартуға қатысты министрліктер ешқандай шара көзделмегенін айтты. Десе де, заманауи фильтрлер көмегімен мұнай қалдықтарын тазалауға болады.

Елімізде ауызсуды тазалау Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Заңымен реттелетінін айтқан Нұркен Шарбиев:  

«Заңның 95-бабы 1-тармағының 17-тармақшасына сәйкес су көздеріне (шаруашылық-ауызсу мақсаттары үшін су жинау орындарына), шаруашылық-ауызсумен жабдықтауға және мәдени-тұрмыстық су пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне санитариялық-эпидемиологиялық талаптар қойылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Су кодексінің 90-бабының 1, 3-тармақтарына сәйкес ауызсумен жабдықтау үшiн олардағы судың сапасы белгiленген ұлттық стандарттарға және гигиеналық нормативтерге сәйкес келетiн, ластану мен қоқыстанудан қорғалған жер үстi және жер асты су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстары берiледi. Ауызсумен жабдықтауға арналған жер үстi және жер асты суларының қауiпсiздiгiн халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды. Осылайша, ауызсу тазартуда қолданылатын әдістер мен технологияларды белгілеу халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен реттеледі»,- деді.

Көкжиде жер асты су қоры үстіндегі компаниялар Экологиялық талаптарды сақтай отырып ремедиация жүргізсе, тұщы суды қатты ластанудан сақтауға мүмкіндік бар. Ал ластанған жағдайда түрлі заманауи тәсілдермен, түрлі фильтрлермен тазалау мүмкіндіктері жыл өткен сайын артып келеді.  

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.

Сондай-ақ оқыңыз