Алматыда Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы құрылады

Жарияланды
Алматыда Сейсмикалық қауіпсіздік басқармасы құрылады / Фото: архив kursiv.media

Алматы әкімдігінде екі жаңа басқарма құрылады. Бұл шешім қалалық мәслихаттың кезектен тыс XIV сессия барысында қабылданды.

Осылайша алып шаһарда Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы және Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы өз жұмысын бастайды.

Бірінші басқарманың негізгі міндеті  – сейсмикалық қауіпсіздік стандарттарының сақталуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар жер сілкінісі қаупі, табиғи апаттар кезінде қала тұрғындарына әрекет ету дағдыларын үйретуге негізделеді. Сондай-ақ жаңа құрылым ТЖ департаменттерін, полицияны, қалалық қызметтерді және сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ұйымдарды үйлестіреді.

«Аталған басқарманың жұмысы сейсмоаудит жүргізуге, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау қаупін мониторингтеудің бірыңғай жүйесін әзірлеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ азаматтық қорғану, жұмылдыру дайындығы саласындағы мемлекеттік реттеу мәселелерін шешуге бағытталады», – деп атап өтті Алматы әкімі аппаратының басшысы Бейбіт Шаханов депутаттар алдында сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы сейсмоаудит жүргізу мәселелерімен айналысады.

Бейбіт Шаханов мегаполисте сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдау жоспарланып отырғанын атап өтті. Ол биылғы жылдың соңына дейін аяқталатын сейсмоаудиттің нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.

«Алматы қаласын дамыту бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі жайлы қалалық ортаны қалыптастыру. Әрі қоғамдық кеңістіктерді салу, жаңғырту және абаттандыру тұжырымдамалары бойынша қала басқармалары мен аудан әкімдіктерінің жұмысын үйлестіретін болады», – деді Бейбіт Шаханов.

Айта кетерлігі, жаңа басқармаларды құру штат санын көбейтуді көздемейді. Өйткені олар аудандық әкімдіктердің басқа басқармалары мен аппараттарын оңтайландыру есебінен құрылады. Қос басқармаға қосымша бюджет қаржысы бөлінбейді.

Еске сала кетсек, ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісін тіркеді. 

Алматыда болған жер сілкінісінен 8 адам зардап шеккен. Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3-қабатынан секірген.

Бұл төтенше жағдайда дабыл қағылмады. Алматы ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев жер сілкінісі кезінде дабыл 5,5 баллдан асқан кезде қағылатынын айтты. Кейін дүмпулер қайталанды.

Сондай-ақ оқыңыз