Freedom Holding Corp. құрылымына кіретін Freedom Telecom мобильді операторы Wi-Fi 7 технологиясын пилотты сынақтан өткізді. Нәтижесінде сымсыз интернет жылдамдығын 6- дан 30 есеге дейін жеделдетуді жоспарлап отыр. Жаңа Wi-Fi желісінің интернетке қосылу жылдамдығы 3 Гбит/с-тан асады. Ал Қазақстандағы операторлардың көпшілігі ұсынатын интернет жылдамдығы 100-500 Мбит/с (0,1-0,5 Гбит/с) құрайды. Бұл туралы компанияның баспасөз хабарламасында айтылды.
Жоғары жылдамдық пайдаланушыларға ақымды көлемдегі деректерді жедел жүктеп алуға және тасымалдауға мүмкіндік береді. Видеолар легін жоғары сапада жіберуге, онлайн ойындарды тоқтаусыз ойнауға және басқа да көптеген мүмкіндіктер ұсынады.
Жаңа Wi-Fi желісі тіпті жүктеме жоғары болған жағдайдың өзінде сенімді байланыс пен өнімділіктің артуын қамтамасыз етеді. Жаңа технологияның көмегімен видеолар легін 4K/8K форматында көру, виртуалды шындық (VR), шындықты зорайту мен (AR) кеңейтілген шындық (XR) әсерлеріне бөленуге мүмкіндік туады. Wi-Fi 7-де қолданылатын көпарналылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Freedom Telecom мобильді операторы Қазақстанда жаңа технологияның сынақтан өткізу туралы бастама көтерді. Содан кейін сынақ нәтижесін цифрлық даму министрілігіне ұсынды. Министрлік саланы реттеуші ведомство болғандықтан сертификаттаудан өткізеді. Осыдан кейін технология көпшілікке ұсынылады.
«Қазақстанда бұл технология әлі сертификатталмаған. Оны сынақтан өткізіп, нәтижесін біздің реттеушіге көрсетуді жөн көрдік. Жергілікті speedtest серверінде жүктеу жылдамдығы 3 Гбит/с-қа жетті. Мұндай жылдамдық рұқсат етілген көлемі 4К болатын киноны бір минутта жүктеуге мүмкіндік береді», – деді Freedom Telecom басшысы Қайрат Ахметов.
Freedom Telecom өткен жылы іске қосылды. Компания Қазақстан нарығында кең жолақты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Ірі қалаларда Wi-Fi желісіне ашық қол жеткізу мүмкіндігін дамытуда. Компанияның филиалдары Астана, Түркістан, Шымкент, Өскемен, Атырау, Семей, Ақтау, Алматы, Қонаев және Тараз қалаларында орналасқан.
Freedom Holding Corp. Басшысы Тимур Турловтың айтуынша, Freedom Telecom операторы 5G стандартын дамытуға баса назар аударады. Желтоқсан айының соңында Freedom Holding Corp. еншілес ұйымы Freedom Finance SPC арқылы Astana International Exchange (AIX) биржасында жылдық 11,5-12% мөлшерлемемен 200 млн АҚШ долларын құрайтын бес жылдық долларлық облигациялар орналастырды. Одан түскен қаржыны операторды дамыту үшін пайдалану жоспарланып отыр.