Жаңалықтар

Nostrum Oil & Gas мұнай компаниясы AIX-тен толық кетті

Nostrum Oil & Gas Plc мұнай
Nostrum AIX-тен делистиң жасады. Фото: shutterstock

Nostrum Oil & Gas Plc мұнай компаниясы Астана халықаралық қаржы орталығы – AIX қор биржасынан делистингі аяқталғанын хабарлады.

Жариялаған ақпаратқа сәйкес, делистинг 21 ақпанда толық біткен. Компанияның қарапайым акциялары Лондон қор биржасында саудаланып жатыр.

«Nostrum Oil & Gas PLC мұнай-газ компаниясы Астана халықаралық биржасының ресми тізімінен қарапайым акцияларының делистинг аяқталғанын хабарлайды»,–делінген хабарламада.

Nostrum бұған дейін неге AIX-ке шыққанын түсіндірген. Қазақстан бағалы қағаздар нарығының бұған дейінгі ережесіне сәйкес, компания қарызын қайта құрылымдағанша, AIX-те листинг өткізген. 2023 жылы қарызын қайта құрылымдауды аяқтаған соң, делистинг жасаған.

Nostrum Oil & Gas Plc – мұнай және газ өндіру, сондай-ақ Каспий бассейніндегі мұнай және газ кен орындарын барлау және игерумен айналысатын тәуелсіз компания.

Негізгі акционерлері – Ұлыбританияда тіркелген ICU Holdings Limited, EMOV Caspin Holdings Limited және Amundi. Компания Ұлыбританияда да тіркелген, бірақ мұнай мен газды барлау және өндіру қызметін Қазақстанда жүргізеді.

2023 жылы І жартыжылдығында Nostrum Oil-дың мұнайдан түскен пайдасы өткен жылмен салыстырғанда екі есе төмендеген. Сол кезеңде топтың кірісі 52,8 миллион долларды құрады. 2022 жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 107,8 миллион доллар болған.

Компанияның негізгі активі – еншілес кәсіпорны – «Жайықмұнай» басқаратын «Чинаревское» кен орны. Бұл кен орнындағы жер қойнауын пайдалану құқығының 100 пайызы «Жайықмұнай» компаниясына тиесілі.

Жақында мемлекет «Жайықмұнай» компаниясынан 11 млрд теңге өндіріп алды. Кәсіпорын салық сомасын төмендеткені үшін 2 млрд теңге  айыппұл төледі. Сонымен қатар салықтарға қосымша есептеу жүргізу нәтижесінде мемлекетке 9,5 млрд теңге өндіріліп алынды.