Жаңалықтар

Қазақстандағы ең бай бизнесмендерге тиесілі KAZ Minerals тобы мыс өндірісін арттырған

KAZ Minerals тобы мыс өндірісін арттырған
KAZ Minerals тобы мыс өндірісін арттырған. Фото: shutterstock

Қазақстандық ең бай кәсіпкерлер Владимир Ким мен Олег Новачукқа тиесілі KAZ Minerals тобы 2023 жылғы өндірістік нәтижесін жариялады. Компаниялар тобы былтыр 403 мың тонна мыс өндіріп, компания тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жеткен. Ал сатылым көлемі 445 мың тоннаны құрап, өндірілген көлемнен 10% асып отыр.

Канша өнім өндірілді?

Компаниялар тобы былтыр өндірген 403 мың тонна мыс алдыңғы жылмен салыстырғанда 6%-ға артық. Топ 2022 жылы 380 мың тонна мыс шығарған. Есесіне биыл алтын өндірісі 5% азайған. Оған Бозымшақта өңделген кендегі металл үлесінің төмендеуі себеп.

«Бұл 2022 жылы Ақтоғайдағы әлемдік стандарттарға сәйкес іске қосылған екінші сульфидті фабрикадағы өндірістің ұлғаюына байланысты болды. Бозшакөлдегі операциялық жақсартулар кендегі металл мөлшерінің жоспарлы азаюына қарамастан, кәсіпорынға мыс өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік берді», – делінген компания хабарламасында.

Оған қоса, Ақтоғай, Бозшакөл және Бозымшақтағы байыту фабрикалары жыл бойы жобалық қуатынан артық жұмыс істеген.

Концентраттағы мырыш өндірісі 9% артқан. Бұл кендегі металл үлесінің көп болуына және Шығыс өңірдегі бөліп алу коэффициентінің жоғарылауына байланысты. Күміс өндірісі 6% өскен. Өйткені топ металдың үлесі көп кенді қайта өңдеген.

Қанша өнім сатты?

Мыс сату көлемі 445 мың тоннаны құрап, өндірілген көлемнен 10% асқан. Оған топтың дайын өнімнің жинақталған қорын толығымен сатуы себеп. Бүкіл ілеспе өнімдерді сату көлемі де өндірістен жоғары болған. Топ өткен жылмен салыстырғанда теміржол логистикасының жақсаруы және сатып алушылардың өнімге деген сұраныстың артуынан ұтқан.

КAZ Minerals Limited – Қазақстанда ірі мыс өндіруші компания. Топ операциялық іс-қызметін Абай облысында орналасқан Ақтоғай мыс кеніші, Орлов кеніші мен фабрикасында, Павлодар облысындағы Бозшакөл кеніші, Шығыс Қазақстан облысындағы екі кеніш пен кен байыту фабрикасында, Қырғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кенішінде жүргізеді. Топтың негізгі өндірістік кәсіпорындары – Ақтоғай мен Бозшакөл.

KAZ Minerals акцияларының 63,5 пайызына иелік ететін Владимир Ким – $4,6 млрд байлығымен Forbes тізімінде көш басында тұрған кәсіпкерлерің бірі. KAZ Minerals акцияларының 36,5 пайызына иелік ететін Олег Новачуктың байлығы $615 млн құрайды.