Жаңалықтар

Қазақстандықтардың алимент бойынша қарыздары 20 млрд теңгеден асқан

Қазақстандықтардың алимент бойынша қарыздары 20 млрд теңгеден асады / shutterstock

Қазақстандықтардың 2023 жылы алимент берешегі 20 млрд теңгеден асты. Бұл туралы өзінің депутаттық сауалында Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов жазған.

Магеррамовтың Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың атына жазған сауалында 2022 жылы алименті бойынша берешек 13 793 780 739 теңге болса, 2023 жылы 20 796 615 823 теңгені құрағанын жазған. Ал 2024 жылы қаңтардағы жағдай бойынша алиментті өндіріп алу бойынша 8 мыңнан астам сот шешімі мүлде орындалмаған.

Депутат өз сауалында премьер-министрге бірнеше ұсыныс айтқан. Нақтырақ айтқанда:

  • Алиментті өндіріп алу кезінде өндіріп алу сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмауға тиіс.
  • Мемлекеттік алимент қоры құрылсын. Ол бюджеттен тыс түсімдерден қалыптастырылады. Оның негізгі мақсаты алиментті үш айдан артық алмаған балаларға төлеу. Өз кезегінде алимент төлемейтіндерден осы соманы өндіріп алу.

2023 жылы қазан айында Қазақстанда алиментін төлемеген 1 618 азаматқа іздеу жарияланғаны туралы ақпарат тарады. Олардың 1476-сы – ер, 142-сі – әйел адам болды. Алимент төлеуден жалтаратын азаматтардың көшін елорда (361 адамға алимент төлемегені үшін іздеу жарияланған) тұрғындары бастады. Алматы екінші орынға орналасты. (191), Ақтөбе облысы үшінші орыннан (143) көрінді.

23 маусымда Әділет министрі мүлкін жасырып, балаларын асыраудан әдейі жалтаратын борышкерлер бар екенін мәлімдеді. 

«Алимент өндіріп алу бір реттік атқарушылық іс жүргізу емес екенін атап өткен жөн. Ол бала кәмелет жасына толғанға дейін бірнеше жылға созылады. Орындаудағы істердің 16 345-і, яғни 5%-ы проблемалы істер. Талдау көрсеткендей, алимент төлемеудің негізгі себебі – борышкерлердің ресми жұмыс орны, кірістері және өндіріп алуға болатын мүліктері жоқ», – деді Әділет министрі Азамат Есқараев.

Айта кетейік, борышкерге алиментті шекара бекетінде орналасқан терминалдар арқылы онлайн өтеуге де рұқсат берілген. Қарыз төлегеннен кейін 20-30 минуттан соң шекарадан шығуға салынған тыйым автоматты түрде жойылады.

Қазақстан азаматы борышкер ме, іздестіріліп жатыр ма деген сұрақтың жауабын Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің qamqor.gov.kz порталынан («Алимент бойынша борышкерлерді іздеу» бөлімі – тұлғаның Т.А.Ә.) білуге болады.