«Отбасынан балаларды алып кету мәселесі заңда мүлдем жоқ»: Депутат жаңа заң жобасына қатысты қауесетке жауап берді

Жарияланды
«Отбасынан балаларды алып кету мәселесі заңда мүлдем жоқ»: Депутат жаңа заң жобасына қатысты қауесетке жауап берді / shutterstock

Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңа заң аясында отбасынан балаларды алып кететіні жайлы әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. 

Заң жобасын әзірлеуші Мәжіліс депутат Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жаңа заң жобасында ювеналды әділет өкілеттіктерін кеңейтетін және отбасын тексеруге мүмкіндік беретін мәселе қарастырылмаған.

Бүгін Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау және отбасылық қылмыстық жағдайларда денсаулыққа жеңіл зиян келтірілген жағдайда жазаны қатаңдату туралы заң жобасын талқылады.

Заң жобасын талқылау барысында депутат Сергей Пономарев әлеуметтік желіде құжатты талқылау болып, «балаларды отбасынан тартып алу туралы» заң деген көзқарас тарағанын айтты.

«Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа қарасақ, адамдар осы заң жобасында отбасының өміріне кедергісіз араласуға және балаларды алып кетуге, балалар үйіне тапсыруға құқық беретін ювеналды әділет нормалары бар деп алаңдайтынын байқаймыз. Өзім заңнан мұндай нормаларын таппадым. Заң жобасында мұндай нормалар бар ма?»,  – деп сұрады депутат.  

Заң жобасын таныстырған депутат Жұлдыз Сүлейменова құжатта мұндай бастамалардың жоқ екенін айтты. 

«Біз қарастырып отырған екі заң жобасында балаларды отбасынан алып кету немесе ювеналды әділетке қатысты бірде-бір норма жоқ. Өйткені балалардың отбасында өскенін қалаймыз. Жалпы балалар үйі институттарының жойылғанын қалаймыз. Сондықтан балаларды отбасынан алып кету заң жобасымен қарастырылмайды», – деп жауап берді Сүлейменова. 

Сұраққа Оқу және ағарту министрінің орынбасары Еділ Оспанов та жауап беріп, әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпараттың жалған екенін айтты.

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жасайтындар көп пе?

Елімізде 19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекске өзгерістер еніп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң қатая түскен. Оған сәйкес, отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту жасалады немесе 5 тәулікке қамауға алынады. Қайта қайталанған жағдайда 10 тәулікке қамауға алынады. Ұрып-соғу үшін – 10 тәулікке, қайталанса – 20 тәулікке қамауға алу қарастырылған. Қорғаныс нұсқамасын бұзғаны үшін ескерту енді жасалмайды, орнына 10 тәулікке қамауға алынады. Ерекше мінез-құлық талаптарын бұзғандарға айыппұл салынбайды, оның орнына қамауға алу мерзімі 10 тәулікке ұзартылған.

29 қазанда Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған брифингте Әкімшілік полиция комитетінің аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева 39 мың адам тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағанын айтты. Олармен полиция өкілдері профилактикалық әңгіме жүргізген. 

Ал 2023 жылдың алты айында полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 50 мың арыз қараған. Оның 64%-ы бойынша әкімшілік іс қозғалған. Жаңа заңнама аясында 2023 жылдың екінші жартыжылдығында әкімшілік қамауға алынғандар саны екі есе артқан. Арызданушылардың 27 мыңнан астамы қайта татуласқан. Зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 87 мың қорғау нұсқамасы шығарылған. Ал құқық бұзушының тәртібіне қатысты 15 мың арнайы талап қойылған. 

Осы заң талаптарына сай әнші Рахат Тұрлыханов жазаланды. Ол әйелін соққыға жыққаны үшін сот шешімімен 10 тәулікке сотталды. Алматы қалалық соты Рахат Тұрлыхановқа қатысты ұрып-соғу дерегі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық бойынша істі қарап, бірінші сатылы сот шешімін жарамсыз деп таныды. Бірінші сатылы сот Тұрлыхановқа қатысты әкімшілік ескерту туралы қаулы шығарған. Ал заңға сай қамауға алынуға тиіс болған. Аталған материалды қарау барысында, сот алқасы бұрын жұбайын бірнеше рет ұрып-соғу фактілерін ескеріп, бірінші сатылы соттың тағайындаған жазасымен келіспеген.   

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қараша айында жұртты дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болды. Бұрынғы экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. 

Сондай-ақ оқыңыз