Қытайлық хакерлер екі жылдан астам уақыт қазақстандықтарды бақылап отырған

Жарияланды
хакеры
Қытайлық хакерлер екі жылдан астам уақыт қазақстандықтарды бақылап отырған / shutterstock

Қытайлық хакерлер тобы екі жылдан астам уақыт бойы қазақстандық байланыс операторларының инфрақұрылымын бақылап отырған. 

CERT компьютерлік қауіпке жауап беру қызметінің хабарламасына сүйенсек, ақпан айында GitHub ресурсында белгісіз адамдар Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің мердігері қытайлық Іsoon компаниясының құпия деректерін жариялаған. Құпия деректерге сай, бір қытайлық хакерлік топ 2 жылға жуық уақыт бойы қазақстандық байланыс операторларының маңызды инфрақұрылымына толық қол жеткізген. 

«Шабуылдаушылардың мақсаты мәліметтер базасы сияқты жалпы ақпарат және жеке тұлғалардың ақпараты болған: хат алмасуды, қоңырауларды және қозғалысты бақылау. Деректерді талдау ұрланған ақпараттың көлемі терабайтпен өлшенетінін көрсетті», – делінген хабарламада. 

Мәселен, 2019-2020 жылдары жария болған ақпарат көлемі beeline.kz – 637gb, kcell.kz-те — 820gb. Ал tele2.kz — 1.09 tb, telecom.kz-те — 257gb құрады.

Сондай-ақ iDNet және iDTV пайдаланушыларының деректері абоненттердің дербес деректерімен, олардың логиндерімен және парольдерімен жарияланған.

«Хакерлер операторлардың оқиға журналдарын, қоңыраулардың ұзақтығын, құрылғылардың IMEI коды және қоңыраулардың есепшотын бақылап отырды», — деп хабарлады CERT.

Ақпаратта ҚР Бірыңғай Ұлттық зейнетақы қоры (БЖЗҚ) туралы да жазылған. 2019 жылға enpf.kz жүйесінен алынған ақпарат көлемі 1.92 ГБ құрады. Бұдан басқа, ҚР Қорғаныс министрлігі мен Air Astana авиатасымалдаушысының деректері туралы да ақпарат бар.

Деректердің таралуы басқа елдерде де орын алды. Олардың арасында Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Малайзия, Непал, Түркия, Үндістан, Египет, Франция, Камбоджа, Руанда, Нигерия, Гонконг, Индонезия, Вьетнам, Мьянма, Филиппин және Ауғанстан бар.

Ақпараттық қауіпсіздік туралы заң

2023 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық қауіпсіздік туралы Заңға қол қойды. Құжат Қазақстанның төрт кодексіне және он Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Атап айтқанда, жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салынады.

Сондай-ақ оқыңыз