Құлдықтан босатылған Қазақстанның екі азаматы Таиландтан елге ұшып келе жатыр – ресми өкіл

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстанның 100-ге жуық азаматы еңбек құлдығында жүр/Фото: shutterstock.com

Қазақстанның 100-ге жуық азаматы еңбек құлдығында жүр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

«Соңғы 2 жыл ішінде Таиландпен шекарада орналасқан Мьянма, Лаоста 200-ге жуық Қазақстан азаматы еңбек құлдығына түскен. Елшіліктің араласуымен Мьянма мен Лаос аумағынан 28 қазақстандық шығарылды. Сондай-ақ 60-қа жуық Қазақстан азаматы елшілікке жүгінбей өз күшімен елге оралды. Қазір жоғарыда аталған елдің аумағында 100-ге жуық қазақстандық еңбек құлдығында отыр деген ақпарат бар», – деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі журналистерге арналған брифингте.

Айбек Смадияров бұл – ел естіп, біліп отырған дерек, бұдан бөлек назарға алынбаған, ел білмейтін оқиғалар бар екенін атап өтті.

«Жүзге жуық азамат сол жақта өз еркімен қалып отыр», – деді ресми өкіл.

Журналист Айбек Смадияровқа «еңбек құлдығында жүргендер тірі ме, өлі ме?» деген сұрақ қойды. Ол бұл сұраққа нақты жауап бере алмайтынын айтты.

«Еңбек құлдығына көндіккен адамдар бар. Әртүрлі жағдай, оның ішінде психологиялық жағдай болады ғой», – деді Сыртқы істер министрлігінің ресми.

Айбек Смадияров еңбек құлдығына түскен адамдардың дені жоғары жалақыға қызығып, алаяқтардың құрбанына айналатынын айтты.

«Интернеттегі жарнамаға сеніп қалады, бізбен ондай болмайды деп ойлайды. Тез ораламыз, ақша табамыз деп кетеді», – деді ол.

Айбек Смадияров Таиландта құлдықта болған Қазақстан азаматтары екі әйелдің құтқарылғанын жариялады.

Ресми өкіл қаңтарда Таиландтағы консулдыққа құлдыққа түскендерден хабарлама келді. Хабарламада: «Қазақстанның азаматымын, джунгли ішінде құлдыққа түсіп қалдым. Қай мемлекет екенін білмеймін, көмектесіздер!» – деп жазылған.

Айбек Смадияров құлдыққа түскен Қазақстан азаматтарының бірнеше тіл білетінін, жоғары білімі бар екенін алға тартып, олардың алаяқтардың арбауына түскеніне назар аударды.

«Оларды босату үшін адам басына 10 мың доллардан сұраған. Туыстарында ақша болмаған. Жергілікті билікпен бірлесіп, бір ай дегенде екі адамды құтқардық. Қазір Қазақстанға ұшып келе жатыр», – деді ресми өкіл.

Ол ақша бопсалаған адамдарға бір тиын да берілмегенін атап өтті.

«Бір тиын да берген жоқпыз, біздің дипломаттардың көмегімен, жергілікті билікпен келісіп шықты», – деп қорытты сөзін А.Смадияров.

Еске сала кетер болсақ, Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы шет елдерде еңбек мигранты болып жүр. Отандастырмыздың еңбек құқығын қорғау үшін Еңбекмин еңбек мигранттарына квота бөлу мәселесін қарастырмақ. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Курсив» сауалына берген жауабында жазылған,

Министрлік хабарлауынша, халықаралық еңбек нарығында қазақстандықтарға сұраныс географиясы кеңейіп келеді. Осыған байланысты Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасында шетеле жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік-еңбек құқығын қорғауға бағытталған шаралар қарастырылған. Оның ішінде қазақстандық жұмыс күшін тартатын елдермен еңбек миграттарының әлеуметтік және еңбек құқықтарын сақтау жөніндегі екіжақты келісімге келу де бар.

Сондай-ақ оқыңыз