Есірткі өндірісімен айналысқан трансұлттық қылмыстық топ мүшелері ұсталды

Жарияланды
трансұлттық
Фото:kursiv.media

ІІМ трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойды. Солайша жолға қойылған синтетикалық есірткі өндіру және тарату арнасы жабылды. Бұл жайлы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ІІМ операциясы кезінде 3 шетел азаматы ұсталған.

«Шетелдік үш азаматқа қатысты трансұлттық ұйымдасқан топ құрғаны, оған басшылық жасағаны және қатысқаны үшін қылмыстық іс қозғалды»,делінген баспасөз хабарламасында.

Қылмыстық топ мүшелері Ақмола облысы Ерейментау қаласының шетінде орналасқан жеке үйде құрықталды. Бұл үйді ұйымдастырушы арнайы сатып алған. Бұл жерде күдіктілер психотроптық заттарды дайындаумен айналысқан.

«Топ мүшелерінің арасында рөлдер мен міндеттер нақты өзара айқындалған. Есірткі зертханасында салқындату, желдету жүйелері, сондай-ақ синтетика өндіру үшін арнайы жабдықтар болған. Есірткі жасырын түрде, қатаң құпиялықты сақтаумен дайындалған. Күдіктілер көршілерде күдік тудырмас үшін үйден тек қажет болғанда ғана шығып, үйдің периметрі бойынша ұйымдастырушының Wi-Fi желісіне шығатын бейнебақылау камераларын орнатқан. Сонымен қатар есірткі әзірлеуге арналған шикізаттар мен дайын өнімді сақтайтын гараж және автокөлік сатып алынған. Бұл мүліктердің барлығы көлеңкелі схемамен төленіп, шетелдік сатып алушының атына тіркелмеген», – дейді ІІМ имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар департаментінің бастығы Шыңғыс Алекешев.

Жалпы тінту кезінде 12 кг астам мефедрон және 17 кг астам прекурсор тәркіленген.

Өткен жылы есірткімен күрес қалай жүргізілді?

Еске сала кетсек,  Ішкі істер министрі Ержан Сәденов 2023 жылы 4 трансұлттық, 9 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталғанын хабарлаған болатын.

«4 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты жойдық. Ал жалпы алғанда еліміз бойынша наркобизнеске қатысты 9 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Олардың да ұйымдастырушылары, өзіңіз айтпақшы, нарко барондар ұсталды. 4 трансұлттық қылмыстық ұйымға ТМД елдерінің азаматтары кірген. Қазіргі таңда мұндай топтардың 52 мүшесіне қатысты тергеу жүріп жатыр. Ал 4 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты 14 адам жауапқа тартылған. Оның 13-і шетел азаматтары», – деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2023 жылы «қара нарықтағы» бағасы 20 млрд теңгеден асатын есірткі тәркілеген. Комитет жалпы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау бойынша 150-ден астам операция өткізгенін хабарлады. Бір жылда 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу арналары жойылған. Сонымен бірге 36 жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылған.

Есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 101 адам сотталған. Баспасөз қызметі одан бөлек, еліміздің және шетел азаматтарын қоса алғанда 169 азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ал Қазақстан арқылы есірткіні әкелу және тасымалдаудың жолын кесу бойынша шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарымен бірлескен 32 операция жүзеге асырылған.

Сонымен бірге ҰҚК Павлодарда ірі синтетикалық цехты анықтап жойды. Цех 0.5 гектар аумақты алатын жерде орналасқан. ҰҚК жедел қызметкерлері зерделеу барысында психотроптық заттарды әзірлеу үшін және оны одан әрі ТМД елдерінде сату мақсатымен Қазақстанға келген шетелдік азаматтарды анықтады.

Тінту барысында 100 келіге жуық «а-PVP» психотроптық заты мен прекурсорлар табылған. Сонымен қатар синтетикалық есірткі өндірісіне арналған заманауи құрылығы анықталып тәркіленген.

Ал 31 шілде күні Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті осы Павлодар облысының полиция департаментімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында героиннің ірі партиясын «транзиттеу» арнасын анықтап, жолын кескен болатын. Онда құны 2,5 млн доллар болатын есірткі тасымалдаған Қырғызстан азаматы ұсталды.    

Сондай-ақ оқыңыз