COP28 – Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) климаттың өзгерісімен күрес бойынша конференциясында климат өзгеруімен күрес және азық-түлік қауіпсіздігі үшін 2,5 млрд доллар бөлу туралы уәде берілді. Қазір әлемдегі тұтынылатын тамақтану өнімдерінің 70 пайызына дейінгі көлемі табыс деңгейі төмен және орта елдердегі шағын фермерлер үлесіне тиесілі. Дүниежүзілік экономикалық форум сайтында жарияланған мақалада біз шағын жер иеленуішілерінің талап-тілегі мен басымдықтарына дұрыс мән беруіміз керек. Әйтпесе, жер бетінде миллиардтаған адамның өмірін қамтамасыз етіп отырған ауыл шаруашылық жүйесінің коллапсына тап боламыз делінеді.
«Әлемдегі ең кедей фермерлермен жұмыс істейтіндер үшін былтыр қарашада Дубайда өткен COP28 үміт тудырды. Климаттық саммитке қатысқан әлемдік көшбасшылар климаттың өзгеруі мен азық-түлік қауіпсіздігінің түйткілді мәселелеріне назар аударды. Ауыл шаруашылығындағы парниктік газдар шығарындыларын шешу және жаһандық жылыну қауіп төндіріп тұрған фермерлердің күнкөрісін қорғау үшін 2,5 млрд доллар жұмылдыруға уәде берді. Декларация әлемдегі азық-түліктің көп бөлігін өндіретін шағын фермерлер үшін үлкен жеңіс ретінде қарастырылды. Әлемде шамамен 510 млн шағын шаруа қожалығы бар. Бірақ саяси декларациялардың ізін ала уәде етілген қаражат бөліне ме және олар ең мұқтаж адамдарға жете ме? Ақша қажет адамдар бұл келісімнің игілігін көре ме? Әлемдік азық-түлік өндірісінің 70 пайызын қамтамасыз етіп отырған табысы төмен және табысы орташа елдердегі шағын фермерлердің қаржыға, нарыққа, тыңайтқышқа, тұқымға, электр энергиясы мен түрлі дерекке деген қолжетімділігі төмен. Алға қарай жылжу үшін оларға ресурс жетіспейді»,– делінеді мақалада.
Климаттық қаржыландыру
Климаттық саясат бастамалары (CPI) орталығының бағалауынша, 2023 жылы микро, шағын және орта агро азық-түлік компанияларына тек 5,5 млрд доллар немесе 0,8 % климаттық қаржыландыру тиген. Ал бұл кезде транспорт, энергия өндіруші секілді басқа секторларға бөлінетін климаттық қаржыландыру біршама өскен.
«Шағын жер иеленушілер үшін климаттық қаржыландырудың болмауы үлкен алаңдаушылық тудырады. Бұл фермерлер үшін климаттың әділ өзгеруін қамтамасыз ету және әлемдік азық-түлік қорын қорғау үшін тым аз жұмыс істеліп жатқанын дәлелдейді. COP28-де уәде етілген қосымша 2,5 млрд доллардың барлығы кедей ауылшаруашылық қауымдастықтарына кетсе де, олар климаттық қаржыландырудан алты жыл бұрынғыға қарағанда азырақ алған болар еді. Бұл біздің азық-түлік қорымызға ғана емес, планетамызға қатер төндіреді: Біз шағын фермерлердің биологиялық әртүрлілікті сақтауға, қорғауға және қалпына келтіруге үлкен мономәдени плантацияларға қарағанда әлдеқайда жақсы мүмкіндігі бар екенін білеміз. Солар ғана регенеративті, агроэкологиялық таза және табиғатқа негізделген әдістерді қолданады. Ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін көптеген бәсекелес проблемалар кезінде елемей өте шығу оңай. Бұл өзгеруі керек, өйткені фермерлердің айтқанын тыңдау және оларға қажетті қаржыландыруды қамтамасыз ету бұрынғыдан да маңызды»,– дейді сарапшылар.
Фермерлер қауымдастығының тәжірибесі
Айтуларынша, климаттың өзгеруі – жаһандық құбылыс. Бірақ әсерлері мен шешімдері, әсіресе, жаһандық жылыну әсеріне бейімделуге келгенде, жергілікті тұрғыда қауіпті болуы мүмкін. Бір жерден бір жерге қарай тым қауіпті түрде күрделене береді. Сондықтан азық-түлік жүйемізді түрлендіру үшін бізге фермерлік қауымдастықтардың білім-білігі мен ақыл-кеңесі ауадай қажет болмақ. Олардың белсенді қатысуынсыз азық-түлік өндірісін тұрақты, өнімді және табиғатпен үйлесімді жүргізуге бағытталған әрекеттер сәтсіздікке ұшырайды.
«Жоғарыдан төменге қарай» дейтін шешім сирек жұмыс істейді. Ауыл шаруашылық дақылдарын жақсартумен жұмыс істейтін кез келген ғалымнан сұрап көріңіз. Ондаған жылдар бойы зертханалық жұмыстан кейін фермерлер мен тұтынушылар тым көп жаңа сорттарды қабылдамайды. Олар зиянкестерге төзімді болуы мүмкін. Алайда тым ұзақ піседі немесе құрғақшылыққа төзімді, бірақ қымбат тыңайтқышты қажет етеді. Сондықтан ғалымдар зерттеу жұмыстарының орталығына фермерлерді қойып отыр. Дүниежүзіндегі ең ірі ауылшаруашылық инновациялық желісі және халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қоры (IFAD) тұқымдық интервенцияларды жақсарту үшін кеңінен қаржыландыратын серіктес – Халықаралық ауылшаруашылық зерттеулері бойынша консультативтік топ (CGIAR) елге және ауылшаруашылық дақылдарына арналған гибридті тұқымдарды дамытуға мүдделі ғалымдар, шағын фермерлер, мемлекеттік органдар және тағы басқаларды қамтитын арнайы «даму топтарын» құруда. Қазіргі уақытта бұл бастама шығыс және оңтүстік Африканың 15 еліне таралды»,– деп жазады.
Фермерлік ұйымдар ынтымақтастығы
Шағын жер иелерінің қажеттіліктері үшін шешімдерді тұжырымдауда және табуда фермерлік ұйымдар маңызды рөл атқарады. Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қоры әлемнің кедей өңірлеріндегі фермерлік ұйымдармен ынтымақтастық орнатқан.
«Ол климаттық қаржыландырудың қай жерге қажет және оның әділ бағаға қолжеткізуі үшін қандай кедергілер бар екенін анықтау мақсатында шағын фермерлерге, балықшылар мен малшылар тобының басымдықтарын түсінуге көп мән береді. Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қоры құрылғаннан бері фермерлер оның әділ және тиімді азық-түлік жүйелерін құру жөніндегі жұмысындағы маңызды серіктесі болды. Дамыту қоры қолдап отырған фермерлер бәсекеге қабілетті нарықтық бағаға ие болып және сатып алушылармен келіссөз жүргізе алуы үшін фермерлер мен өндіруші ұйымдар маңызды тәсіл болып есептеледі. 2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл форум ауыл фермерлері ұйымдары арасындағы, Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қоры мен мүше-мемлекеттер арасындағы тұрақты диалог каналына айналып үлгерді. Фермерлік форумның келесі жаһандық кездесуі осы жылдың ақпанында Римде өтеді»,– деп мәлімдейді мақала авторы.
Қазақстан – ауыл шаруашылығы өркендеуге дайын
Расында, жер жүзінде шағын фермерлер өндірген өнімнің үлкен базар сөресінен орын теуіп, қаншама адамның қажеттілігін өтеп жатқаны жасырын емес. Көп жағдайда елеусіз, ескерусіз жүретін кәсіп иелері өз еңбегінің жемісін де жөндеп көрмей жатады. Бұл Қазақстанда да таныс жағдай. Қазақстан – ауыл шаруашылығы бойынша дамуға, өркендеуге дайын ел. Бірақ тиісті деңгейде жағдайдың жасалмауы сала шабысын тежеп тұр. Кейбір көзге көрінбейтін іркілістер істің түптеп келгенде маңдымай қалуына себепші. Дегенмен мемлекет барьерлерді біртіндеп алып тастауға мүдделі. Дәл қазір бізде де, әлемде де көрініс тауып тұрған кедейлік, климаттың өзгеруі, ресурстың тапшылығы секілді факторлар тез арада оң әрекеттің басталуы қажеттігін меңзейді. Жаһандық сарапшылардың айтуынша, әлем тарихында дәл қазіргідей қаншама адамның тағдыры шағын ауыл фермерлеріне тәуелді болған емес. Енді олардың не айтып, не қоярына, қандай кеңес беріп, жол көрсетеріне мән беру өзекті болып тұр.