Дүниежүзілік банктің Қазақстан экономикасы үшін «тиімсіз онжылдық» туралы мәлімдемесіне ҰЭМ түсініктеме берді

Жарияланды
Дүниежүзілік банктің бұл мәлімдемесіне қатысты Тимур Жақсылықов жауап берді/ Фото: архив kursiv.media

Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасына қатысты зерттеуінде 2012 жылдан 2022 жылға дейінгі онжылдық бүкіл Қазақстан экономикасы үшін тиімсіз болды деп жазды. Мақала авторлары «Қазақстан өндіріп жатқан шикізаттан тек элитаның бір тобы ғана пайда тапты. Халық қазынадан қағылды» деген деректер келтірілген. Сенат кулуарында халықаралық қаржы ұйымының бұл мәлімдемесіне қатысты Ұлттық экономика вице-министр Тимур Жақсылықов жауап берді.

«Мен бұндай мәлімдемелерге қатысты пікір білдіре алмаймын. Менің ойымша, бұл асыра сілтеп, бағалаудың бір түрі шығар. Осы онжылдықта бізде экономикалық өсу, серпінді даму болғанын білесіздер. Тек бір рет пандемия салдарынан кідірістер болды. Өткен жылы біз 5,1 пайыздық экономикалық өсімге қол жеткіздік. Бұл – өте жоғары экономикалық даму көрсеткіші. Биылғы мақсат аталған көрсеткішті 6 пайызға жекізу», – деді спикер.

Бұл ретте ол Дүниежүзілік банк зерттеуінің шынайы тұсы бар екенін атап өтті. Сонымен қатар біздің негізгі капиталға салынған инвестициямыз төмен екенін мойындады.

«Біз экономиканы дамытуға жеткілікті инвестиция салып жатқан жоқпыз. Жалпы, инвестициялар тұрақты экономикалық өсудің бірден-бір негізі болып табылады. Ал бүгінде негізгі капиталға инвестицияның жалпы ішкі өнімге қатынасы 15 пайыз шамасында. Бұл – жеткіліксіз. Сондықтан жұмыстарды жүргізу керек, Үкімет те осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Қазір олар инвестициялық өсуді біршама тұрақты және айтарлықтай жоғары деңгейге жеткізу үшін іс-шаралар жоспарын әзірлеуде», – деді вице-министр.

Осы тұста тілшілер республикада аумағында өндіріліп жатқан табиғи ресурстарды бөлуде әділеттілік туралы сұрады. Ел мен жер игілігінен түскен табыстың негізгі бөлігі белгілі бір топтың мүддесіне жұмсалып жатқан жоқ па?

«Сіздер білесіздер, кез келген экономикада қоғамдық игілікті қайта бөлу механизмі шамамен бірдей. Ол салық жүйесі арқылы жүзеге асады. Мемлекет салық арқылы табыстың бір бөлігін кейбір салалардан көбірек, кейбір салалардан аз алып, басқа салаларға бөледі. Бұл механизм біз үшін өте жақсы жұмыс істейді. Оның үстіне Қазақстан экономикасының басқа көптеген елдерден айырмашылығы сол, бізде Ұлттық қор бар. Ол да тау-кен өнеркәсібінен, ең алдымен, мұнай өнеркәсібінен түсетін кірістен құралады», – деген вице-министр ел игілігі балалардың мүддесіне бағытталып жатқанын атап өтті.

Оның сөзінше, кен орындарын пайдаланудан мемлекет алатын табысқа халықтың қатысу механизмі бар. Ол «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы.

«Биыл жоба өз жұмысын бастады. Қазір тек алғашқы қадамдар жүзеге асырылуда. Өкініштісі біз бюджетті әлі күнге дейін Ұлттық қорсыз қаржыландыра алмай келеміз. Сондықтан біз бұл кірістердің бір бөлігін бюджетке кепілдендірілген басқа трансферт түрінде тұрақты түрде алып отырамыз. Кейін бюджетке бөлеміз. Сондықтан бізде бұл тетіктердің барлығы жұмыс істейді. Қазақстанның табиғи жер қойнауындағы қазба байлықтар экономика үшін жұмыс істейді. Бюджетті бөлу тетіктері арқылы және Ұлттық қор тетіктері арқылы ел халқы үшін жұмыс істейді», – деді Тимур Жақсылықов.

Еске сала кетсек, 19 ақпан Дүниежүзілік банк арнайы зерттеуін жариялады. Онда халықаралық қаржы ұйымы 2012-2022 жылдарды «Қазақстан үшін тиімсіз өткен кезең» деп атады.

Бұған дейін Банк Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2024 жылы 4,3% деңгейінде, 2025 жылы 4,5% деңгейінде өседі деп болжады.

Сондай-ақ оқыңыз