Мемлекеттік электрондық қызмет көрсету саласына 49 млн теңге залал келтірді деген күдікпен Қарағанды қаласының тұрғыны ұсталды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, 2024 жылғы 30 қаңтарда прокуратура органдарының үйлестіруімен мемлекеттік электрондық қызмет көрсету саласында киберқылмыс жасауда күдікті Қарағанды тұрғыны ұсталған.
Тінту кезінде азаматтан 24 ұялы телефон, 4 жүйелі блок, 4 флеш-карта, 9 ноутбук, планшет алынған. Алдын ала бағалауға сәйкес, келтірілген залалдың мөлшері 49 млн теңгеден астам соманы құраған.
Қылмыстық кодекстің 207-бабы 3-бөлігі 2-тармағымен қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталған.
Ақпараттық қауіпсіздік туралы заң
2023 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық қауіпсіздік туралы Заңға қол қойды. Құжат Қазақстанның төрт кодексіне және он Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Атап айтқанда, жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салынады.
Заң қандай түзетулер енгізеді
Жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салу.
Көшіп келушілерге ұлттық мүдделерді қорғау және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін ұсыну міндеті енгізіледі;
Ақпараттық қауіпсіздікті зерттеушілермен өзара іс қимыл бағдарламасын құру арқылы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тетіктері енгізілуде;
Цифрлық майнинг жөніндегі қызметке лицензияның қолданылуын айыру, тоқтата тұру, қайта бастау рәсімі айқындалады;
Алаяқтық әрекеттерден қорғау мақсатында адамдарға электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу құқығы беріледі.
21 ақпанада қытайлық хакерлер тобы 2 жылдан астам уақыт бойы қазақстандық байланыс операторларының инфрақұрылымын бақылап отырғаны белгілі болған. GitHub ресурсында белгісіз адамдар Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің мердігері қытайлық Іsoon компаниясының құпия деректерін жариялаған. Құпия деректерге сай, бір қытайлық хакерлік топ 2 жылға жуық уақыт бойы қазақстандық байланыс операторларының маңызды инфрақұрылымына толық қол жеткізген.