«ҚазТрансОйл» өндірістік обьектілерінде жұмыс істейтін өрт сөндірушілер ереуілге шыққаннан кейін, олардың талаптарын ішінара орындауға уағдаласты.
«ҚазТрансОйл» компаниясының өндірістік обьектілерінде жұмыс істейтін «Зевс Энерго» ЖШС хабарлауынша, қазіргі уақытта жағдай тұрақталған.
«ҚазТрансОйл» объектілерінің барлық өртке қарсы бекеттері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жұмысшылар өз жұмыс орындарында»,– деп хабарлады «Зевс Энерго».
Хабарламаға сүйенсек, жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдерімен өңірлік кәсіподақтар бірлестігі және «ҚазТраснОйл» мен «Зевс Энерго» жағдайды реттеу бойынша келіссөздер жүргізген. Келіссөздер қорытындысы бойынша өрт сөндірушілердің талаптарын ішінара қанағаттандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізген.
Бұдан бөлек, компания еңбек дауларын туындатпай, мәселелерді өзара шешу мақсатында мемлекеттік құрылымдардың, өңірлік кәсіподақтар бірлестігінің және өзге де мүдделі тұлғалардың өкілдерімен бірлескен кездесу өткізу жоспарлануда.
Өрт сөндірушілер талабы
Айта кетейік, 19 ақпанда Маңғыстау облысындағы «ҚазТрансОйл» компаниясының өрт сөндірушілері ереуілге шыққан. Өрт сөндірушілер Ақтау, Жаңаөзен, Жетібай, Қаражанбас және Қаламқас қалаларындағы жұмыстарды тоқтатқан. Өмірзақ ауылының өрт сөндірушілері де ереуілге шыққан.
Өрт сөндірушілердің айтуынша, олар ай сайын 130-дан 150 мың теңгеге дейін жалақы алады. Бұған қоса, еңбек демалысына 80 мың теңге алатындарын айтқан. Олар өз жалақысын 350 мың теңгеге дейін көтеруді талап етіп отыр. Сонымен қатар жыл сайын берілетін мерекелік сыйақылардың 100% төленіп, киімдерінің сапалы мөлшермен берілуіне талап қойды.
Ереуілге шыққандар жариялаған бейнежазбада президент, премьер-министр мен Маңғыстау облысының әкіміне үндеу жариялаған. Үндеуде жұмысшыларды қудаламауды сұраған және талаптары орындалғанша, жұмысты тоқтататындарын айтқан.
«ҚазТрансОйл» компаниясы
Айта кетейік, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның таза пайдасы 60,9% төмендеп, 19,8 млрд теңгені құраған.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ таза пайдасы 19 млрд 801,7 млн теңгені құрады, бұл 2021 жылдың нәтижесінен 60,9% төмен», – делінген хабарламада.
Бұл ретте «ҚазТрансОйл» АҚ шоғырландырылған түсім көлемі 2022 жылы 255 млрд 627,3 млн теңгені құраған, бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 7,3% жоғары.
Сонымен бірге, 2022 жылға компанияның жеке түсімі 212 млрд 136,2 млн теңгені құрады, бұл 2021 жылғы ұқсас көрсеткіштен 1,3% төмен.2022 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ-тың жеке таза пайдасы 8 млрд 369,3 млн теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 78,3% төмен.