Тариф өсе береді, бірақ қандай қарқынмен өсетінін айта алмаймын – вице-министр

Жарияланды (жаңартылды )

Қазақстанда коммуналдық тариф өсе береді /Фото: kursiv.media

Қазақстанда коммуналдық тариф орта есеппен 20-25%-ға қымбаттады. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтты.

Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі брифингте журналист вице-министрден: «Неге коммуналдық қызметтің төлемақысы әркімге әртүрлі келеді?» – деп сұрады. Бірінші вице-министр коммуналдық тарифтің құны біркелкі өспейтінін алға тартып, тариф кей өңірде жоғары, кей өңірде төмен екенін түсіндірді.

Журналист: «Коммуналдық қызмет ақысы алдағы уақытта тағы өсе ме?» – деп нақтылады. Бұл сұраққа Тимур Жақсылықов: «Бұған дейін еліміздің коммуналдық саласына тиісті деңгейде қаржы бөлінбеген. Түрлі апаттардың алдын алу үшін инфрақұрылымды жаңартып, инвестиция тарту керек. Инвестиция тартудың 2 көзі бар. Біріншісі, тариф пен тұтынушылар. Екіншісі, бюджет пен салық төлеушілер. Салық төлеушілер дегеніміз – тұтынушылар, ал тұтынушылар дегеніміз – салық төлеушілер, яғни біз бен сіз», – деп жауап берді.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі коммуналдық қызмет тарифі қымбатшылықтан құтыла алмайтынын айтты.

«Егер біз сумен жабдықтау, жылу, энергетика жүйесі дұрыс жұмыс істесін десек, оған қаржы құю керек. Тариф өсе береді, бірақ қандай қарқынмен өсетінін айта алмаймын», – деді Тимур Жақсылықов.

2023 жылдың соңында Ұлттық экономиканың бұрынғы министрі Әлібек Қуантыров 2024 жылы коммуналдық тариф 15-30%-ға қымбаттайтынын айтқан болатын.

«Коммуналдық тарифтер әр өңір, нысан, инфрақұрылымның тозуына байланысты әртүрлі қымбаттайды. Баға 15-30% көтеріледі» , – деген экс-министр.

Тарифті өсіру бастамасын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев те көтерген. Ол елдегі энергетика станцияларының 60%-ы күйреу жағдайында тұрғанын айтып, оларды жаңартып, жаңа станция салу үшін энергетика үшін тариф қымбаттауы керек деп мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз