Дүние жүзіндегі алтын қоры бойынша Қазақстан 18-ші орынға тұрақтады

Жарияланды
Дүние жүзіндегі алтын қоры бойынша Қазақстан 18-ші орында / Shutterstock

Дүниежүзілік алтын кеңесі 2023 жылдың 4-тоқсанындағы есебін жариялады. Қазақстан 294,24 тонна қорымен әлемде 18-ші орынды иеленді.

Айта кететіні, осы кезеңде Қазақстан алтын-валюта резервтеріндегі бағалы метал үлесін азайту стратегиясын ұстанып келеді. Соған қарамастан әлемде ең көп алтын сатушы (-15,14 тонна) ел атанды.

Жалпы әлем елдері қандай мақсатпен бағалы металл қорын сақтайды?

Біріншіден, ол қаржылық тұрақсыздық жағдайында елдің экономикалық тұрақтылығына сенімді арттырады. Сондай-ақ тұрақты және сенімді құрал қызметін атқарады.

Сонымен қатар алтын стандарты маңыздылығының төмендегеніне қарамастан, кейбір елдер әлі де аталған металды қаржы тұрақтылығын сақтау үшін қажет деп санайды.

Бұған қоса бұл бағалы металл жалпы портфелді әртараптандыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта барлық өндірілген алтынның бестен бір бөлігі Орталық банктерге тиесілі.

АҚШ елдегі 12 Федералдық резервтік банкте сақталған 8 133 тонна алтын қорымен әлемде көш бастап тұр. Екінші орында 3335 тоннамен Германия орныққан.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың 31 мамырында Қазақстанның Ұлттық банкі халыққа арналған тазартылған, құймаларды сату және сатып алуға бағытталған бағдарламаны іске қосқан еді. Мұның басты артықшылығы сол — құймаларды сатып алу қандай оңай болса, сату да сондай жеңіл. Ол үшін бағдарлама қатысушы болатын екінші деңгейлі банктер халыққа алтын сатып қана қоймай, олардан сатып алумен де айналысады.

Құймаларды банктен, биржадан сатып алуға болады. Ең кем дегенде 1 грамм алуға рұқсат. Ал сатып алу мен сату арасындағы айырма шамамен 5-10 пайыз. Сатып алу процедурасының ішіне құйманы өлшеу және сертификатты рәсімдеу кіреді. Ұзақ мерзімге инвестиция жасағысы келгендерге осы әдіс дұрыс. Бастысы, оларды сақтайтын сенімді жер болса болғаны. Сарапшылар оны ұзақ мерзімді инвестор болғысы келетіндерге таптырмас әдіс деп санайды.

Былтыр геосаяси шиеленістің күшеюі аясында алтын бағасы тарихи максимумға жетті.

2023 жылдың қазан айында алтын шамамен 16%-ға қымбаттады. Бұл өсім бастапқыда Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыстың басталуынан туындаған.

Онын бағасы соңғы рет 2020 жылдың тамыз айында бір унция үшін 2075,47 доллар болды. Содан бір апта бұрын ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл Орталық банктің пайыздық мөлшерлемесі «шектеулі аумақтан тыс» деп мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз