Бизнеске көрсетілген мемлекеттік қолдау көптеген «зомби» компаниялардың пайда болуына әкелді – Мәулен Әшімбаев

Жарияланды
аккредитациялау
Фото: senate.parlam.kz

Сенат кулуарында Мәулен Әшімбаев Дүниежүзілік банктің Қазақстан экономикасына қатысты зерттеуі туралы ойын ортаға салды.

«Өте қызықты зерттеу, бірақ мұнда стандартты нәрселер көп. Біздің экономикамызды, соның ішінде бизнестің жай-күйін терең талдайтын бөлімдер бар. Олар біздің бизнес пен экономиканың бірнеше мәселелерін атап көрсетті», – деді Сенат төрағасы.

Осы тұста ол 2012-2022 жылдар аралығындағы 10 жыл ішінде өндіріс төмен болғанына қатысты пікірімен бөлісті. Оның ойынша, осы кезеңде экономикада өнімділік нөлдік деңгейде болды. Зерттеуде тиісті сандар сонда келтірілген. Сенат төрағасы Үкімет бұл деректерді зерделеуі керек деп есептейді.

«Екінші мәселе, соңғы 10 жылдағы күрделі салымдар туралы. Негізгі капиталға салымдар азайғаны туралы талдау бар. ЖІӨ-ге қатысты күрделі салымдар 26%-дан 23%-ға дейін төмендеді. Яғни, бизнес, оның ішінде мемлекет қатысатын ірі кәсіпорындарымыз күрделі салымдар салмаса, онда қандай сапалы даму туралы айтуға болады?», – деп сұрады Әшімбаев.

Бұл ретте ол мемлекеттік қолдау салдарынан «зомби» компаниялар ашылғанын айтады.

«Бір жағынан ауқымды, бірақ екінші жағынан икемсіз мемлекеттік қолдау, оның ішінде «Даму» ауыл шаруашылығы қоры арқылы мұндай қолдау көптеген «зомби» компанияларының пайда болуына әкелді. Яғни, олар «зомби» сияқты өмір сүріп, мемлекеттің арқасында жұмыс істейді. Бірақ дамымайды, алға жылжымайды. Яғни, бүгінде біздің бизнес – сол қалпында тұрған, бірақ дамымай отырған компаниялардан тұрады», – деді Сенат спикері.

Әшімбаевтың ойынша, мемлекеттік қолдау өсім мен өнімділікті арттыруға, инновациялық технологияларды енгізуге, дамуындағы келесі циклге ұмтылған компанияларды қолдауға бағытталуы керек. Олай болмаған жағдайда, бюджеттік тендерлерде отырған компаниялар қандай да бір субсидия алады. Бұл жаңа компаниялардың пайда болуына мүмкіндік бермейді.

«Сондықтан, әріптестер, біз зерттеудің бұл түрін қарастырып, белгілі бір бөлігін сарапқа алуымыз керек. Мемлекеттік қолдау анағұрлым икемді, тиімді болуы керек. Кәсіпкерлікті қолдаудың кейбір тетіктерін, соның ішінде «Даму» қоры арқылы және басқаларын қайта конфигурациялау қажет сияқты. Тек бюджет есебінен ғана өмір сүретін тиімсіз кәсіпорындардың санын сақтау мүмкін емес. Өйткені банкроттық та экономиканы тазартудың және жаңа компаниялардың пайда болуының тетігі. Бұдан да қорықпау керек. Банкроттық – қалыпты нарықтық экономиканың толық органикалық элементі. Әрине, егер біз арықтық экономика құрғымыз келсе», – деп қорытындылады Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ оқыңыз