Қазақстандағы электрондық сауда нарығының 50%-дан астам үлесін «Kaspi» мен «Wildberries» алып отыр

Жарияланды (жаңартылды )
БҚДА: Электрондық сауда алаңдары нарығы тиісті деңгейде дамымаған / Shutterstock

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі электрондық сауда алаңдары нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізді.

Географиялық шекаралары – Қазақстан Республикасының аумағы болып белгіленді.

Электрондық сауда алаңдарының қызметі «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңмен (бұдан әрі – Заң) реттеледі.

Заңның 1-бабының 58-тармақшасына сәйкес Электрондық алаң – бұл саудаға қатысушыларды инфрақұрылыммен, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, олардың арасында жұмыстар мен қызметтер көрсетуге арналған шарттар жасасуды қамтамасыз ететін интернет-ресурс.

«Тексеріс нәтижесіне сәйкес зерттелетін қызметтер нарығы дамымаған әрі бәсекелестікпен жоғары шоғырланған», – деп хабарлады Агенттік.

Нарық субъектілерінің құрамына Қазақстан Республикасында орналасқан бөлшек саудагерлерге ақылы қызмет көрсететін 9 электрондық алаң кірді.

1) «Kaspi Магазин» ЖШС;

2) «Halyk Finservice» ЖШС (Halyk Market);

3) «Интернет Решения» ЖШҚ (Ozon);

4) «INDEX» ЖШС (Forte Market);

5) «Jusan Mart» ЖШС (Jusan Market);

6) «Купишуз» ЖШҚ (Lamoda);

7) «ИМВБКЗ (Wildberries)» ЖШС;

8) «Amazon»;

9) «AliExpress».

«Талдау қорытындысы бойынша 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында «Каспи Магазин» ЖШС және «Wildberries» (ИМВБКЗ ЖШС) жиынтық үлесі бойынша 50%-дан астам үстем жағдайға ие екені анықталды», – деп хабарлады Бәсекелестікті қорғау және дамыту

Еске сала кетсек, Pinduoduo базардағы саудаға қалай әсер етіп жатқаны сөз болды. Бұл сұраққа Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жауап берді.

Министр электронды саудагерлерді базардан ығыстырып жатқанын айтты.

«Жыл сайынғы тенденцияны бақылап отырмыз. Кейінгі 2-3 жылда бөлшек саудадағы электронды алыс-берістің үлесі 15%-дан астам деңгейге артты. Қазір бөлшек сауда нарығында, 1,5 млн адам жұмыс істеп жүр. Сіз айтып отырған тенденция осы күйінде жалғасса, жыл сайын базарда жұмыс істейтін адамдардың бестен бірі электронды қызметке ауысуы керек. Осындай талдау арқылы есептесек, 2027 жылға қарай базардағы 700 мыңдай адамға электронды саудаға бейімделу керек болады. Базарда сауда-саттықпен айналысатын адамдардың барлығы қарапайым саудагерлер. Біз қазірден бастап оларға электронды саудаға бейімделу қажет екенін айтып жүрміз», –  деді Арман Шаққалиев.

Бұған дейін «Онлайн сауда-саттық: Қазақстанның бұл саладағы жетістігі мен кемшілігі қандай?» деген сұраққа жауап іздеген болатынбыз. Мақалада еліміздегі белсенді онлайн-сатып алушылар саны 4,9 млн адамға жеткені жарияланған.

«Орталық Азия нарығы әлемдегі ең жедел өсіп келе жатқан нарық болып саналады. Өсім қарқыны мен сатып алу қабілетінің әлеуеті алдағы үш жыл ішінде ірі инвесторлар мен трансшекаралық компаниялардың назарын аударып, олардың инфрақұрылымға инвестиция салуына жол ашады», – деген еді CDEK Central Asia басшысы Петр Попов.

Сондай-ақ оқыңыз