Сенатта депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын талқылады. Заңға сәйкес кәсіпкерлерге 10 сала бойынша мемлекеттік бақылау күшейеді.
Сенатор Ләззат Рысбекова заңның бизнесті жазалаудан гөрі қылмыстың алдын алуды көздейтін айтты. Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды оаңтайландыратын бұл заң негізінде құрылыс пен өнәркәсіптік қауіпсіздік сынды маңызды салалар мемлекет қадағалауына алынбақ.
«Біріншіден, салалық заңдар жедел әрекет ету шараларын қолданудың шарттары мен тәртібін белгілейді. Бұл жаңалық мемлекеттік органдарға он әлеуметтік маңызды салада қауіпті салдарлар мен қатерлердің туындауын болдырмауға заңнамалық тұрғыдан әрекет етуге мүмкіндік береді. Олардың ішінде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі, өнеркәсіптік қауіпсіздік, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және т.б. бар. Екіншіден, салалық заңдар мемлекеттік органдарға бақылауды жүзеге асыру тәртібін он бағыт бойынша реттейді. Үшіншіден, Кәсіпкерлік кодексте белгіленген бақылауды жүргізудің жалпы тәртібінен босатылған жеті салада мемлекеттік бақылауды жүргізу тәртібі белгіленген»- дейді сенатор.
Яғни заң күшіне енсе, бақылау және қадағалау органдарына жаңа құзырет беріледі. Олар сол құзыреті шеңберінде бизнес субъектісін алдын ала хабардар етпестен, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығын қорғауды қозғайтын салаларда құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша шұғыл шаралар қабылдай алады. Оның ішінде қарудың, есірткінің, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымы, балаларға тыйым салынған ақпараттық өнімдерді тарату, сауда базарларында ветеринариялық-санитариялық бақылауды жүзеге асыру сынды халықтың қауіпсіздігіне қатысты маңызды бағыттар бар.
Осы орайда депутат Бекбол Орынбасаров бұл заң негізінде бизнесті орынсыз тексеруге жол ашулуы мүмкін екенін алға тартты.
«Заң бизнеске түсетін жүктемені жеңілдетуге және іскерлік белсенділікті дамытуға бағытталған деп отырмыз. Бірақ сарапшылардың мәліметтеріне сүйенсек, жалпы мемлекеттік аппараттың құзыретінде бизнесті тергеп-тексеруге бағытталған 600-ден астам фнкциялар бар екен. Мемлекет бір қолымен түрлі жеңлдіктер жасап, субсидия беріп, қолдау көрсетіп отырса. Екінші жағынан шамадан тыс тергеп-тексеру нәтижесінде олардың емін-еркін дамуына кедергі келтіріп отыр десем, артық айтпаймын. Бізге бизнес өкілдерінің «жоқтан – бар шығарып тексеріп келеді» деген арыз-шағымдары жиі түседі. Кейбір салаларда тексеру нақты регламенттелмегендіктен, қолдан арыз-шағымдар ұйымдастырып, әртүрлі амалдармен бұрмалау фактілері кездесітінін ашық айту керек. Жалпы, елімізде барлық тергеп-тексеру функцияларына талдау жүргізілген бе? Осы заңда бұл бағытты цифрландыру көзделген бе?» деп сұрады.
Бақылау тетіктері толық автоматтандырылады
Депутат сауалына Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов жауап берді. Ол 2018 жылы бизнестегі мемлекеттік бақылауды азайту жөнінде арнайы заң қабылданғанын, сол кезде бақылау 30 пайызға қысқарғанын айтты. Ал жаңа заң негізінде бақылау күшейгенімен бизнесті орынсыз тексерулер азаятынын айтты.
«Біз бұл заңда 4 сала бойынша бақылауды алып тастағалы жатырмыз. Өткен жылы мемлекеттік аппарат тәуекелдерді бақылауды автоматтандыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізді. Бұл жүйе тұтынушыларға, халыққа, экологияға, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға қауіп төндіруі мүмкін субъектілерді анықтауға негізделген. Яғни заңға сәйкес, осындай субъектілер ғана қадағаланады. Ал заңды бұзбайтын кәсіпкерлердің бизнесіне кедергі келтірілмейді. Жүйе жұмысы толық жолға қойылған. Заң қабылдана сала осы жүйені іске қосуды жоспарлап отырмыз. Автоматтандыру негізінде бақылау шаралары 2 есе қысқарады. Біз осыған дейін бір жылда 125 мың тексеру жүргізіп келген болсақ, жүйе іске қосылған соң тексерулер саны 45-50 мыңға дейін қысқарады»,- деді Жақсылықов.
Сонымен бірге депутаттар өнімдердің шекті бағасына мемлекеттің қадағалауды қалай жүзеге асыратынын сұрады. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев сауда бағасын арттырғандарға әкімшілік жаза қолданылатынын, солайша бағаларды қадағалауп отыруға болатынын айтты.
«Біз заңға сәйкес өнім бағасын арттырған бизнес иелеріне қатысты әкімшілік жазаны қатайтамыз. Олар заң бұзушылыққа жол берсе, 5-150 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін. Заң бойынша, бағаны орынсыз көтерген жағдайда шағын бизнес өкілдеріне 5 АЕК, орта кәсіпкерлікке – 35 АЕК, үлкен бизнеспен айналысатындарға 150 АЕК көлемінде айыппұл көзделген»,- деді вице-министр.
Сонымен бірге Төребаев министрлікке алдын-ала ескертпестен, кәсіпкерлік субъектіге тексеріс жүргізу құзыреті берілетінін және жұмысты жеңілдету үшін тауарды бақылаудың Ұлттық жүйесі іске қосылатынын айтты.
Сенат кулуарында журналистер Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықовтан «бұл құзыреттілігі аясында мемлекеттік органдардың бизнесті бақылаудағы үлесі шектен тыс артып, тексерулер саны көбейіп кетпей ме?» деп сұрады. Вице-министр бизнеске ешкім тексеріс жасап бармайтынын, автоматтандырылған жүйе негізінде қай салада олқылықтар бар екенін жүйенің өзі анықтап беретінін айтты.
«Бұл шара тексерулер санына еш әсер етпейді. Бұл үлкен деректер негізінде, цифрлық талдау жүргізілген соң ғана жүзеге асырылады. ЦДИАӨМ фискалдық органдармен бірігіп, бұл салада ауқымды цифрландыру жұмыстарын жүргізді. Яғни жүйе негізінде чектер, шот-фактураларға талдау жүргізіледі. Солардың негізінде сауда субъектілерінің қайсысы тауар таңбасын теріс пайдаланғаны белгілі болады. Мұның барлығын бұрынғыдай ешкім барып, тексеріп отырмайды. Барлық ақпарат автоматты түрде жиналып, автоматты түрде талданады», – деп жауап берді министрлік өкілі.