Жаңалықтар

БҰҰ Газа аймағындағы азық-түлік бағдарламасын тоқтатты

БҰҰ Газа аймағындағы азық-түлік бағдарламасын тоқтатты / REUTERS/Ibraheem Abu Mustafa

Біріккен Ұлттар Ұйымының дүниежүзілік бағдарламасы Газа аймағында зардап шеккендерге азық-түлік таратуды тоқтатты. Бұл туралы бағдарлама басшысы Синди Маккейн хабарлады.

Euronews хабарлауынша, шешімнің қабылдануына сектор тұрғындарының бағдарлама қызметкерлеріне шабуылдауы, қарақшылықтың жиілеуі себеп болған.

Жексенбі күні босқындарға азық-түлік таратуға келе жатқан жүк көліктерін Вади-Газа кеден бекетінде бір топ аш адам қоршап алып, жүкті тонауға талпынған. Олар оқ атқан. Дүйсенбі күні жүк көліктерінің тағы бір көшін жолда тоқтатып, тонап кеткен. Жүргізушілердің бірі зардап шеккен. Жоба мәлімдемесінде азық-түлік үлестіріп жатқан уақытта да адамдар жиі төбелесетіні жазылған.

Соған байланысты БҰҰ дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы аймаққа азық-түлік жеткізуді уақытша тоқтата тұру жөнінде шешім қабылдаған. Бағдарлама гуманитарлық көмек берудің басқа да жолдарын қарастыруға тырыспақ.

БҰҰ бағдарламасы Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауларында 1,4 миллионға жуық палестиналыққа гуманитарлық көмек беріп отырған еді.

Еске сала кетейік, 7 қазан күні Газа аумағында билік құрып келе жатқан «Хамас» ұйымы Израильге шабуыл жасады. Кейіннен Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады.  

7 қарашада Антониу Гутерриш Газадағы жағдайды «адамгершілік қағидаларының дағдарысы» деп бағалап, қарулы қақтығыстың жалғасуы жазықсыз адамдардың өмірін жалмап жатқанын айтқан. БҰҰ хабарлауынша, Газа аймағында 10 000-ға жуық адам қайтыс болған.

Осыған дейін АҚШ пен Ұлыбритания Йемендегі хусит әскери нысандарына шабуыл жасағаннан кейін, мұнай бағасы 2%-ға өскенін жазған едік. Осыған дейін Йемендегі хуситтер Иран көмегімен Қызыл теңізде кеме қатынасына бөгет болып шабуыл жасап келген.

12 қаңтарда АҚШ пен Ұлыбритания бірігіп, Йемен хуситтерінің әскери нысандарына соққы жасаған.

«АҚШ пен Ұлыбритания қозғалыстың Қызыл теңіздегі кемелерге шабуылына жауап ретінде Йемендегі хуситтердің әскери нысандарына әуеден және теңізден соққы берді»,  – делінген басылымда.