Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион бұзылып, орнына жаңа стадион салынады

Жарияланды
Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион бұзылып, орнына жаңа стадион салынады / wikimedia commons

Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионды бұзып, оның орнына жаңа, жабық үлгідегі стадион салу туралы шешім қабылданды.

Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, қазіргі стадион құлау алдында тұр. Осыған байланысты стадионда жөндеу жұмыстарын жүргізудің орнына оны толықтай бұзып, жаңа стадион салу жоспарланған.

Жаңа стадионның жобасы UEFA стандарттарының 3 санатына сәйкес, ауданы 7140 шаршы метр, көлемі 105 метрден 68 метрге дейінгі ойын алаңы бар 4500 орындық жоспарланған.

Қазіргі уақытта эскиздік жоба әзірленуде. Стадионның эскиздік жобасы келісілгеннен кейін мемлекеттік сараптама порталына жүктеледі. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін, ғимараттың құрылысы бойынша жұмыстар басталады.

Астанадағы құрылыс мәселелері

Айта кетейік, елордада осыған дейін мемлекет қолдауының арқасында құрылысы ұзаққа созылған 140-тан астам тұрғын үй кешені аяқталған. Осылайша 15,5 мыңға жуық үлескер отбасының проблемасы шешілген.

«Биылға құрылысы ұзаққа созылған 10 үй қалады. Оларды осы жылдың 1-2 тоқсанында аяқтаймыз. Әрбір нысан бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының бақылауында»,– деді Қасымбек.

2023 жылдың басындағы мәліметтер бойынша қала аумағында рұқсат құжаттары жоқ 90 нысанның құрылысы жүргізілген. Оның ішінде 44 компания құрылысқа қажетті барлық рұқсат құжаттарын алды.

Бүгінгі таңда 90 нысанның 44-і құрылыс салуға қажетті барлық рұқсат құжатын алды. Олардың қатарында Nagoya ЖШС, Tuman Group компаниялар тобы, GALAMAT компаниялар тобы, G-Park құрылыс компаниясы, Granite ЖШС бар.

Айта кету керек, 2023 жылы Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы қаланың Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұруға және бұзуға 63 талап арыз жолдаған, оның ішінде:

  • 13 талап арыз сотта қаралуда;
  • 50 талап қою талаптарын қанағаттандыру туралы шешім шығарылды;
  • соттардың 8 шешімі заңды күшіне енген жоқ;
  • 42 сот шешімі Астана қаласының Әділет департаментінде орындауда.

Көппәтерлі тұрғын үй рұқсат құжатсыз салынып жатқаны анықталса, ол өз бетінше бой көтерген құрылыс деп танылып бұзылады.

Сондай-ақ қалада «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңының талаптарын сақтау бойынша бірқатар түйткілді мәселе бар. Үлескерден ақша тартуға құқығы жоқ құрылыс компанияларының «қара тізімі» ресми сайттарда жарияланып тұрады. 

Құрылыс компаниялары үлескерлердің қаражатын мынадай жағдайларда ғана қабылдай алады:

  • Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу;
  • Екінші деңгейлі банктің жобасына қатысу;
  • Тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) қаңқасы салынғаннан кейін, үлескерлердің ақшасын тарту. 
Сондай-ақ оқыңыз